Шәкәрім атамыз “Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық секілді ақ жүректен шығады” дейді. Біздің қоғамымызда жүректеріне махаббат пен қайырымдылық ұялаған, мұқтаж адамдардың бүкіл тыныс-тіршілігіне шат-шадыман қуаныш, өмір сыйлап жүрген ақ жүректі мейірбандар жоқ емес…Соның бірі әрі бірегейі – «АЯЛА» қайырымдылық қоры.
Олар қызыл-жасыл көз тарта құбылған жалғанда адамдар арасында, мейірімнен қатыгездігі көбірек біздің қоғамның қаһармандары. Олар үзілген үміттерді жалғап, қиын жағдайларда батылдық танытқан, жақсы істердің жаршылары.
Бүгінгі күні игі істердің себепкеріне айналған қордың тарихы — 2007 жылдан басталады. 27-наурыз – «АЯЛАның» туған күні. Қор Қазақстан Республикасында қайырымдылық мәдениетін және дәстүрін дамытып, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік балалар мекемелеріне үздіксіз көмектесіп, жыл сайын ауқымды жобаларымен, бастамаларымен, көмектерімен ел алғысына бөленіп келеді. 15 жыл ішінде балаларға арналған мемлекеттік медициналық және білім беру мекемесінің өтінішін Қазақстанның 67 қаласы мен ауылдық аймағында жүзеге асырған.
Балалар денсаулығы – ұлт саулығы. Ұлттың болашағының жолында ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, сәбилер денсаулығын сақтап қалу үшін қор барын салып келеді. «АЯЛА» қайырымдылық қорының бағытындағы басты акцент – неонатология, яғни сәбилер денсаулығы; Қазақстанда сәбилер өлімі мен мүгедектігін төмендету; ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың коррекциялық дамуына жәрдемдесу;балалар үйлері мен аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға арналған мектеп-интернаттардың жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру.
Қазіргі сәтке дейін, Шеврон компаниясының қолдауымен қор Қазақстан Республикасы бойынша жүздеген мыңдай баланың өмірі сақталып қалды. Балалар ауруханаларына, перинаталдық орталықтарға, перзентханаларға, интернаттар мен балалар үйлеріне жіберілген көмектің жалпы сомасы — 4 миллиард теңгеден астам қаржыны құрады. «Аяла» қоры медициналық және білім беру мақсатында «АЯЛА» Академиясы», «Ерекше балаға – ерекше назар», «Профориентация», «Өмір сыйлайық», «Басқарылатын гипотермия», «Тыныс ал, балақай», т.б. ерекше жобаларды бастап, денсаулық сақтау саласында көсегемізді көгертіп, көкжиегімізді кеңейте түсті.
Ең алғашқы — «Өмір сыйлайық» жобасы — Қазақстан ауруханаларының балалар жан сақтау бөлімшелеріне көмек көрсетуге арналған. 2007 жылы бастау алған жоба бүгінде еліміздің 36 қаласы мен елді мекенін және 67 медициналық мекемесін қамтиды. Демеушілердің көмегімен жиналған қаржы ондаған мың баланың өмірін сақтап қалуға және отандық медицина мамандарының біліктілігін арттыруға арналған курстарға жұмсалып, бұл жоба өз тиімділігін дәлелдеген. Жалпы көмек кұны – 2 млрд теңгені құраған. Жоба аясында Қор ауруханаларға: 124 фототерапия құрылғыы, 16 жасанды тыныс алу құрылғыы, жаңа туған нәрестелерге арналған 11 инкубатор, 26 реанимациялық үстел, 12 CPAP құрылғыы, 34 тумбочка, 2 наркоз құрылғыы, 15 ЭЭГ мониторы және 14 басқарылатын емдік гипотермия құрылғыын табыс етті.
«Ерекше балаға – ерекше назар» жобасы Қазақстанның 48 арнайы мектебінде оқитын интеллектуалдық кемістігі бар балаларға көмектесуге бағытталған. Мақсат – мүгедектігі бар балалармен жұмыс істейтін мекеме мамандарына, интеллектінде күрделі ауытқуы бар балалы ата-аналарға баланың дұрыс дамуына күтім жасауда қол ұшын беру.
«АЯЛА» қайырымдылық қоры 2009 жылы «Тыныс ал, балақай» жобасын бастады. 2009 – 2011 жылдар аралығында қор перинаталдық орталық пен барлық перзентханалардың балалар жан сақтау бөлімшелерін заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіп, сәбилер өміріне тыныс сыйлады. Бұл медициналық жабдық нәрестелер өлімінің деңгейін төмендетуге көмектесті.
Қордың ауқымды жобаларының бірі — 2021 жылдың ақпан айында жүзеге асырылған «АЯЛА» Академиясы» жобасы. Жобаның мақсаты — Қазақстандағы балалар ауруханасы, перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың дәрігерлері мен медбикелерінің біліктілігін арттыру. Оқу барысы ayala.academy.kz онлайн-платформасы арқылы Қазақстанның, Ресей және Еуропаның үздік тәжірибелі дәрігер-неонатологтарының видео-курсы арқылы жүргізілген. Қазіргі уақытта платформада 647-ден астам неонатолог тіркелген.
Жетім балалардың тең тұсында кем болмауына шарқ ұрып, демеп жүрген қордың тағы бір айтулы жобасы періштелердің игілігіне арналды. 2021 жылдың маусым айында «Аяла» қоры Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, «Профориентация» жобасын қолға алды.Жоба балалар үйі жасөспірімдеріне кәсіп таңдауда бағыт-бағдар беріп, түрлі курстар ұйымдастыру арқылы жұмысқа тұру мүмкіндігіне жол ашып, әлеуметтік тұрғыда бейімделуіне көмектесуді көздейді.Балалар мен жасөспірімдерге кәсіптік бағдар беруге, интернаттар мен балалар үйлерінде арнайы кабинеттер (әлеуметтік бағдарлау, тігін, сантехника, ағаш ұстасы, керамика, шаштараз) құруға бағытталған жобалары бар.
«Менің де өмір сүргім келеді» жобасы. Елімізде туа біткен жүрек ақауы бар көптеген бала дүниеге келеді. Республикада барлығы мұндай балалардың шамамен 2%-ына ғана ота жасалады екен. Жүрекке ота жасауға мұқтаж балалар елімізден тыс шықпай, білікті көмек алғанын қалайтын қор дәрігерлердің біліктілігін арттырып, хирургиялық құралдарды сатып алып, шетелдік кардиохирургтардың шеберлік сағаттарын ұйымдастыруға қатысқан.
2017 жылы қор сәбилер өмірі мен интеллектін сақтап қалуға бағытталған «Басқарылатын гипотермия» жобасын қолға алған. Бүгінде жаңа туған сәбилер өлімінің 70% гипоксияның салдарынан туындайды екен. Гипоксия кезінде ми жасушалары түрлі патологиялық физиологиялық процесс салдарынан өліп кетеді, нәтижесінде баланың болашақ интеллекті зардап шегеді Емдік гипотермия — жаңа туған нәрестелердің миын қорғаудың негізгі физикалық (дәрілік емес) әдісі. Осы орайда, сәби тағдырлардың жүрегіне үміт сыйлау үшін қор сәби миының жасушаларын сақтап қалуға көмектесетін жабдықпен еліміздегі перинаталдық орталықтар мен перзентханаларды қамтамасыз ету және мақсатында көмек қолын созуға демеушілер мен қайырымды жандарды шақырады. «Басқарылатын гипотермия» жобасы аясында Қор 14 гипотермия құрылғысын сатып алды: 1 құрылғы — Астанаға, 3 құрылғы- Алматыға, 1 құрылғы- Атырауға, 1 құрылғы- Түркістанға, 1 құрылғы- Семейге, 1 құрылғы- Таразға және «Самұрық- KazynaTrust» демеушілігімен 1 құрылғы – Қарағандыға , 1 құрылғы – Шымкент, 1 құрылғы – Талдықорған, 1 құрылғы – Өскемен, 1 құрылғы – Орал, 1 құрылғы – Ақтау қалаларындағы ауруханаларға сонымен қатар 11 амплитудалық электроэнцефалография берілді. Гипотермия құрылғысы жаңа туған нәрестелердің миы мен денесінің тіндерін оттегімен қанықтыруға көмектеседі.
Биылда да қайырымды істержалғасын тапты, қор балалардың туғаннан мүгедектігін азайтуға көбірек көңіл бөлуде. Біздің перинаталдық орталықтарда салмағы 500 грамнан төмен және өте төмен балалар туылып, емізіле бастады. Өкінішке орай, көп жағдайда дене салмағы өте төмен шала туылған нәрестелерде өмірлік жүйелердің тым жетілмегендігіне байланысты мүгедектікке әкелетін аурулар, соның ішінде шала туылған нәрестелердің ретинопатиясы тіркеледі. Шала туылған нәрестелердің ретинопатиясы — көздің торлы қабығы мен шыны тәрізді денесінің өзгеруімен жүретін, салмағы аз шала туылған нәрестелерде дамитын ауыр көз ауруы. Қазақстанда жыл сайын 1000-ға жуық жаңа туған нәресте осындай диагнозды алады екен. Осыған тосқауыл қою мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында «АЯЛА» қайырымдылық қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен шала туылған нәрестелердегі ретинопатияны азайту бойынша Меморандумға қол қойды. Қор Қазақстандағы 14 перинаталдық және ғылыми орталықтарды ретинопатияны хирургиялық түзету үшін офтальмоскоптармен және лазерлік жүйелермен қамтамасыз етуді өз мойнына алды. Ендігі кезекте шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын дәл диагностикалау үшін көз торының камераларын сатып алу. Бұл құрылғыларды сатып алуға демеушілер қарастырылуда.
Сонымен қатар, жүрек жылуы мен аялы алақанын сыйлап, қаншама тағдырлардың тамыршысы болған «АЯЛА» қайырымдылық қоры еліміздің барлық аймағынан дәрігерлерді жинап, Алматы қаласында медицина мамандарын өзекті тақырып бойынша біліктілікті арттыру бағдарламаларын өткізіп келеді. Осы кезге дейін, 7 рет семинар ұйымдастырылып, оған Қазақстанның 200 медицина маманы қатысқан. Сондай-ақ перзентті дүниеге әкелуге көмектесетін ұйымдардың неонатологтарына, медициналық ЖОО студенттері мен резиденттеріне арналған 3 әдістік ұсыныс құралы жарыққа шығарылған. Сонымен қатар, Пусан ұлттық университетінің ауруханасымен, Пусан экономикалық даму агенттігімен және «Донг-А» жеке клиникасымен 2 меморандумға қол қойылды. Оңтүстік Корея клиникаларымен жасалған Меморандум аясында «АЯЛА» қоры дәрігерлердің біліктілігін арттырып, емделген балалардың күтімін жетілдіріп, озық медициналық технологиялармен алмасып, Қазақстан Республикасының қалалық және облыстық ауруханаларының балаларына тегін кеңестер берді.
«Аяланың» алақаны бар балаға, балалар өміріне арналды. Әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасы және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы қордан азық-түлік және жаңа киім түрінде көмек алса, жоғарғы сынып және колледждің 10 оқушысы CodingLab жобасында қордың демеушілігі арқылы оқу мүмкіндігіне ие болды. Қор сонымен қатар өзінің YouTube арнасын белсенді түрде дамытуда. Қазір 4 аудиоматериал бар және жалпы саны 703 мыңнан астам қаралған 99 бейне жүктеп салынған.
Ел анасы Зейнеп Ахметованың шығармасында шамның әңгімесі келтіріледі: «Менің жарығым айналама жетер ме екен, төңірегіме жарығым түгел түссе ғой, адасқан жолоаушы сәулені көріп, жол тапса, менің жарығыммен біреу – кітап оқып,біреу-жазу жазса,енді біреу – кесте тіксе, менің жарығымның септігі тиіп, сәби шошымаса»,-депті шам. Иә, «АЯЛА» қоры да осы шамдай көмекке зәру жандардың шамшырағы бола білді, үзілген үміттерді жалғады. Біз жомарт жүректілердің өмір сынағын жеңе білуге межелеген игі, жақсы істеріне марқая әрі қуана қараймыз…
Шұғыла ЕҢСЕП, жас журналист
