GREENWORLD.KZ
Қазақстанның көптеген қалаларында ауаның ластануы дағдарыстық деңгейге жетті. 2020 жылы «Қазгидромет» Қазақстанстанның ауасы ең лас он қаланың рейтигін жариялады. Тізімде Қарағанды облысының төрт қаласы – Қарағанды, Теміртау, Балқаш пен Жезқазған бар. Бұл қалаларда көп жылдан бері экологиялық апат байқалады. Осыған орай соңғы жылдары қоғам тарапынан мәселе көтеліре бастады.
Мамандар ауаның ластануын ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, жеке тұрғын секторының шығарындылары, автокөлік пен қоқыс полигондарымен байланыстырады. Қарағанды облысының қалаларында ластаушы заттар шығарындыларының негізгі үлесі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардан келеді.
Облыстық Экология департаментінің мәліметіне сәйкес, 2020 жылы атмосфераға ластаушы заттардың нақты шығарындылары 585 мың тоннаны құраған. Мемлекеттік органдар жергілікті жұртшылықпен бірлесіп, Қарағанды облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі 2020-2024 жылдарға арналған Жол картасын бекітті. Аталған жобамен 57 іс-шара бекітілген, сондай-ақ атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын экологиялық тиімділікпен 86 152,5 тоннаға төмендету бойынша 25 іс-шараны жүзеге асыруды көздеп отыр.
Шағын қалалардың үлкен проблемалары
Теміртау шағын қала болғанымен оның проблемасы зор. Әсіресе соңғы жылдары қаланың экологиялық ахуалы нашарламаса, жақсармаған. Мұны Теміртау қаласындағы шекті рұқсат етілген концентрацияның жиынтық көлемі жобасының нәтижесінен байқауға болады. Аталған жоба қаланың барлық негізгі кәсіпорындарынан, автокөліктен және жеке тұрғын үй секторын жылытудан ластаушы заттардың жалпы шығарындыларын есепген, сондай-ақ экология және ауа бойынша санитариялық нормалар тұрғысынан қалада қауіпсіз өмір сүру үшін шығарындылар көлемін айқындаған. Бұл жоба Теміртауда «қара қар» деп аталып, қоғамдық резонанс тудырғаннан кейін қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі іс-шаралардың бірі ретінде іске асырылды. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жылдық шығарындылардың негізгі бөлігін бейорганикалық SiO2 шаңы, азот диоксиді, азот оксиді, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді және т.б. құрайды. Қаладағы шығарындылардың 80 пайызынан астамы ірі кәсіпорындарға тиесілі.
Ірі кәсіпорындар орналасқан шағын қалалардағы экоахуал неге асқынып кетті? Бұл сұрақтың жауабы сол өңірлердің тұрғындарын мазалайтыны сөзсіз. Сарапшылардың айтуынша, бастапқыда өнеркәсіптік игеру кезінде қоршаған ортаға және халқына тигізетін әсері ескерілмеген. Жылдар бойы өнеркәсіп дамығанымен, қаланың экологиялық мәселелері дер кезінде шешілмеді. Бұл
соңында қаланың экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі уақтылы ретке келтірілген және үйлестірілген іс-қимылдардың болмауы қолайсыз экологиялық жағдайға алып келді. Аталған іс-қимылдардың шешімі қазіргі уақытта мемлекеттік деңгейде қолдауды талап ететін түбегейлі шаралар болып отыр. Бұл жағдай Жезқазған, Балқаш қалаларына да тән.
Облыстың экологиялық жағдайын жақсарту үшін дайындалған Жол картасында ауаға шығарындыларды азайту, экологиялық мониторингті күшейтуге басымдық берілген. «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында қазандық және газ тазалау жабдығын қайта жаңарту, әк күйдіру цехын Теміртау қаласынан тыс шығару және Жезқазған қаласында «Қазақмыс» кәсіпорнының жаңа күкірт қышқылы цехын салу жоспарланған. Бұл шаралар қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Теміртау қаласында өндірістік ағынды суларды тазарту торабын және Балқаш пен Жезқазғанда жаңа кәріздік тазарту кешендерін салу, «АрселорМиттал Теміртау» қалдықтарын кәдеге жарату, көгалдандыру, атомосфералық ауаның жай-күйін бақылау бекеттерін көбейту, тұрғын алаптарын кезең-кезеңмен газға көшіру және т.б. ауқымды шараларды қамтиды.
Жол картасы жетілмеген
Жол картасында облыстың тек үш қаласының ахуалына ғана мән берілген. Мәселен, бүгінгі таңда Абай, Қарағанды, Қаражал, Қарқаралы, Приозерск, Саран, Сәтпаев, Шахтинск қалаларының да экологиялық мәселелері аз емес. Өңірдегі ірі көмір шахталары мен зауыттар аталған қалаларда орналасқан. Алайда өңірдің бұл өндірістік қалалары мен елді мекендері Жол каратасына кірмей қалған.
«Негізгі шығарындылар Теміртаудың өнеркәсіптік нысандарымен шығарылып отыр. Тек қана «Арселор Миттал Теміртау» АҚ шығарындылардың 87,7 пайызы тиесілі. Неге жол картасына тек Жезқагган , Балқаш, Теміртау қалалары ғана енді, бұл мәселе көптеген қоғам белсенділерін толғандырады. Өйткені Қарағандыдан басқа, облыстың басқа қалалары да, ауа сапасына қатысты жағдайды өзгертуді талап етеді», — деді эколог Ирина Игнатович.
Сарапшының айтуынша, Жол картасынан көп нәрсе күтудің қажеті жоқ. Себебі құжатта көзделген барлық шараларды жүзеге асыру нәтижесінде әр қаланың шығарындыларының қаншалықты азаятыны нақты жазылмаған, дейді ол.
«Қарағанды облыстық Экологиялық мұражайы» қоғамдық бірлестігі Жол картасын іске асыру бойынша есеп беру кездесулерінде екі рет қатысты. Өнеркәсіптік кәсіпорындар көбінесе қанша километр желі жаңарғаны, қандай да бір жаңғырту жұмыстарын қанша пайызға жеткізілгені және оған қанша ақша жұмсалғаны туралы есеп береді. Бірақ негізгі сандар — шығарындылардың қаншалықты төмендегенін біз әлі естімедік», — деп қосты Игнатович.
Датчиктердің заңды күші жоқ
Мамандардың айтуынша, өңірдегі ахуалды жақсартудың бір жолы – өнеркәсіптік қалаларда жасыл желекті көбейту. Бұл мәселе де, өңірлік жол картасында жоспарланған. Мәселен, жобада «Арселор Миттал Теміртау» АҚ санитарлық аймақ шекарасына 3000, ал қала айналасына 500000 ағаш отырғызады» деп көрсетілген. Сондай-ақ 2021-2024 жылдар аралығында Балқаш пен Жезқазғанда кәсіпорындар есебінен 38 мыңнан астам ағаш отырғызылады деп күтіліп отыр.
«Өнеркәсіптік қалаларды көгалдандыруға, санитарлық қорғау аймақтарын көгалдандыруға көп көңіл бөлу керек. Өкінішке орай, бұл мәселе де жақсы деңгейде емес. Керісінше біз ағашты кесу мәселесімен жиі кездесеміз», — дейді эколог.
Оның айтуынша, халықпен ағартушылық жұмыс жүргізу аса маңызды. Өнеркәсіптік қалаларда ауаны ластаушы заттардың мониторингіне арналған датчиктер орнатылған. Олар жұмыс істеп, нақты сандарды көрсеткенімен, халық оның не үшін орнатылғанын түсіне бермейді. Егер халық дачтиктер тарататын ақпаратты пайдалана білсе, өздерін шығарындылардан қорғап үйренетін болады деген пікірде.
«Мәселен, қондырғылар шығарындылардың шекті рұқсат етілген концентрациядан жоғары көрсеткішті көрсеткен күні таза ауада серуендеуден бас тартқан дұрыс. Үй-жайларды желдетуді азайтып, балалардың көшеге жібермеген жөн. Табиғи ресурстар басқармасының Теміртау, Балқаш, Жезқазған және Қарағанды қалаларындағы орнатқан датчиктері жай тұрып қана қоймайды, тексерулер үшін және ірі ластаушы кәсіпорындармен, сондай-ақ шағын бизнеспен күрес бойынша қандай шаралар үшін негіз болады деп күтеміз. Кейде картадан белгілі бір нүктелердегі ластаушы заттардың тұрақты артатын байқаймыз. Осы ретте шығарындылардың артуына не себеп болды және кім кінәлі деген сұрақтың жауабын табу маңызды. Әзірге датчиктер тұр, бірақ олардың ешқандай заңды күші жоқ», — дейді маман.
Бар үміт жаңа Экологиялық кодексте
«Мемлекеттің кәсіпорындарды шығарындыларды азайтуға ынталандыру бойынша қабылдаған шаралардың тиімділігіне келетін болсақ, әрине, мен оптимист шығармын. Жаңа ЭК-ке үлкен үміт артамын, оған сәйкес біздің өнеркәсіптік алыптарымыз жаңа технологияларды енгізуге, шығарындыларды азайтуға тиіс болады. Әйтпесе, олардың экологиялық төлемдерінің мөлшері бүгінгі күнге қарағанда үлкен болады. Біз бұл процесстің тез орындалмайтынын түсінеміз, ол шамамен 10 жылға созылады. Осы уақытта адамдар әлі де ластаушы заттардың коктейлінен тұратын қалаларда тұратын болады», — деп түйіндеді сөзін Қарағанды облыстық экологиялық мұражайының маманы Ирина Игнатович.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың 2 қаңтарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Экологиялық кодекске қол қойды. Жаңа кодекс экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері мен Еуропалық Одақ елдерінің тәжірибесін пайдалана отырып әзірленді. 1
шілдеден бастап күшіне енген құжатқа «ластаушы төлейді» және «ластаушы түзетеді» қағидаттары енгізілді. Яғни, кәсіпорын қоршаған ортаға келтірілген зияны үшін міндетті түрде өтемақы төлейтін болады. Әрі шығарындылар нормаларын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар 10 есеге ұлғайтылды. Егер бұзушылық қайталанатын болса айыппұл көлемі 20 есеге көбейеді. Бұған дейін ластаушы кәсіпорындар айыппұл төлеп, ауаға зиянды қалдықтарды шығаруын жалғастырып келген болатын.
Сонымен бірге, жаңа Экокодекс ең алдымен қоршаған ортаға теріс әсердің алдын алу бойынша шараларды қабылдауға бағытталған. Бұған қоса 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бірінші санаттағы жаңа ірі кәсіпорындардың озық қолжетімді технологияларды қолдануға байланысты кешенді экологиялық рұқсаттарға міндетті түрде көшуі көзделген. Жұмыс істеп тұрған аса ірі ластағыштар үшін бұл көшу экологиялық тиімділік бағдарламасына сәйкес 10 жыл ішінде кезең-кезеңмен жүргізілмек.
Бұл жарияланым АҚШ Елшілігінің Шағын гранттар бағдарламасының қолдауымен, Қарағанды облыстық Экологиялық мұражайы жүзеге асырып жатқан «Жұртшылықтың Теміртау қаласындағы ауа сапасын басқаруға қатысуы және хабардар болуы» жобасы аясында дайындалды.
