GREENWORLD.KZ
Балықты аулап қана қою – аздық етеді, оны өсіру – одан да маңызды міндет, деп хабарлайды Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі.
Атыраудың «тірі алтынын» көбейту бағытында 2018 жылы тамызда ауыл шаруашылығынан бөлініп шыққан Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасы тарапынан тыңғылықты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі, кеше ғана Еркінқала елдімекенінде орналасқан «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» кәсіпорнынан 4 миллионға жуық бекіре тұқымдас балық шабағы Жайық өзеніне жол тартты…
Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКҰЛЫНЫҢ айтуынша, науқандық шара мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында және табиғат пайдаланушылардың балық шаруашылығын дамыту жоспары бойынша іске асып отыр.

Айта кетейік, аталған зауыттың іргетасы 1998 жылы қаланған. Бүгінде республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болып табылады. Мұнда барлығы 78 адам жұмыс жасайды. Арнайы хауыздар (бассейн) мен тоғандарда бағалы балық өсіріледі. Жыл сайын Жайыққа 3,5 миллион шабақ жіберіледі. Осылайша, мемлекеттік тапсырыс 100 пайызға орындалып отыр. Бұл жолы да шабақтардың салмағы мен басқа да көрсеткіштері талапқа сәйкес келеді. Мұны арнайы құрылған комиссия жіті тексеріп, көз жеткізді.
ШАБАҚ ҚАЛАЙ ШЫҒАДЫ?
Осы орайда, көпшілікті бұл шабақтардың қалай туылатыны қызықтыратыны айтпаса да түсінікті. Олай болса, толыққанды баяндап берейік. Бұл үшін балық өсірушілердің көмегіне жүгінуге тура келді. «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» ашылғалы осында инженер-ихтиолог болып еңбек етіп келе жатқан Гүлшат ШАЙДУЛЛИНА балық өсірудің қыр-сырын жетік меңгерген. Ендеше, шабақ қалай шығады?
– Көктемнің басында, яғни, наурыз айында бекіре балығы аулана бастайды, — дейді Гүлшат Үмбетқызы. – Бұған, алдымен, Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасы ресми рұқсат береді. Осы орайда, айта кету керек, бағалы балық аулаушыларға қара балықтарды аулауға рұқсат етілмейді. Сөйтіп, шамамен маусымның ортасына дейін күн-түн демей алты жерден ау тартылады. Осындайда балықшылардың еңбегін ерліккке баламасқа болмайды!

Ауға түскен аналық және аталық балықтар тыңғылықты тексеріліп, екеуі екі бөлек хауызға жіберіледі. Әсіресе, олар мекендейтін табиғи ортаның температурасына аса зор мән беріледі. Бір қызығы, бекіретұқымдастардың бес түрі болса, солардың әрқайсысы әртүрлі температурада тіршілік етеді. Мәселен, қорытпа 9-12, бекіре 11-12, ал, шоқыр 18-22 градуста емін-еркін жүзеді. Сәйкесінше, тоған мен хауыздағы су температурасы да осы көрсеткіштерге сәйкес келуі керек. Бұл – ең басты және маңызды талап. Әйтпесе, уылдырық жарамсыз болып қалады.
Ауланған аналыққа жасанды жолмен толғақ шақыратын арнайы екпе жасалады. Содан соң бесік сияқты шайқалып тұратын (түр-сипаты да баланың бесігіне ұқсайды) арнайы аппаратқа салып, аталық ұрықпен бірге 45 минут бойы бүлкілдетеміз.
Уылдырықтың бір түйірінен бір балық шығатыны белгілі. Алдымен құйрығы пайда болады. Кейін екі көзі көріне бастайды. Сатысымен екі, төрт, алты, сегіз, соңында он бөлікке бөлінеді. Үш-төрт күн ішінде жанданып шыға келеді. Ал, жеті күнде тамақ жейтін дәрежеге жетеді. Оларды ақ және қызыл құрттармен қоректендіреміз. Қызыл құрт дегеніміз – кәдімгі жауын құрты (шұбалшын).
Шабақ хауыздан тоғанға көшіріліп, онда 60-70 күн өмір сүреді. Салмағы 3-5 грамм жинай бастағанда Жайыққа жібереміз. Айтпақшы, бұл жолы шабақтардың салмағы 24 грамға дейін жеткенін айрықша атап өткен жөн.
«CASPIAN ROYAL FISH»-ТЕН – 100 МЫҢ СҮЙРІК!
Айта кетейік, биыл бекіре шабағы осымен екінші рет Жайыққа жіберіліп отыр. Бұған дейін, осындай шара шіліңгір шілденің орта шағында өткен еді. Ол кезде өзенге Атырау қаласы маңындағы Томарлы ауылында орналасқан «CASPIAN ROYAL FISH» фермасының тоғанындағы 100 мың бекіре, атап айтқанда, сүйрік (стерляд) балығының шабағы жіберілген болатын.
Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл – фермадағы үш тоғанның тек бірінен ғана алынған шабақтар. Нақтылап айтқанда, Маңғыстау облысының табиғат пайдаланушыларымен келісімшарт жасалған болатын. Соның ішінде, «Актау-Балык LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жайық өзенін өз есебінен балықтандырып отыр.
– Біз осындай шаралар арқылы өңірдегі су айдынын бекіре тұқымдас балық қорымен толықтыруға үлес қосып жатырмыз, – деді басқарма басшысы бізбен әңгімесінде. – Зауыт ашылған 2014 жылы Башқұртстаннан 15 мың бекіре тұқымдас балық әкелінді. Польшадан орыс бекіресінің 100 мың дана уылдырығы алынып, зауыттағы бассейндерде өсірілді. Алты жылда бұл балықтардың салмағы 8-9 келіге жетті.
Жалпы, зауытта бағалы балықтың төрт түрі – орыс бекіресі, сүйрік, қорытпа мен сібір бекіресі өсіріледі. Арасында үш-бес жылдық балықтар да кездеседі. Серіктестік ұжымы балыққа қажетті жемді Польшадан алдырып отыр. Себебі, бассейндердегі тұйық суда өсірілетін балық үшін сапалы азық қажет. Рас, жем Қазақстаннан да, көршілес Ресейден де табылады. Алайда, сапасы төмендеу болып тұр.
– Біздің фермамен тығыз жұмыс жасайтын табиғат пайдаланушылар – «Жумамуратов К.Е.», «Шабаров В.А.», «Самаров А.В.», «Инвалиды войны в Афганистане», «Микор», «Розенко В.В.», «Толқын», «АН-групп», «Колесник С.В.», «Таушық ауыл шаруашылығы», «Батыс Мунай Транс», «Исатай Оперейтинг Компани» және «Актау балык компани» мекемелері. Осы мекемелер мен жергілікті балық шаруашылығы басқармасының өкілдерінен құрылған комиссия мүшелері шабақтардың санын есептеп, қабылдап алды. Содан соң, арнайы тұрба бойымен су ағызу арқылы Жайыққа жіберді, – дейді «CASPIAN ROYAL FISH» фермасының бас балық өсірушісі Ахат Ниматов.
Амандық АБДОЛОВ
