(«Тұран ойпаты – Арал теңізі» ҚБ-нің өкілі Нұртуған Тұржановтың IV халықаралық экологиялық конгресте сөйлеген сөзі)
GREENWORLD.KZ
Отыз жыл Отанымыздың алға жылжуымен бірге Арал өңірінде де атқарылған істер жоққа шығарылмайды. Ел-жұртының әлеуметтік жағдайын қорғауға және жақсартуға бағытталған жетістіктер жоқ емес.
Алайда, Арал теңізін сақтауға қатысты атқарылған нақты бір ғана рет жартылай шара жасалынды. Ол – Кіші Арал немесе Солтүстік Аралды сақтау мақсатындағы 2005 жылы «Көкарал» бөгетінің салынғаны. Қоғамдық бірлестіктің пікірінше, мемлекеттің отыз жылда атқарған бұл қызметі мүлдем мардымсыз. Жүз пайыз қолдарынан келетін шараларды атқармай отыр.
Мемлекет теңізге нақты су келетін мәселелерден гөрі қол байлаушы қағаз басты шаралармен, нақты іспен емес жарамсыз жобалар дайындаумен айналысып, нәтижесінде Арал теңізін құтқару емес, құртуға келген жәй бар. Мысалы, 2005 жылы салынған «Көкарал» бөгеті теңіздің солтүстік бөлігін сақтауға болатындығына нақты көз жеткізді. Халықаралық деңгейде ең тиімді жоба – САРАТС (Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау) жобасы бекітілді. Алайда бұл жоба басқаның емес өзіміздің мемлекет тарапынан тиісінше жұмыстар атқарылмай жеткілікті шаралар қолданбай отырғаннан тоқтап қалды. Себебі Қазақстандағы жемқорлық құрты осындай тиімді жобаға халықаралық қорлардан бөлінетін қаржыға түссе керек. Басқа тұрмақ мемлекетіміздің бұрынғы президентінің де, қазіргі президентінің де айтқан сөздері жерде қалып жатыр.
2019 жылы Қызылордаға келген президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Көкарал бөгетінен» айырылып қалмауымыз керек деп тиісінше Үкімет пен облыс әкіміне берген тапсырмасынан екі жыл өтсе де ешқандай нәтиже жоқ.
«Жұт жеті ағайынды» дейді. «Арал теңізін құрғатқан Аму мен Сырдариядағы судың иесіз иелікке түсуі, есепсіз пайдаланылуы, бөгеттер мен тоғандардың көптеп салынуы» деген халық. Осы қос дарияның жағасындағы мемлекеттерге де өкпелі. – «Ортақ суды келісімге келіп, соған сай пайдалансақ, ысырап етпесек теңізді сақтар едік» дейді.
ҚР Экология және геология, табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Сырдария өзені Қырғыз Республикасының аумағынан, Нарын өзенінен бастау алады және онда жобалық көлемі 19,5 млрд текше метрді құрайтын «Тоқтағұл» су қоймасы орналасқан. Сырдария өзені арнасы бойынша су бөлу осы су қоймасының режиміне тікелей байланысты болып табылады.
Кеңестік кезден Сырдария өзенінен Қазақстанның үлесі орташа көпжылдық мөлшерде 12 км³, ал су аз жылдары 10 км³ деп белгіленген және мұны Арал бассейнінде орналасқан мемлекеттердің бәрі мойындайды. Қазіргі жағдайда бұл уағдаластық Қазақстанның мүддесіне сай келеді деп саналады.
«Тұран ойпаты – Арал теңізі» ҚБ-нің кеңесшісі «ТМД және ҚР еңбек сіңірген энергетигі» Сағындық Абениязов, ҚР Президентіне жазған хатында «Сырдарияға 650м3/с артық су жіберме деп протокол жасайды сол отырыстың куәсі – өзіммін. Себебі 650м3/с артық су жіберсе, Сырдария бойындағы елді-мекендерді су басып қалады. 2007 жылы сондай жағдай болды. Тоқтағұл ГЭС-ы 650м3 артық су жібермеу үшін Қазақстан Бішкек ЖЭО-на көмір беру керек. Яғни, Қазақстан көмірін пайдаланып, Тоқтағұл ГЭС-ы су режимінен энергетикалық режимге ауысып жұмыс істейді. Болмаса Оңтүстік аймақтарын су басады. Су комитеті ешқандай жұмыс істемейді» деп көрсетеді.
Министірліктің 2010-2020 аралығында Аралға 57,3 млрд м3 көлемінде су берілді, жылына берілген су көлемі 5,7 млрд м3, ал Аралдағы судың көлемі 21,8 млрд м3 деген жауабы шындыққа жанаспайды деп санайды. Яғни, Қазақстанның өзінде шекарааралық су пайдалану барысына ашықтық жоқ. Су мониторингі дұрыс жұмыс жасамайды.
«Тұран ойпаты – Арал теңізі» ҚБ Сағындық Абениязовтің «Сырдария өзені Арал теңізіне жете алмай жатқанда Сырдарияның бойынан Шардара су қоймасы 5 млрд 200 млн м³, Көксарай су қоймасы 3 млрд м³ салынды. Арал теңізіне баратын 8 млрд м³ су осы су қоймаларында ұсталып қалуда. Ол аздай тағы да Түркістан облысында – 1, Қызылорда облысында екі су қоймасын – Қараөзек 775 млн м³ және Күміскеткен 600 млн м³ салмақшы. Бұны қалай түсінуге болады? Бұл су қоймаларын салуға тыйым салуыңызды сұраймыз»,-деген президентке хатын толық қолдайды.
Кейінгі кезде өзбек ағайыннан «Әмударияның суы қайда?» деп сұрау жөніне қалған сияқты. Сырдарияның суын Аралға жеткізбеу үшін жарыс басталған. Бізде Көксарай су қоймасын салса, олар Сардоба су қоймасын салды. Ішкі облыстарды алсақ, Түркістан Сырдың суын тойғанынша ішсе, Қызылорда Аралды жойғанынша ішпекші. Бір Қызылорда облысында 6 (алты) бірдей су қоймасы салынбақшы екен. Шынымен теңізді құтқармақшы ма?
Алғысымыз шексіз! Ресей ғалымы Н.В.Аладин және Ресей зоология институты ғалымдары бастамасымен 2021 жылдың 27-28 мамырында Санкт-Петербург қаласында өткізілген Нева халықаралық экологиялық конгресінде келесідей қарар қабылдаған:
1. Берг тұйық жағалауында (Көкарал) салынған бөгетті мүмкіндігінше тезірек 2-3 метрге көтеру;
2. Үлкен Сарышығанақ өзегінде бөгет салу және оған Сырдария суының бөлігін жіберу;
3. Құланды түбегінің оңтүстігінен Кіші Аралдан артылған суды ұстау үшін қарапайым кіші бөгет салу;
4. Кішкентай су ұстайтын су қоймалары санын барынша азайту;
5. Болашақта Амудария суының бөлігін Үлкен Аралдың батыс бөлігіне бағыттау.
Көпшілігіміз осы «Нева» экологиялық конгресінің қарарының қолдаушылары болып қалармыз деп ойлаймын. Өзім болсам «Көкарал» бөгетін бекіту және оны кемі 4-5 метрге дейін көтерудің дереу қолға алынуы 2019 жылы президент айтқан кезде жасалынуы керек еді деп ойлаймын.
Өткен жылы Көкарал бөгетінің қауіпті жағдайда болуы себепті оның тоғыз көзі ашық тұрып, Кіші Аралға жиналуға тиісті судың біраз бөлігі қыс бойы үлкен теңізге жіберіліп тұрды. Нәтижесінде жазғы құрғақ кезеңде 300-500 метрге дейін Кіші Арал құрғап кетті. Жерасты суының алыстауы салдары қауаңшылыққа қосылып, жұт әкелді. Мал аштан қырылып ғана қоймай, кеуіп кеткен теңіз бен көлдердің батпақты жағасына батып, қырғынға ұшырады. Мемлекетте алғашқы рет қуаңшылыққа қатысты Төтенше жағдай жарияланды.
Ал «САРАТС-2» жобасын наурыз айында бастайтындығы туралы ҚБ-ке арнайы жазбаша мәлімет жасаған Экология министрі бүгінде Энергетика министріне айналды. Айтқанынан айнып түсудің сәті түскені осы болар. Алайда күйі кеткен Көкарал бөгетінің жәйі не болмақ? Кейбір деректерге назар аударсақ, Кіші Арал теңізі бойында 20 000-ға жуық адам балықшылықты кәсіп етіп күн көруде екен. Десек те жоғарыда «САРАТС-2» жобасы жүзеге асады деген үмітіміз жойылып бара жатқандығын жасыра алмаймыз. Себебін түсініп болу мүмкін емес. Кейбір арам пиғылды топтардың Арал теңізі астындағы мұнай, көмір, темір, титан т.б. сияқты табиғи байлықтарға теңізді құрғату арқылы қол жеткізу үшін халыққа әдейі жасап отырған істері ме дерсің.
Құрметті Конгресс, өткен 2020 жылы белгілі болған Аралды құтқарамыз деген үш мәселе бар. Олар:
1. Сырдарияның бойынан салынатын 6 су қоймасы;
2. Арал қаласында салынатын, өндіріс қалдығы(шлам) жылына 6 140 000 тонна шамасында Кіші Аралдағы Саршығанаққа толтыру:
3. Теңіз табанына 2,4 млрд теңгеге Сексеуіл егу жобасы.
Осындай шаралар теңізді құтқарады ма? Кіші Аралға су әкеледі ме? Ой жүгіртіп көрейік…
Біріншісі – Сырдарияның бойынан 6 су қоймасын салу. Қараөзек пен Күміскеткен су қоймаларының әрбірінің өзіндік құны 1,9 млрд тұратын жобалар (2018 жылғы құны) биыл басталып кеткен болар. Негіздемелері «Көксарай су қоймасын» салғандағы уәждермен бірдей. Артық суды жинап алып, дер кезінде ауылшаруашылығы үшін пайдаланып кейін қажетінше Кіші Аралға беріп отырамыз. Солтүстік теңізді сақтаймыз.
Жоғарыда аталып өткендей Санкт-Петербург қаласында өткен Нева экологиялық конгресі «Кішкентай су ұстайтын су қоймалары санын барынша азайту керек» — деп қарар қабылдап, ол «Кіші Арал теңізін сақтаудың нақты жолдарының бірі деп әлемнің беделді ғалымдары шешім қабылдап отыр. Мәселе Қазақстан ғана емес, әлемдік, адамзатқа ортақ мәселе!
Қазақстан мемлекетінің ұстанымын да түсіну қиын. Әлемдік деңгейдегі мәселеге Адамзат тағдырына айналған мәселеде беделді халықаралық ұйымдардың пікірлерін сыйламайтыны қалай? Аму мен Сырдың суын жұтып жатқан Өзбекстанда және басқа мемлекеттерде неге жеткілікті құрмет жоқ. Тәуелсіз мемлекет болған соң халықаралық құқық субъектілері емес пе, халықаралық нормаларға құрмет көрсету алдымен елдіктерінің белгісі болмай ма?
Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ), Еуропалық экономикалық комиссия (ЕЭК) тарапынан не себепті жеткілікті деңгейде бақылау, есеп сұрау шаралары жүзеге асырылмайды. Мысалы, Хельсинки Конвенциясы (1992 ж.) Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенциясының (Қазақстанда 2000 жылы ратификацияланған) 1-бабында «Шекарааралық сулар» екі және одан да көп мемлекеттер арасындағы шекараны қиып өтетінін немесе осындай шекараларда орналасқанын білдіретін қандай да болсын жер бетіндегі немесе жер астындағы суларды білдіреді деп қабылданған.
Демек, Амудария мен Сырдария осы Хельсинки Конвенциясы аясындағы шекарааралық су арналарына жатады. Ал Қазақстан «Көксарай» су қоймасын, Өзбекстан «Сардоба» су қоймасын салғанда Хельсинки Конвенциясы талаптарын сақтады ма? Үнсіздік…
Олай болса неге Қазақстандағы бір Қызылорда облысында шекарааралық сулар арнасына жататын халықаралық дау туғызуға негіз болатын құқтық субъект Сырдария бойына тағы да 6 (алты) бірдей су қоймасын салмасқа дейді?
Конвенцияның 4-ші бабы су пайдалану мониторингін, 6-бабы ақпарат алмасуды көздесе, 7-бабы тараптар жауапкершілік саласында нормалар, өлшемдер және рәсімдер жасау жөніндегі тиісті халықаралық күш-жігерге қолдау көрсетеді деп жазылған.
Ұсыныс! Мүмкін, Хельсинки Конвенциясы 4-бабындағы «мониторинг бағдарламасы» деген сөзді қосымша хаттамаларда «космостық мониторинг» деген сөзбен толықтыра түсіндіру керек болар. Болмаса, 1992 жыл мен 2021 жыл арасында ғылыми-техникалық даму прогресі кеңірек көмек берері айқын.
Арал теңізіне қатысты халықаралық конвенциялар, пактілер, конгрестер тек Қазақстан мүддесі емес, әлем -адамзат мүддесінде қызметтер атқаруда,- деп түсінуіміз керек емес пе? Ең өкініштісі, қарапайым халық, Арал өңірі тұрғындары мемлекетіміздің Сырдария бойына алты бірдей су қоймасын салуы Солтүстік Аралды толық жою екенін анық сезінеді. Себебі, Амударияны Аралға жеткізбеген осындай жол емес пе еді. Ұзындығы 1445 шақырым Қарақұм каналының салынуы мен сансыз су қоймаларының салдары болатын.
РАМСАР КОНВЕНЦИЯ-ның 3-бабында:
1. Уағдаласушы тараптар өз жоспарлауын Тізімге енгізілген сулы-батпақты алқаптарды қорғауға, сондай-ақ оны мүмкіндігінше, олардың аумағында орналасқан сулы-батпақты алқаптарды орынды пайдалануға жәрдемдесетіндей жолмен айқындайды және жүзеге асырады.
2. Әрбір Уағдаласушы тарап мұндай жағдайды қамтамасыз етеді, бұл ретте, егер, Тізімге енгізілген оның аумағындағы кез-келген жердің экологиялық сипаттамасы техникалық дамудың, ластанудың не адамның қол сұғушылығының басқа да түрлері нәтижесінде өзгерген, өзгеретін не өзгеруі мүмкін жағдай сол жерден ақпаратты өз мүмкіндігінше қысқа мерзімде алады. Мұндай өзгерістер туралы ақпарат 8-бапта көрсетілгендей тұрақты жұмыс істейтін Бюроның міндеттерін орындау үшін жауапты ұйымға не Үкіметке кешеуілдетпей беріледі.
Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) мәлімдеуінше РАМСАР КОНВЕЦИЯСЫ негізінде «Ең алдымен суда жүзетін құстардың тіршілік ету орны ретінде халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқаптарға» Сыр бойы және Солтүстік Арал өңірінде барлығы 330 000 гектар қорғалу аймағы тізіміне енгізілген.
Осы жерге Арал өңірінде Қытайлық химик Хоу әдісімен, аммиакты қолдану арқылы жылына 614 мың тонна сода өндіретін, 6 140 000 химиялық қалдықты Сарышығанақ теңіз табанына төгетін химиялық зауытын салуға шешім қабылдаған. Екіншіден, Сырдария бойында 6 (алты) су қоймаларын салуды қолға алған.
Солтүстік Аралдағы су мөлшері бар-жоғы бір жыл шамасында 27 млн км³-ден 22 млн км³-ке, яғни, 5 млн км³-ке азайған. Ал Қамбаш көлі биыл 600 метрге дейін жағалаудан шегініп кетті. (Бұл мәлімет жөнінде БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттерш мырзаға хат жолданған)
Бұл Сарышығанақ табаны – Кіші Арал бассейніне жататын Арал қаласына теуіп жатқан теңіз табаны болатын және де «САРАТС-2» жұмысы сәтті аяқталған жағдайда теңіз табаны болып қалуы керек жер екендігіне күмән жоқ.
Сонымен қатар бүгінгі кезеңде Саршығанақ табанында «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен аңдар(ақбөкен-киік, қарақұйрық, қызыл қасқыр т.б.), құстар, жәндіктер, өсімдіктер тіршілік етіп жатқан ұлы да, тірі де даламыз екендігін естен шығармауымыз керек. Рамсар Конвенциясымен қорғалуға тиіс өлке.
Ұсыныс: Хельсинки, Рамсар конвенцияларының Арал өлкесінде орындалу барысын бақылау және бастапқы шараларды (САРАТС-2) іске асыру барысына қолдау жасау үшін БҰҰ -ның өкілдігінен тұрақты қызметкерінің (волонтерларының) Арал қаласында қызмет жасауын қамтамасыз етуді.
Құрметі Конгресс, біз, «Тұран ойпаты – Арал теңізі» ҚБ Арал теңізі табанына ауқымды сексеуіл егу науқанына қатысты алаңдаушылығымыз бар екендігін, «асыра сілтеу болмасын- аша тұяқ қалмасын» деген заман қайтып келмесе екен дейміз.
Теңіз табанында тұз көшкінін, сайын даладағы құм көшкінін тоқтату үшін шара қолдану керек екені рас. Өзбекстан мемлекеті «Арал өлді» дегенмен келісті, ал Қазақстан ««Кіші Арал» теңізін сақтады» деген түйінге келмеген бе еді.
Айтарымыз, Қазақстан сексеуіл егуге есепсіз қаражат тапқанда Көкарал бөгетін бекітуге неге қаражат таппайды. САРАТС-2 жобасына неге дереу кіріспейді? Халықаралық қордан келер қаржыны сол сексеуіл егуге-ақ жұмсай берсін. Оның үстіне сексеуіл өсіру 30 пайыздық ғана жеміс береді екен, Кіші Аралға су толтыру пайдалылығы жер асты суын да молайтады және ауа ылғалдылығын едәуір арттырады емес пе?
Арал өңірінде отыз жылдан бері қарай әлеуметтік-экономикалық ахуал қандай жағдайда деген сұраққа, жалпы елмен қатар даму бар екендігімен қатар, жеткілікті деңгейде немесе сол теңіз тартылуымен қатар кеткен жағдайға ел-жұрт әлі жете алмауда, дер едік. Ол кезеңде бір Арал қаласында үлкен өндіріс көздері мыңдаған адамдар жұмыс істейтін 1 балық комбинаты, 2 зауыт, 1 тігін фабрикасы және басқадай көптеген өндіріс көздері, жұмыс орындары бар болатын. Қазір онан да айырылып қалдық.
Жұмыс көзі бар деген Аралтұз комбинатының мыңнан астам жұмысшысы осы тамыз-қыркүйекте Ереуілге шығып, айына 70-80 мың теңге (шамамен 200$) болатын айлық табыстарын көтеруді талап етіп, 22% -ға көтерілді. Осы айлық табыстарына экологиялық әлеуметтік қорғау пайызы да қосылады. Статистика орталығы мәліметіне сай 2021 жылдың 2-тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық көрсеткіш 251 508 теңге десек тұрақты өндіріс көзіндегі жұмысшылардың айлық табыстары 100 мың теңге ғана көлемінде болып отыр.
Ал шеткі елді мекендердегі қарапайым дәрігерлік орындар жабылып, екіқабат әйелдер босану үшін аудан орталығына орташа 300-400 шақырым шалғай ауылдардан жеке көліктермен жол тартуға тиісті.
Ал «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң 1992 жылы қабылданған болса кейінгі кезеңдерде 24-баптан ғана тұратын заңнан 18 жеңілдіктер алынып тасталған. Және де бұл заңның қосымша қаржымен әлеуметтік қолдау жасауы тек қана жұмыс жасаушылар үшін ғана, ал аудан көлемінен шыққандарға зардап шеккен деген куәлік иелері болғанның өзіне ешқандай көмек жоқ.
Отыз жыл өткен болса да Арал өңірінде экологиялық қасіреттен зардап шеккендерге өңіріне қатысты толыққанды (денсаулық, әлеуметтік, экономикалық т.б.) кешенді сараптама жүргізілген жоқ. Республика Парламентінде ортақ тыңдау өткізілген жоқ.
«Тұран ойпаты – Арал теңізі» ҚБ үшін «Халықаралық Аралды құтқару қорының» халықаралық байланыстағы қаражат көзін игеретін жалғыз монополист болуы түсінбеушілік туғызады. Бұл қордың атауы қоғамдық болса да сипаты мемлекеттік орган ретінде қалыптасқан.
Отыз жылғы жұмыс нәтижесі қандай болды десек, әлемдегі миллиардтаған қаржыны жұмсап, аяғында «Арал өлді» деген Өзбекстан не одан алыс кетпеген Қазақстанды ғана көріп отырмыз. Бұл халықаралық қор құрылып, жұмыс бастаған 90-шы жылдардағы Арал теңізінің жағдайы бүгінгі Арал теңізінен әлдеқайда жақсы болатын.
Ұсыныс: осы Байтақ-Тұран конгресі аясында шын мәнінде халықтық қоғамдық сипаттағы экологиялық қор таңдалуы тиіс және ол сыбайластыққа жол салатын мемлекеттік – шенеуніктік емес, тәуелсіз қоғамның бақылауында болуы маңызды.
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен аталған халықаралық қор жұмысының ең үлкен кемшілігі отыз жылдан бері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарааралық су пайдалану туралы екіжақты келісім шарт жасамағаны деп түсінеміз. Мұндай мемлекет аралық қатынастағы салқындық су тапшылығына ұшыраған халықтар арасындағы конфликтіге алып келуі әбден мүмкін. Бұл жағдайды реттеуге БҰҰ, ЕЭК-ның араласуын сұрар едік, Сыр мен Амудария суын европа елдеріндегі Дунай суын пайдалану тәжірибесіне лайық БҰҰ бітімгершілерін қатыстыру арқылы жүргізген жөн дер едік.
Қорыта келе айтарымыз отыз жылдан бергі Арал тағдыры тығырыққа тірелді. Қандай болмасын халықаралық жұмыстардың барлығы саяси қатынастарға тіреліп, Аму мен Сырдарияны пайдаланушы елдердің өз міндеттерін тиісінше атқармауы салдарынан Арал теңізін құтқару шаралары еш нәтиже берген жоқ. Теңіз толық құрғауға келді деп санаймыз.
Кіші Аралды сақтап қалар болсақ ең басты шарт «САРАТС-2» бағдарламасы құрылысының дереу басталуы болуы керек. Мемлекетаралық қатынастарда БҰҰ, ЕЭК-беделі жоғары әрекеттер жасауы керек. Нева экологиялық конгресі ұсыныстарын толық күйінде орындауға ұмтылу шарт.
Ресей мемлекетімен Сібір, Каспий суларын Кіші (Солтүстік) Аралға құбыр арқылы тарту мемлекетаралық келісім жүргізуді жаңғырту Түркия елімен «Тұран магистралы» Қара теңізден Кіші (Солтүстік) Аралға құбыр арқылы су тарту мәселесі ұсынылсын дер едік.
Басты ұсынысымыз БҰҰ БАС АССАМБЛЕЯСЫ жария еткен Арал өңірі экологиялық инновация және технология аймағы деген қарары аясында Қазақстанның Арал өңірінде орталығы Арал қаласы деп кемі он жылға Еркін экономикалық аймақ жариялануы тиіс. Осы Еркін экономикалық аймақ аясындағы алғашқы жұмыс Арал қаласында «Халықаралық экологиялық инновация және технологиялар» институтын ашудан басталуы қажет деп санаймыз.
БҰҰ, Ресей, Түрк т.б. елдердің ғалымдары еркін жұмыс жасай алатын экологиялық институт негізінде Кіші Арал теңізі жағасында сапалы қонақ үй салу, Арал аэропортын қалпына келтіру жұмыстары басталуы шарт.
Құрметті Конгресс, Арал өңірі мәселелері, оның тұрғындарының денсаулық жағдайын «Байқоңыр» космодромынан бөле жарып қарау мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан мен Ресей әскери полигондарды, космодромды пайдалану барысындағы мүмкіндігінше әскери құпияға жатпайтын ашықтықты қамтамасыз етуі керек. Протон, сол тектес басқадай жағармайды пайдаланудан бас тарту, одан келген зардаптарды шынайы зерттеп, тұрғылықты халыққа лайықты компенсация төлеу, әлеуметтік әділеттілікті сақтау мәселелерін қарауды сұрар едік.
Қазіргі уақытта «Арал тағдыры – Адам тағдыры» іс-шараларының шынайы жүзеге асуына қоғамдық бірлестіктер күшімен қатар саяси күштер аса қажет деп санаймыз. Экологиялық күрес билік сарайынан тыс емес шекарааралық су пайдаланушы мемлекеттер Парламенттерінен бастау алуға тиіс. Осы себепті құрметті Конгресс, осы халықаралық экологиялық Конгресті ұйымдастырушы Қазақстандағы «Байтақ» экопартиясының тіркелуіне күш салуды сұрар едік.
Тыңдағандарыңызға рахмет!
Нұртуған ТҰРЖАНОВ,
«Тұран ойпаты – Арал теңізі» ҚБ-нің өкілі
