• 21/09/2021

Әлем — ортақ

Көкөністердің «денсаулығы» қандай?

GREENWORLD.KZ

Импортқа неге иілеміз?

Карантин атауы тек қоғам мен адамға ғана емес, өсімдіктерге де байланысты. Мәселен, Қазақстанда жыл басынан бері өсімдіктер карантині саласында карантинге жатқызылған өнімді әкелуге қатысты 1300-ден астам заңбұзушылық анықталған. Карантиндік фитосанитариялық талаптарды бұзып, карантин тобындағы 11 мың тонна өнімді жеткізбек болғандардың жолына тосқауыл қойылды. Қазақстанға жеткізілетін өнімнен карантиндік объектілер табылған 155 жағдай тіркелді. Тәртіп бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 56 млн теңгеден астам сомада айыппұл төледі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеп отыр.

Кәдімгі қара базардағы көкөніс, жемістердің дені – импорттық жолмен тасымалданған тауарлар. Содан болар, баға ырыққа да, нарыққа да көнбей, күннен-күнге өсіп жатыр. Одан бөлек, бұл әдіc елдегі өсімдік шаруашылығын қолға алушыларға әжептәуір кедергі. Соның салдарынан атакәсіптің бұл түріне икемделіп, іске кірісе алмай жүргендер көп. Хош, жыл басталғалы алғашқы үш айда әлем елдерінен 8203325,2 мың АҚШ долларына тауар тасымалданған. Оның ішінде жануарлар мен өсімдік тектес өнімдер, дайын тамақ өнімдерінің көлемі 966895,1 мың долларға 11,8 пайыз өнім әкелінген. Ал өткен жылдың 11 айында азық-түлік импортының көлемі 3 миллиард 600 миллион долларды құраған. Сыртқы және ішкі сауда экономиканың өзекті саласы болғанымен, шетелден тасымалданатын тауарлардың сапасы сын көтермейтін жайттар жиі кездеседі. Себеп қандай, салдары қайсы?

Қытай қандай өнім жібереді?

Бұл жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ және соңғысы да емес. Олай дейтініміз, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан және ЕАЭО заңнамаларында белгіленген карантиндік талаптар бұзылғаны үшін 8 мың тоннадан астам өнім жөнелтуші елге кері қайтарылған.

 — Елге әкелінген жоғарғы тәуекелдегі фитосанитариялық карантиндік өнімге қарасты тексеріс нәтижиесінде 800-ден астам факт тіркелген. Оның 110-ы карантиндік объектілер ретінде тіркелген болса, 500-ден астамында тиісті құжаттары сәйкес келмеген немесе мүлдем жоқ. Нәтижесінде Қазақстан және ЕАЭО заңнамасында белгіленген карантин талаптарын бұзуға байланысты экспорттаушы елдерге 8 мыңнан астам тонна өнім кері қайтарылған, — делінген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Шекара сызығынан өте алмай, кері жөнелтілген өнімнің көлемі бойынша 6022,2 тонна өніммен Қытай, 1136,2 тоннамен Ресей көш бастап тұр. Одан бөлек Өзбекстанның 439,2, Қырғызстанның 307,4, Әзірбайжанның 303,6, Иранның 243 және Түркіменстанның 212,5 тонна тауары Қазақстанға қабылданбаған. Қайтарылған өнімдердің басым көпшілігі – қызанақ, бұрыш және арпа өнімдері. Онда қызанақ жемістерінің қоңыр әжім вирусы, арамсояу, батыс гүл трипсі, Комсток құрты және тағы да басқа карантиндік объектілер анықталды. Талаптарды бұзған тарапқа әкімшілік жауапкершілік негізінде 37 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.

Өнімді түгел жоятын бактерия қайдан келді?

Пәленбай мың долларға тасымалдадық деген тауардың бәрі бірдей жарамды бола бермесі анық. Әсіресе, күнделікті ас-ауқатқа тұтынып отырған көкөністердің «денсаулығы» бұрынғыдай емес. Байқасаңыз, тез солып қалады, аз уақыттың ішінде қышқылданып немесе көгереді, кей жағдайда сырты бүтін болғанымен ішкі бөлігінде өсімдік құрттары жүреді. Дәл осындай зиянды қоздырғыш бактерия (Candidatus Liberibacter Solanacearum) сәуір-мамыр айларында Германия, Нидерланды және Франция елдерінен жеткізілуі тиіс 228 тонна тұқымдық картоптан және 46,4 келі француздық сәбіз тұқымынан тіркелді. Импортталған тұқымдардан сәбіз бен балдыркөктің барлық дақылдарын жойып жібере алатын бактерия «Өсімдіктер карантині республикалық орталығы» ММ Алматы аймақтық карантиндік зертханасының сараптама қорытындысы арқылы расталған.

Мамандардың айтуынша, картоп тұқымдығынан анықталған «Candidatus Liberibacter Solanacearum» бактериясы Қазақстан Республикасының аумағына жоғары фитосанитарлық қауіп төндіреді. Зебра чипі картопқа, қызанаққа, сәбіз бен балдыркөкке және басқа да дақылдарға кері әсер етеді. Бактериялар республика аумағына таралатын болса, өнімді түгелдей жойып жіберуі мүмкін және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне едәуір нұқсан келтіретін көрінеді.

Бүгінде жұқпалы бактериясы бар тұқым фактілері бойынша тиісті карантиндік құжаттар ресімделді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес материалдар соттың қарауына жіберілген.

«Қоңыр әжім» басқан қызанақ

Ағымдағы жылдың маусым айының алғашқы онкүндігінде импортталатын көкөністерге қатысты тағы да ши шықты. Түркіменстаннан тасымалданатын қызанақ пен бұрыш өнімдеріне ҚР АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті тыйым салды. Неге?

Бұл – қызанақ пен бұрыштан карантиндік организмдердің анықталу жағдайларының жиілеуіне байланысты енгізілген шаралар. Түркіменстанның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік қызметінің фитосанитариялық сертификаттарының сүйемелдеуімен Қазақстанға жеткізілетін қызанақтарға карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде «қоңыр әжім» вирусының (Tomato brown rugose fruit virus (ToBRFV) 19 дерегі анықталған.

Көрші республиканың уәкілетті органдарының экспортталатын өнімде вирустың пайда болу себептерін тексеру туралы объективті деректерінің болмауына байланысты және Қазақстан аумағындағы карантиндік фитосанитариялық ахуалды ушықтырып алмау мақсатында комитет 2021 жылдың 7 маусымынан бастап Түркіменстаннан қызанақ пен бұрыш әкелуге уақытша тыйым салды.

Импортқа тәуелділіктен қашан арыламыз?

Ел Үкіметі өткен жылдың аяқ шенінде Қазақстан 2021-2023 жылдар аралығында азық-түлік бойынша импортқа тәуелділікті толығымен жоямыз деген уәде берген-ді. Қараша айында Парламенттің жоғары палатасында алдағы үш жыл ішінде алты тауар тобы бойынша импортқа тәуелділікті жою жоспарлары жүзеге асырылатыны талқыланған.

 — Атап айтқанда, қант, құс еті, алма, сүт өнімдері және балық. Ол үшін бізге бірқатар инвестициялық жобаны іске асыру қажет. Олардың саны 200-ден асады, жалпы сомасы – 750 миллиард теңге. Біз өз алдымызға 2021-2023 жылдар ішінде импортқа тәуелділікті біржолата жою міндетін қойдық, — деген еді ҚР Премьер-министрі А.Мамин.

Айта кетейік, былтыр да осы тектес фитосанитариялық талаптарды орындамау, сертификатсыз өнімдер мен карантинге жатқызылған өнімдердің тасымалдануы анықталып, жеткізуші елге кері қайтарылған. Өсімдіктер карантині саласындағы заңнамалардың талаптарына сәйкес, аталған өнімдер ел аумағына тасымалдауға тыйым салынған. Жүктер Ресей Федерациясына, Қытай Халық Республикасына кері қайтарылып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.

96

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *