Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Қызылорда медициналық жоғары колледжі базасында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің филиалы ашылды.
Филиалдың ресми ашылу салтанатын облыс әкімінің орынбасары Шаменова Балжан Мөрәліқызы құттықтау сөзімен ашып, көпжылдық тарихы бар М.Оспанов атындағы БҚМУ филалының облысымызда ашылудағы басты мақсаты – жергілікті мамандардың кәсіби деңгейін арттыру, білім беруді тереңдету, аймағымыздағы медициналық кадр тапшылығы мәселесін шешу болып табылатындығын атап өтті.
Шараға «М.Оспанов атындағы БҚМУ» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Досқалиев Жақсылық Ақмырзаұлы, «М.Оспанов атындағы БҚМУ» Басқармасының төрайымы-ректор міндетін атқарушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Исмагулова Эльнара Керейқызы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Пазилов Сабит Бексеитұлы және медицина ұйымдарының басшылары, білім алуға ынталы дәрігер-резиденттер мен олардың тәлімгерлері қатысты.
«Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда қаласындағы филиалының ашылу лентасын қию рәсімі Балжан Мөрәліқызы мен «М.Оспанов атындағы БҚМУ» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Ақмырзаұлына ұсынылды.
Салтанатты шара барысында қонақтар оқу-практикалық базасын аралап, оқу кабинеттері мен симмуляциялық орталықпен танысты.
Қызылорда қаласындағы университет филиалында 12 резидент білімдерін жалғастыратын болады. Оның ішінде 4 реаниматолог-анестезиолог, 3 инфекционист, 1 офтальмолог, 1 травматолог-ортопед және оториноларинголог, неонатолог резиденттер бар.