«Ұлттық мереке - Республика күніне» тарту ретінде бүгін Жалағаш ауданының Таң ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды.
Игі шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов және түрлі сала ардагерлері қатысып, аудан жұртшылығын ұлық мерекемен құттықтады.
«Жалағаш ауданындағы іргелі елді мекен - Таң ауылы тұрғындарының көптен күткен көкейтесті мәселелерінің бірі шешімін тауып, жаңа медициналық нысан пайдалануға берілуде.
Жаңа емдеу орнында әрбір дәрігер елге адал қызмет етіп, науқастың дертіне дауа, көңілге рауан беріп, денсаулығын жақсартуға атсалысады деп сенемін. Егемен еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігі нық болсын! Мереке құтты болсын», - деді Н.Нәлібаев құттықтау сөзінде.
Ауыл халқының игілігіне қызмет ететін мециналық нысан «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы арқылы 140 млн.теңге қаржыға салынды.
Қазіргі таңда сол жағалаудың бойынан 2,7 млрд. теңгеге Қан орталығының құрылысы жүріп жатса, денсаулық сақтау саласында 2 жыл ішінде 27 жаңа нысан халық игілігіне беріледі. Орталық атқарушы органдармен бірге жасалған орнықты жұмыстардың нәтижесінде 36,4 млрд. теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана тұрғындардың игілігіне қызмет ететін болады.