«Жер сағаты» (ағылшын тілінде – Earth Hour) – Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) ұйымдастырған наурыздың соңғы сенбісі күні жыл сайын өткізілетін шара. Бұқара халықты бір сағатқа жарық пен электр жабдықтарын сөндіруге үндейтін шара 2022 жылғы күнтізбе бойынша 26 наурызға сәйкес келеді.
Шараны өткізудегі мақсат – әлем жұртшылығының жаһандық климаттың өзгеру проблемасына назарын аудару және адамдарды энергия мен басқа да табиғи ресурстарды үнемдеуге шақыру. Жаһандық сипаттағы ең өзекті, ең өткір экологиялық тақырыптарды назар аударту.
— «Жер сағаты» – табиғатқа ұқыпты қарауға, планетамыздың климатын сақтауда батыл шараларға және оның шектеулі ресурстарына қамқорлық жасауға бағытталған ғаламшардағы ең ауқымды экологиялық акция. Биылғы акцияға әлем бойынша 175 елден 7000 қаланың 2,5 миллиардтан астам тұрғыны қатысады деген жоспар бар. Бұл көрсеткіш күн санап артуда. Яғни, осынша адам кеңселер мен тұрғын үйлерде жарықты сөндіру арқылы жер бетіндегі энергияны үнемдеп, климаттың өзгерісіне төтеп беріп, табиғи қоршаған ортаны сақтап қалу үшін өз үлесін қоспақ, — деп хабарлайды «Жасыл» экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ баспасөз қызметі.
Акция алғаш рет 2007 жылдың наурыз айында Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының ұсынысымен Сиднейде ұйымдастырылған болатын. Сол жылы бір уақытта Австралия астанасының 2 миллионнан астам тұрғыны мен 2 мыңнан астам мекемелердің жұмысшылары жарықты өшірді. Нәтижесінде Сидней қаласы бір сағаттық энергия шығынын 10,2 пайызға қысқартқан. Ал 2008 жылы бұл іс-шараға бүкіл әлемнің 370 қаласынан 50 миллионнан астам адам қатысқан болатын. Ал Қазақстан 2009 жылы еріктілердің қолдауымен қосылды.
2022 жылы бұл акция 15-ші рет, ал Қазақстанда 13-рет өткізілгелі тұр. Айта кетейік, ағымдағы жылдың 26 наурызында сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін өтеді.
Наурыз айының соңғы сенбісіндегі «Жер сағаты – 2022 – Қазақстан» халықаралық экологиялық акциясына өз үлесімізді қосайық.
