• 25/09/2022

Әлем — ортақ

Батыс Қазақстанда «Ауыл әйелдерінің» форумы өтті

Автор:Greenworld.kz

Июл 18, 2022

Ауыл – ел дамуының алғышарты. Қазақ үшін ел іші қандай ерекше болса, оның тірлігіне төселген ана бейнесі де соншалықты ардақты. «Жаңа Қазақстан» құруда еліміз аталған «Қос ардақтысын» айрықша назарға алды.

   Батыс Қазақстанда өткен «Ауыл әйелдерінің» форумы осы сөзімізге айқын дәлел.  2022 жылдың 15 шілдеде Қазақстанның батыс облыстарының «Ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту тәсілдерін іздеу және іске асыру» тақырыбында өңірлік форум болып өтті. Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының бастамасымен, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Coca-cola»  халықаралық қайырымдылық қорының қолдауымен ZOOM платформасында ұйымдастырылған аталған жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, батыс өңіріндегі облыстардың басшылығы, халықаралық ұйымдар мен қоғам белсенділері және ауыл әйелдері қатысты. Форум аясында ауылдық жерлерді тұрақты дамыту, ауылдағы әйелдердің ел экономикасындағы сүбелі үлесі, олардың дамуына жағдай жасау, экономикалық белсенділіктерін арттыру, ауылдық жерлердегі жұмыспен қамту мәселесін шешу, әйелдердің өз ісін бастауға жаңа мүмкіндіктер ашу сияқты маңызды тақырыптар көтерілді.

 Он жылдан бері елде  жүзеге асырылып келе жатқан «Coca-cola белестері» әлеуметтік жобасы ауыл әйелдерінің басын  қосатын  форум алаңына айналды. Жобаны іске асыру барысында «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» мен «Әлеуметтік динамика» қоры 2013-2021 аралығында 500-ден аса тренингтер өткізіп, 50 мыңнан аса ауыл әйелдерін оқытқан. Сонымен қоса, 97 кәсіпкер-әйел арнайы грантқа ие болып, олардың жүргізіп отырған кәсібінің арқасында жаңа 300 жұмыс орны ашылған.

     Айта кетейік, батыстағы халық санының 44 пайызы ауылда тұрады және оның 51 пайызы әйелдер. Дәлірек айтар болсақ, Батыстың елді-мекендеріндегі әйел саны 652 800 құрайды. Осы форумда әйелдердің қаншасы қоғамдық іске тартылып, қаншасы бизнесте жүргендігі безбенделді. Мұнайлы өлкедегі жұмыссыз әйелдер саны да аталған маңызды жиында айтылды.

Алқалы жиында алғашқы болып сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің ІV, V, VI шақырылымдарының депутаты Майра Арапқызы Айсина  бес жыл ішінде ауыл әйелдерінің форумы ортақ мақсат, ортақ мұңы бар үлкен қауымдастыққа айналғандығын атап, мемлекет тарапынан әйелдерге арналған жаңа қолдау тетіктерінің пайда болуына өз септігін тигізіп келе жатқандығын тілге тиек етті. Халық қалаулысы келтірген статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әсіресе Маңғыстау облысы бойынша жұмысқа тартылмаған әйелдердің саны басым. Оның олай болатындығының да себебі бар. Өйткені, жалпы батыстағы төрт аймақ бойынша ауылда тұратын нәзік жандылардың қатары  алты жүз мыңнан асатын болса, соның 372 мыңға жуығы Маңғыстау өңірінен.

      ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Сәуле Сүндетпайқызы Молдабаева ел ішінде әлі де болса «бұл ердің жұмысы, мынау әйелдің жұмысы» деген стереотиптің сақталғандығын сынға алды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл түйіткілдерді шешіп, әйелдер қауымын жұмысқа, бизнеске тарту бағытында бірқатар нақты бастамаларды қолға алған. Атап айтар болсақ, 7 экожүйе құру бағытында 559 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Алдағы бес жылдық аясында бұл жобалар еліміз бойынша 100 мың тұрақты жұмыс орнын ашып, 400 мың адамды маусымдық еңбекпен қамтамасыз ететін болады. Әрі оның 60 пайызы нақты осы ауыл әйелдерінің жұмыспен қамтылуына бағытталмақ.  

   Бүгінгі таңда бір ғана Батыс Қазақстан облысында 119 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Олардың 30%, немесе 33 мыңға жуығына әйелдер басшылық етеді. 21 836 әйел жеке кәсіпкерлікпен айналысса,  9471 әйел шағын және орта бизнесте, 1607 әйел шаруа қожалығында жұмыс істейді. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 25,5% әйелдер. «Бастау Бизнес» бағдарламасымен 1653 адам өткен болса, олардың 806 әйел адам.

Батыстағы төрт аймақтың басын қосып, ауыл және онда тұратын әйелдерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған аймақ аралық алқалы жиында ауылда тұратын аналардың, қыз-келіншектердің көкейлерінде жүрген мәселелері тыңдалып, оларды шешу бағытында нақты қандай жұмыстар жүргізілетіндігі айқындалды. Ауыл әйелдерінің айтары бар. Олар да қоғам дамуынан қалыс қалғысы жоқ. Олардың арасында да өз бақтарын бизнесте, құрылыста және тағы басқа салаларда сынап көргісі келетіндер көп. Тек қолдау қажет.

«Он жылдан бері ауыл әйелдерімен  тығыз жұмыс жүргізіп, олардың қажеттіліктерін білгеннен кейін біз орыс және қазақ тілдерінде сұранысы басым 17 бизнес бағыт бойынша видео сабақтар әзірлеп, farmerschool.kz тегін оқыту порталын құрған болатынбыз. 2020 жылдың басынан бері бұл порталда 5.500ден аса ауыл әйелдері кәсіби біліктілігін арттырды. Былтыр farmerschool.kz порталы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің skills.enbek.kz платформасына интеграцияланды. Биыл «Coca-cola белестері» байқауы аясында 20 ауыл әйеліне өз ісін ашуға грант берілетін болады. Ауыл әйелдерімен жүйелі жұмыс өз жалғасын табады»,-деді өз баяндамасында Асхат Сүлейменов, «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global дамыту» коалициясының атқарушы директоры.

     «Ауыл әйелдері» форумы ауыл әйелдерінің бүгіні мен ертеңіне қатысты мәселелерді анықтап, межелі мақсаттарды бағындыруды көздеген ұжымның басын қосқан орта болып табылады.

      Батыс аймаққа тиесілі Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан өңірінде өткен форум да өз кезегінде бірқатар өзекті мәселені анықтауға мүмкіндік берді.

     Анықтама:

Ауыл әйелдерінің форумы  2018 жылы бастау алған болатын. Осы төрт жыл ішінде  түрлі деңгейде өткен форум 7200 қатысушыны қамтып, ауыл әйелдерінің кәсіпкерлікке келуі, оны іске асыруы, қиындықты жеңіп, табысқа қолжеткізуі бағытында өткізілген семинар-тренингте 100-ге жуық тақырып қамтылды. Оған 326  селолық аудандардан  400-ден аса сарапшы тартылды. Қазақстанның бүкіл өңірлерін қамтып отырған ауыл әйелдерінің форумы ортақ мақсат, ортақ мұңы бар үлкен тұрақты қауымдастыққа айналды, мемлекет тарапынан әйелдерге арналған жаңа қолдау тетіктерінің пайда болуына өз септігін тигізіп келеді.

2022 жылы ауылды жерде тұратын 15 000 әйел кәсіпкерлік бағытында оқудан өтетін болады. Облыстық форумдардың қорытындысы бойынша Ауыл әйелдерінің V Республикалық форумы биылғы қараша айына жоспарлануда.

3404

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.