• 26/03/2023

Әлем — ортақ

«Айбоз» ұлттық тұңғыш әдеби сыйлығына байқау жарияланды

Автор:Greenworld.kz

Июн 16, 2022

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Айбоз» ұлттық тұңғыш әдеби сыйлығына байқау жариялады. «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Үздік кітап дизайны» номинациялары бойынша жеңімпаз атанғандар 5 миллион теңгеден ақшалай сыйлық алады. Конкурс нәтижесінен соң олардың еңбектері 500 данамен жарық көреді.

Бүгін ұлттық әдеби сыйлықтың тұсаукесері зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың қатысуымен өтті. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бұл жобаның міндеті – әдебиетшілерді қолдау ғана емес, сонымен қатар жазушылық өнердің айрықша әлеуметтік маңыздылығын қоғамға көрсету екенін атап өтті.

«Басты мақсатымыз – төл әдебиетімізді тың дүниелермен толықтырып, оны жаңаша биікке көтеру, сондай-ақ, ұлтымыздың әдеби мұрасын молайтып, отандық әдебиетке жаңа серпін беру. Бұл сыйлықтың тағы бір ерекшелігі – үздік деп танылған шығармалар басып шығарылып, кітапханаларға таратылады. Қатысушылардың жасына, еңбек жанрына, жазу тіліне шектеу жоқ. Ең бастысы – шығарма мазмұнды, өзекті болуға тиіс. Қысқа болғанымен елдің есінде қалып, жұртшылықтың аузынан түспейтіндей туынды жазса, бәйге соған бұйырады. Бұл-отандық кітап шығару ісі мен әдебиетті қолдау бағытында жүзеге асырып жатқан іс-шаралардың бірі ғана. Ел Президенті белгілеп бергендей, біздің түпкі мақсатымыз – оқитын ұлт қалыптастыру. Ол үшін біз «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясын қоса алғанда, жас авторларды қолдаудың жаңашыл тетіктерін құрып, мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтып жатырмыз. Гранттар мен сыйлықтар жариялап, кітап жәрмеңкелерін өткізіп келеміз. Болашақта проза, поэзия және драматургиядағы ең мықты жас таланттарды қолдау және табиғи қабілетін шыңдауға арналған «әдеби зертхана» ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, байқауға отандық жазушылар қатыса алады. Өтінімдерді мына электронды мекенжайға 2022 жылғы 15 маусымнан 1 қазанға дейін жіберу қажет: aiboz@kitap-palatasy.kz

«АЙБОЗ»

ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ

ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ

                                             І — бөлім

Ұлттық сыйлықты ұйымдастыру

1.1. Ұлттық сыйлықтың мақсаты

Қаламгерлерге  және баспагерлерге жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету – уақыт талабы. Қазақ әдебиетінің тұғырын нықтап, өз биігіне қайта көтерілуіне ықпал ету қажет. «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын (әрі қарай – Ұлттық сыйлық) ұйымдастырудағы негізгі мақсат – осы. Қаламгерлердің еңбегін насихаттау, бағыт беру және олардың шығармашылық жұмыстарының жарық көруіне материалдық қолғабыс тигізу мақсатында ұйымдастырылып отырған ұлттық сыйлыққа қалам ұстаған әрбір қазақстандық қатыса алады.

1.2. Қатысушыларға қойылатын шарттар

Ұлттық сыйлыққа қатысу үшін автор мен шығарма төмендегі шарттарға сәйкес болуы тиіс:

— жас шектеуі қойылмайды;

— ұлттық сыйлыққа жіберілетін шығармалардың бұрын-соңды еш жерде жарияланбағаны қадағаланады;

— жіберілген шығармалардың мазмұнына баса мән беріледі;

— тақырыптардың өзектілігі басты назарға алынады;

— ұлттық сыйлық жарияланған күннен бастап шығармалар қабылданады;

— қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін келіп түскен шығармалар ұлттық сыйлыққа қатысушы ретінде тіркелмейді;

— қатысушы шығармасымен бірге өзі туралы ақпарат (1 беттен аспауы тиіс) және суретін (сапалы) қоса жіберуі тиіс;

— шығармалар Word  бағдарламасында (14 кегль, Times New Roman) жазылуы тиіс;

— авторлар осы шарттарды түгел орындаған кезде ғана қатысушы ретінде тіркеледі.

1.2.1. «Үздік кітап дизайны» номинациясы бойынша қатысушыларға қойылатын талаптар

— баспа мекемелері ұлттық сыйлыққа қатысу үшін ұсынылатын кітаптың 4 данасын ұйымдастыршы тарапқа жеткізіп беруі тиіс;

— ұлттық сыйлықта кітаптардың дизайнының ұтымдылығына, көркем безендірілуіне және иллюстрациялардың ерекшелігіне назар аударылады.

ІІ – бөлім

Ұлттық сыйлықты өткізу

Ұлттық сыйлыққа материал қабылдау 15 маусымнан басталады. 1 қазан күні шығармаларды қабылдау тоқтатылады.  Қараша айының соңында жеңімпаздар анықталып, Тәуелсіздік күні қарсаңында марапатталады.

2.1. Ұлттық сыйлық жеңімпаздарының қорытындысын шығару

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы ұлттық сыйлыққа қатысушылардың еңбектерін толық жинақтап, қабылданған шығармаларды жазушылардан, ғалымдардан, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасына береді. Олар сараптап, жүлдегерлерді анықтайды. Жүлдегерлер тізімі   Мәдениет және  спорт министрлігінің,  Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің және ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ресми сайтында жарияланады.

2.2. Қазылар алқасы және бағалау критерийлері

Ұлттық сыйлыққа төрелік етуге номинациялар бойынша: ақындар, жазушылар, аудармашылар, драматургтер, баспагерлер шақырылады. Ұлттық сыйлық әділдігін сақтау үшін қазылар алқасы туралы ақпарат ұлттық сыйлық қорытындысы шыққанша таратылмайды.

Қазылар алқасының мүшелері шығармаларды келесі критерийлер бойынша бағалайды:

  • Көркемдік деңгейі;
  • Тіл тазалығы;
  • Сөздік қорының байлығы;
  • Стиль қалыптастыру;
  • Тақырып өзектілігі;
  • Мазмұн тереңдігі.

Баспа мекемелері ұсынған кітаптар келесі критерий бойынша бағаланады:

  • Дизайн ерекшелігі;
  • Иллюстрациялық ерекшеліктер;
  • Көркемдік безендірілуі.

Осы критерийлерге жан-жақты сай келген шығармалар номинациялар бойынша жеңімпаз атанады. Шешім талқыланбайды және қайта қаралмайды. Қазылар алқасының ұйғарымымен жүлдегер атанған шығармалар мен авторлар салтанатты түрде марапатталып, сыйлықтары табыс етіледі.

«АЙБОЗ» ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

«АЙБОЗ» ұлттық әдеби сыйлығы (бұдан әрі – Сыйлық) – мемлекет тарапынан қаламгерлер мен баспагерлерге қолдау көрсету және ынталандыру мақсатымен ұйымдастырылған сыйлық. Сыйлықтың алты номинациясы бойынша барлық қазақстандық авторлар (Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт) қатыса алады. Ал «Үздік кітап дизайны» номинациясына Қазақстан Республикасының территориясында тіркелген баспа мекемелері соңғы үш жылда жарық көрген кітаптарын ұсына алады.

1. Мақсаты. Қаламгерлер мен баспагерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету. Қазақ әдебиетінің тұғырын нықтап, жаңа биіктерге көтерілуіне жағдай жасау. Қаламгерлердің еңбегін насихаттап, бағыт беру және олардың шығармашылық жұмыстарының жарық көруіне ықпал ету.

2. Басты талабы. Ұлттық сыйлыққа ұсынылатын шығармалар заманауи қазақ әдебиетін қалыптастыру идеясына негізделуі, сондай-ақ, қоғам үшін өзекті мәселелерді қамтуға тиіс. Шығармаларға қойылатын техникалық шарттар ұлттық сыйлықтың жалпы ережелерінде көрсетілген.

  1. Номинациялар:

«Үздік проза». Бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, 200 беттен аспайтын шығармалар (роман, повесть, әңгіме, хикаят, әдеби эссе) қабылданады.

Сыйақы мөлшері – 5 000 000 теңге (1 632,3 АЕК)

«Үздік поэзия». Бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, 100 беттен аспайтын шығармалар (поэма, дастан, жыр, өлең, өлеңдер топтамасы) қабылданады.

Сыйақы мөлшері – 5 000 000 теңге (1 632,3 АЕК)

«Үздік драматургия». Бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, 200 беттен аспайтын шығармалар (пьеса) қабылданады.

Сыйақы мөлшері – 5 000 000 теңге (1 632,3 АЕК)

«Үздік әдеби аударма». Бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, 200 беттен аспайтын аударма еңбектері қабылданады.

Ескерту: Аударма еңбектің авторлық құқық иесімен (автормен, автордың заңды мұрагерімен, авторлық құқық иеленуші баспа мекемесімен) келісім-шарттың болуы міндетті.

Сыйақы мөлшері – 5 000 000 теңге (1 632,3 АЕК)

«Балаларға арналған үздік шығарма»

Бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, 200 беттен аспайтын шығармалар (балаларға арналған әдеби еңбектер) қабылданады.

Сыйақы мөлшері – 5 000 000 теңге (1 632,3 АЕК)

«Үздік комикс». Бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, комикс бағытындағы еңбектер қабылданады.

Сыйақы мөлшері – 5 000 000 теңге (1 632,3 АЕК)

«Үздік кітап дизайны». Соңғы 3 (үш) жыл көлемінде Қазақстан Республикасының көлемінде таралыммен басылған кітаптар қабылданады. Сыйлық қорытындысын шығарарда кітаптардың дизайнерлік безендіру ұтымдылығына, иллюстрациялық безендірілуіне баса назар аударылады. Сыйлыққа кітаптың 4 данасы тапсырылуы тиіс.

Сыйақы мөлшері – 5 000 000 теңге (1 632,3 АЕК)

  1. Күтілетін нәтижесі. Сыйлық жеті номинация бойынша беріледі. Ұлттық сыйлық жыл соңында салтанатты түрде қорытындыланады. Сыйлық талаптарында «бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған шығармалар» қабылданатыны туралы шарт болғандықтан, қазақ әдебиетіне 6 жанр бойынша жаңа еңбектер қосылып, баспа ісі саласы бойынша кітаптардың безендірілу жұмыстарына назар аударылады және авторлардың арасында, баспагерлердің арасында салалық бәсекелестік пайда болып, соның нәтижесінде оқырманға өзекті, қызықты әрі заманауи талаптарға сай безендірілген жаңа туындылар жол тартады.
  2. Ұсыну мерзімі мен шарттары: Ұсынылатын еңбектерді 2022 жылғы 15 маусым – 1 қазан аралығында aiboz@kitap-palatasy.kz электронды мекенжайына жіберу қажет.

399

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *