• 27/03/2023

Әлем — ортақ

Тіршілікті «тұншықтырып» тұрған тауар

Автор:Greenworld.kz

Июл 12, 2021

GREENWORLD.KZ

Күнделікті көрініс

Облыс орталығындағы үлкен әрі «абыройлы» супермаркеттен сауда жасадым. Касса қызметкерлері заттарымды рет-ретімен сұрыптап, сыртында арнайы жазуы бар полиэтилен пакетке салып берді. ТЕГІН.

Жұмысқа келер жолдағы кішігірім дүкенге күнара бас сұғамын. Ілтипатын білдіріп, қос қолдап ұстайтын полиэтилен қалташасына заттарымды сыйдырып, қолыма ұстатады. Көлеміне қарай АҚЫЛЫ.

Желді күні құстардың қанатын талдырып, ұшып бара жатқанының куәсі боламыз. АЯНЫШТЫ.

Ең сорақысы, жүздеген жылдар бойы шірімейтін, қоқыстар арасындағы полиэтилен пакеттердің аспанда ұшып, жерде аяққа оралып жүргені… Пластикалық қалдықтардан өндірілген бұйымдардың тіршілік иелерінің өмірін жалмауы… ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЗАРДАП.

Ал, біздің күнделікті сауда жасағанда, қоқыс шығарғанда, тіпті тамақ сақтағанда да тұтынып жүрген затымыздың зардабы шаш етектен асып түседі. МӘСЕЛЕ.

Тегін зат «олжа» емес

Бала кезімдегі бір оқиға есімде қалып қойыпты. Ол кезде қоғамдық көлікте жүру құны 15-20 теңгені құрайды. Азық-түлік өнімдерінің қаптамасы да, қабы да қатты қағаздан жасалатын. Дүкенге барғанда қаптан тігілген дорбаны өзімізбен алып жүретінбіз. Кейіннен жартылай синтетикалы қолдорбалар айналымға түсті. Бір күні автобусқа төлейтін ақша болмай, тәтелерім жолақысына сондай екі дорба берген еді. Әлгі жүргізуші де ләм-мим демей алып қалғаны көз алдымда сақтаулы. Біз тұтынып жүрген полиэтилен пакеттердің бүгінде дәл осындай құны жоқ. Өйткені қазіргі өнімдердің көбі ақаулы, бір реттік делінгенмен, үстінен салынған зат кейде астынан домалап түсіп жатады. Сондықтан да сауда орындарында бұл пакеттерді екі-үш қабаттап салып береді. Ал тұтынушы оны өзіне тиесілі «олжа» деп қабылдап, тегін нәрсеге құмарлығын арттыра түсетіні анық. Одан қалды, қоқыс шығаруға таптырмас дүние. Жалпы, полиэтилен пакеттер алғаш рет АҚШ-та сэндвич, нан, жемістер мен көкөністердің сыртқы орамасы ретінде 1957 жылы шығарыла бастады. Он шақты жылдан кейін бұл елдегі өнімдердің 30 пайызы осындай қаптамаға оралды. 1973 жылы Батыс Еуропада пакет өндіру көлемі 12 млн данаға жақындады. Сексенінші жылдары ірі сауда орындары кеңінен қолдана бастаған соң 2000 жылдары бұл пакеттер әлемдік деңгей қажеттілігіне байланысты жылына 5 трлн данаға дейін өндірілді. Әрине, бұл кезде тауардың зияндылығы жөнінде ешкім ешнәрсе айта қоймады. Қазіргі күні бұл пакеттердің түрі де, көлемі де жеткілікті. Экологиялық зардабы пайдасынан асып түспесе, кем емес.

Полиэтилен пакет өндіруге тыйым салына ма?

Ашық дереккөздер мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемдік деңгейдегі теңіздер мен мұхиттарға 7 млн тоннаға тарта қалдық пакеттер тасталады. Соның салдарынан жүз мыңдаған тіршілік иелері пластикалық қоқыстан зардап шегеді екен. Осындай экологиялық зардаптарына байланысты Еуропаның кей елдерінде пластикалық дорбаларды қолдану үрдісі тыйылған. Мәселен, Дания 1994 жылдан бастап полиэтилен пакеттерді тегін таратқан дүкендерге салық салады. Фин елінде қоғамдық орындарда қолданылған пакеттерді қабылдайтын автоматты қондырғылар бар. Француздар да 2016 жылдан бастап пластикалық бұйымнан жасалған пакеттер мен ыдыстарды өңдеуге және қолдануға тыйым енгізген. Әріге көз тастамай-ақ, көрші ресейліктердің өзі бұл өнімді қолдап отырған жоқ, ондағы 70-ке тарта сауда маркеттері пакет таратуды доғарды. Өзбек ағайындар да биылдан бастап бүл мүлікке тыйым салуда. Ал Қазақстан ше? Бізде әлі күнге пакеттер құстармен жарыса ұшып жүргенінің куәсі боламыз. Ал экологиялық алаңдаушылық мәселесі ушығып тұр.

 — Әлемнің көптеген елінде пластик пакеттерді, ыдыстарды тегін беруге тыйым салып жатыр немесе шектеу қоюда. Мәселен, Кенияда мұндай қалталарды пайдалануға мүлдем тыйым салынған. Ал, Англияда мұны тек ет сатушылары ғана қолдана алады. Неге Қазақстанға да осы тәжірибені енгізбеске? Біз кімді қорғап отырмыз? Бізде де өндірушілер бар емес пе?! Пластмасса өнімдерінің зияндылығы анық емес пе? «Coca-Cola» мен «Pepsi» секілді пластиктен жасалған контейнерлердегі сусындар өндірісіндегі әлемдік көшбасшылар 2020 жылға дейін пластикалық өңделген материалдың көлемі 40 пайызды ғана құрайтын құтыларда сусындар шығаратынын мәлімдеген еді. Бұл Қазақстан өндірісіне қаншалықты әсер етеді? «Райымбек ботлерс», «Көкшетау минералды сулары» секілді өзге де өндірушілерге неге осындай міндет қоймасқа?! — деген мәтінмен осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын ел азаматы Саржан Саят ҚР Инвестициялар және даму (қазіргі Индустрия және инфрақұрылымдық даму – ред.) министрлігінің сайтына ұсыныс айтқан еді.

Оған министрлік тарапынан жауап та берілді. Бірақ полиэтилен пакеттерден қашан құтылатынымыз жөнінде нақты уақыт көрсетілмеген.

 — Қазақстан нарығында қайталама шикізатты пайдаланып, полимер қаптамалар өндірісімен айналысып отырған 50-ден аса компания бар. Компаниялардың басым бөлігі Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Шымкент қалаларында шоғырланған. Қалған қалаларда 1-2 компания ғана. Қазіргі таңда ҚР Энергетика министрлігі бір рет пайдалануға арналған полиэтилен пакеттерді қолдануға шектеу қою немесе тыйым салу бойынша халықаралық тәжірибені зерттеп, Қазақстанда бөлшектеп сатуда полиэтилен пакеттердің өндірісіне біртіндеп тыйым салу керек деп есептеп отыр. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде полиэтилен пакеттерді тегін таратуға тыйым салуды енгізу. ІІ кезеңде полиэтилен пакеттердің өндірісіне тыйым салуды енгізу. Бұл бастама жергілікті басқару органдарының, «KazWaste» қалдықтарды басқару жөніндегі ассоциацияның және «Атамекен» ҚР ҰКП-нің қарауына жолданды. Жергілікті басқару органдары бұл бастаманы толықтай қолдады және балама нұсқаларын өндіру қажет болады деп есептейді. «KazWaste» полиэтилен пакеттерді тегін таратуға тыйым салуды қолдап отыр және полиэтилен пакеттерді сатуды міндеттеу керек деп есептейді. Алайда полиэтилен пакеттердің өндірісіне тыйым салуды қолдамады. Өйткені, біріншіден, кішігірім полиэтилен пакетті пайдалану тиісті гигиенаны қамтамасыз етеді (нанды және нан өнімдерін, сүт өнімдерін және тағы да басқаларды қорғайды). Екіншіден, Қазақстанның пакет өндірушілері қаншама жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр. «Атамекен» де бұл норманың кәсіпкерлік қызметке шектеу салып, жұмыссыздықты ұлғайтып, бюджет кірісін төмендетеді деп есептейді. Энергетика министрлігі бұл бастаманы қалыңдығы 0,015 мм-ден жұқа полиэтилен пакеттерден өзге, яғни бір рет пайданалануға арналған полиэтилен пакеттерге қатысты қолдануды ұсынып отыр. ҚР ЭМ жұмыссыздықты болдырмау үшін және бюджет кірісін тоқтатпау үшін балама қаптамалар өндірісіне жағдай жасау мәселесін қарастыруды ұсынып отыр. Себебі оларды қолданғаннан кейін адамның денсаулығына да, қоршаған ортаға да зиян келмейді. Сонымен қатар, қаптама өнімдерінің балама нұсқаларын өндіруде шығынды субсидиялау мүмкіндігі де қаралуда, — деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Статистикалық деректер көзі адамзат баласының жылына 4 триллион пластик пакеттерін қоқысқа тастайтынын мәлімдеп отыр. Салдарынан 1 жылда 1 миллион құс, 100 мың су сүтқоректілері және есепсіз ұсақ балық қырылады. Жыл сайын әлемдік мұхиттарға 6 миллион 300 мың тонна қоқыс тасталса, соның басым бөлігін полиэтилен материалы құрайды. Есептей беріңіз.

Жүз жылдан астам шірімейтін қалдықтар бар

Әлем теңіздерінің пластикалық қоқыстан қандай зардап шегіп жатқанын естуіміз де, көруіміз де алғаш емес. Көкжиекке көз тастауға ерінсеңіз, өз өлкемізде су айдындарындағы тіршілік иелерінің өмірімен қалай қош айтысып жатқанына бір сәт назар аударсаңыз да болады. Әсіресе, Арал теңізіндегі бір реттік қолдануға арналған пластикалық кермешелердің салдары ондағы сусыз тіршілік ете алмайтын мақұлықтардың өмірін жалмап жатыр. Одан қалды, пластикалық қалдықтардан жасалатын үрлемелі шарлар да құстардың аяғына оратылып, олардың өмір сүруіне кедергі келтіреді. Сондықтан аспанға шар ұшыру үрдісіне де тыйым салған жөн. Ол түгілі, үйіңізден шыққан қоқыс араласқан жуындыны жеймін деген қора жануарлары да целлофан қаптаманы қорыта алмай, өлексеге айналады.

Ахметжан Сағындықов, Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің экологы:

 — 2019 жылдан бастап қоқыс полигондарына полиэтилен пакеттерді қабылдауға және көмуге тыйым салынды. Қоқыстарды тұрмыстық санатына байланысты сол жерде іріктеп, тиісті орынға өткізеді. Бұл жұмыстар ҚР Экология Кодексінің 301-бабына сәйкес жүзеге асырылады, — деді.

Яғни, ҚР Экологиялық Кодексінің 301-бабының 1-бөлігі, 9-тармағында пластмасса, пластика, полиэтилен қалдықтары және полиэтилентерефталат орамаларын полигондардың қабылдауына келмейтін қалдықтар тізіміне жатқызған.

Береке Данышманов, «Ибрайхан және К» ЛТД ЖШС-нің бас технологы:

 — Полиэтиленді пакеттер қоршаған ортаға едәуір залал келтіреді. Өртеген кезде ол ыдырамайды, улы газдар бөледі. Түрлі тыныс алу жолдарының ауруына себепші болады. Сондықтан полиэтиленді қалдықтар қатты тұрмыстық қалдықтардан іріктеу алаңында қолмен іріктеледі.

Сайлаубай Жұбатырұлы, жазушы-эколог:

 — Полиэтилен пакеттер мен пластикалық қалдықтардан жасалатын тауарлардың табиғатқа зияндылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті әлемдік проблема болып тұр. Өркениетті елдердің біразы табиғатқа қисапсыз залал келтіріп отырған бұл тауарды тұтынудан бас тартып отыр. Әлемдік деңгейдегі мақалаларды оқып қарасаңыз, Антарктидадан Солтүстік теңізге, Гаваиге дейін әлемдегі әр құстың ас қорыту жүйесінде пластикалық қалдық кездеседі. Суға түскенде де өңін бұзуы қиын полиэтилен пакеттерді теңіз жануарлары медузаға ұқсатып жеуге ұмтылады екен. Осындай оқиға салдарынан жыл сайын 100 мыңнан астам кит, су тасбақасы, итбалықтар мен құстар өлуде. Қарапайым күннің өзінде жануарлар осы қалдықтардың кесірінен қырылып жатыр. Сондықтан біздің елге де полиэтилен тауарлардың кең таралуына, қолданылуына тыйым салған жөн секілді.

Әлемдік зерттеу қорытындысына көз жүгіртсек, табиғаттың өзі жаратып тұрған апельсиннің қабығы 2-5 апта, ал алманың дәні 2 айдың ішінде табиғатта еріп жоғалады екен. Сіз оқып отырған газеттің қағазы 6 апта, темекінің қалдығы 1-5 жыл арасында, қағаз орамал ылғалды жағдайда 1 ай ішінде шіриді. Сағыз тастаған жерінде 5 жылға дейін өңін бұзбай жатады. Ал пластикалық негізде өндірілген тауарлар 50-100 жылдың арасында, пластикалық құтылар және қаңылтыр банка 50, балық қармағының жібі 600 жылда жойылады екен. Полигондарға тастауға рұқсат етілмейтін полиэтилентерефталат құрамынан жасалған шиша табиғатта 100 жыл бойы сақталса, теңізде жойылу мерзімі 400-600 жыл аралығын құрайтын көрінеді. Ал оны өртеген кездегі иіс тіпті адамның ағзасын улайды. Ғалымдар да табиғи ортада ұзақ жылдар сақталатын қоқыстар ауаны ластап, нәтижесінде қатерлі ауру тудыратынын айтып отыр. Таза экологиялық өнім емес заттардың зардабы ұрпақтан-ұрпаққа жететінін бағамдап отырған боларсыз. ТЕГІН өніммен табиғатты ластамайық!

Материал автордың 2019 жылғы мұрағатынан алынды

582

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *