Қызылорда облысында газдандыру бағытында ілкімді істер атқарылуда. Бүгінде Қызылорда, Арал, Байқоңыр қалалары және 17 ауылдық елді мекен газдандыру желісіне қосылған.
2022 жылы 14 газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға 5,8 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде, 4,3 млрд теңгесі республикалық, 542 млн теңгесі облыстық бюджеттен бөлінсе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында – 795,0 млн теңге, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 257,0 млн теңге қаралған.
Жыл басынан бергі 9 айдың қорытындысы бойынша Қазалы қаласы, Шиелі ауданының Алғабас, Ақмая елді мекендерін газдандыру мен Тереңөзек кентіндегі газдандырылмай қалған көшелерге газ құбырын тарту жобалары аяқталып, пайдалануға берілді. Осы жылдың ІІ жартыжылдығынан бастап Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылын, Арал ауданындағы Сексеуіл кентін газдандыру және Шиелі ауданындағы Тартоғай елді мекенінде АГТС орнату жобалары жүзеге асырылуда.
- Барлық аудан орталықтары толықтай газға қосылды. Жыл аяғында 15 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізіп, облыстың газдандыру деңгейін 68%-ға дейін жеткізу жоспарлануда, — деген еді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев БАҚ-қа берген сұхбатында.
Айта кетейік, Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбет елді мекендерінде 2021 жылы басталған газдандыру жобасының құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі жобалардың қатарында.
Облыс әкімінің тапсырмасымен 2022-2025 жылдар аралығында 42 ауылдық елді мекенді газ құбырына қосу жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда. Нәтижесінде орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесіне қосылған ауылдық елді мекендердің үлесі 26 пайызға дейін жоғарылайды.
Аймаққа қарасты ауылдық елді мекендерін газдандыру халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартумен қатар, облыс экономикасына қосымша серпін беретіні анық.
