• 27/03/2023

Әлем — ортақ

«Қазақтелеком» Қазақстанда 5G желісінің алғашқы нүктелерін енгізді

Автор:Greenworld.kz

Ноя 29, 2021

GREENWORLD.KZ

Жаһандық шығын 1 трлн АҚШ долларынан асады

Соңғы он жылдықта Қазақстан телекоммуникация саласы арқылы бәсекелестік артықшылыққа қол жеткізу тәсілі ретінде әртүрлі технологиялық жаңашылдыққа бет бұрып келеді. Қазірдің өзінде біз кең ауқымды телекоммуникация саласында жұмыс істейтіндердің әртүрлі қосымшалар мен қызметтерді жылжыту үшін 5G терминін қолданып жүргендерді көріп отырмыз. Бұл термин жарнамалық мақсатта кеңінен қолданыла бастады және қазіргі уақытта салалық дыбыстық сөз болып табылады. Жаңа толқынды қызметтің бұл түрі маңызды болмаса, операторлар қосымшалар мен қызметтерді орындау барысында интернет жылдамдығына баса назар аудармас еді. Бүгінде дүниежүзінде деректерді басқаруда кеңжолақты қызметтерге қажеттілік артып отыр. Бұл деректерді пайдалану көлемінің артуымен тығыз байланысты. Нәтижесінде біз дата-орталықтардың саны өсіп жатқандығының куәсі болып отырмыз. IoT/M2M және «Blockchain» мобильді деректердің көбеюімен бірге, осының барлығы деректер трафигінің өсуіне ықпал етеді. Мәселен, IoT-ге жаһандық шығындар таяу жылдарда 1 трлн АҚШ долларынан асады деген болжам бар. Бүгінгі күннің өзінде Азия – IoT шығындары бойынша ең үлкен аймақ. Соңғы бірнеше жылда IT саласының қарқынды дамып келе жатқан тармақтарының бірі – 5G жылдам желісі. «Edge Computing»-ке қызығушылық артып келеді, өйткені ол пайдаланушы үшін жылдамдық пен тиімділікті арттырады. Сондай-ақ, 5G және жасанды интеллект ақылды қалалардың инновациялық жобаларын іске асыруда маңызды рөл атқарады.

2025 жылға дейін Қазақстан 5G технологиясын қолданады

Қазақстанның өркениетті елдер көшіне ілесу бағытындағы бағдарламалары жетерлік. Солардың қатарында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы да бар. Онда байланыс желілерін қамтуды кеңейту, контурды қорғау және ақпараттық қауіпсіздік оқыс оқиғаларын алдын алумен кеңжолақты деректерді берудің жаһандық желілеріне қолжетімді инфрақұрылымын дамыту мәселелерін қамтиды. Деректерді берудің қолжетімділігі, тұрақтылығы және қауіпсіздігі аталған бағдарламаның және ақпараттық технологиялар мен цифрландыру мәселелерімен байланысты басқа да бағдарламалардың барлық бастамалары үшін қажетті техникалық негіз болып табылады. Бастама байланыстың спутниктік жүйесін жаңғыртуды, ауылдық елді мекендерге дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ – ред.) дамытуды, транзитті потенциалды арттыруды және цифрлық телерадио хабарларын кеңейтуді қамтиды. ТОБЖ, сондай-ақ спутниктік технологиялар базасында ауылдық елді мекендерді кеңжолақты және қолжетімді интернетке қол жеткізуді қамтамасыз ету маңызды. Бұл мақсаттар үшін басым жобалардың бірін іске асыру – мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша 1200-ден астам ауылдық елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жоспарлануда. ТОБЖ-мен қамту мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарды жылдамдығы жоғары байланыс қызметтерімен қамтамасыз етеді. 2,1 миллионнан астам адам жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосылудың техникалық мүмкіндігіне ие болады. Осы мақсатта республика бюджетінен 2018-2022 жылдары бағдарламаны іске асыруға 141 048 387 мың теңге қаралған. Оның 21544099 мың теңгесі 2018 жылы игерілсе, ағымдағы жылы 33153045 мың теңгені жарату керек. 2020 жылы 59865614, 2021 жылы 26485629 мың теңгені толығымен игеру міндеттеледі. Осы қаржыға елдегі барлық мобильді инфрақұрылымды 5G-ге дамыту жоспарлануда.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында берген брифингіндегі мәліметтерге сүйенсек, 2022-2023 жылдары елде 5G интернетін тарататын құрылғылар орнатылады. Министр бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістанда 5G интернетін тестілеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, елордадағы ЭКСПО ауданында аталған интернет желісін іске қосу жұмысы сынақтан өтуде.

  • 5G интернетін тарататын бірнеше құрал бар. Оларды сынақтан өткізіп жатырмыз. Оның жылдамдығын кеше speedtest арқылы тексердік. Ол 1 Гибабит болды. Бұл жұмыс пилот жобасы аясында жүргізілуде. Біріншіден, 5G интернетіне көшудің нәтижесінде 100 мегабит жылдамдықты ұсынамыз деген үміттемін. Екіншіден, 5G радиожиілікті енгізуді талап етеді. 2022-2023 жылдары біз Қазақстанның әр қаласында мобильді операторлардың көмегімен құралдарды орнатуды жоспарлап отырмыз. 2025 жылға дейін барлық облыс орталығында 5G технологиясы бойынша байланыс беріледі, – деді Бағдат Мусин.

Бұл желі қоғамның үлкен қызығушылығын тудыруда. Егер бұл жылдам желі іске қосылса, ұялы желілердің жалпы сыйымдылығын, жылдамдығы мен кідірісін жақсартады деп күтілуде. Халықаралық телекоммуникациялар одағы (ITU) 5G ғаламдық стандартына қатысты зерттеулер жүргізген. IoT-дің қазіргі дамуын қолдайтын бірқатар технологиялар бар, мәселен, Wide Area Networks (WAN) және төмен қуаттылық (LPWA). Әзірге 3G, 4G, 5G секілді жылдам интернет желілерін қарқынды қолданып келе жатқан секторлар – смартфондар мен планшеттер нарығы.

2025 жыл: 5G және 251 млн АҚШ доллары

Жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен жыл сайынғы «Digital Bridge» халықаралық форумы өтті. Форумға қатысушылар «Қазақтелеком» стендінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Astana Hub» аймағында оператор іске қосқан 5G желісінің жұмысын тексеруге мүмкіндік алды, сондай-ақ өнеркәсіптік және басқа да 5G кейстерімен танысты.

Елімізде IOT нарығы сақадай сай, соңғы құрылғылардың құны мен энергиялық тиімділігін болжайтын «Қазақтелеком» келешекте 4G және 5G желілері негізінде NB-IoT шешімдерін әзірлеуді қарастыруда. Оларды жүзеге асыру ұялы IoT шешімдерінің қажеттілігі мен құрылғы экожүйесінің жеткілікті түрде дамуына ықпалы бары анықталып отыр. Бұдан біз 5G жылдам жүйесінің болашақтың технологиясы, өркениет тиімділілігі екенін аңғарамыз. Егер даму перспективасы жылдам әрі қауқарлы деңгейлі жүргізілсе, 2025 жылға қарай Қазақстанда 100 млн-ға жуық құрылғы IoT-ке қосылады, бұл ұялы байланыс нарығының әлеуетінен 3,5 есе көп. Дәл осы 2025 жылы елдегі нарық көлемі 251 миллион АҚШ долларына жетеді деген болжам бар. Міне, тартымды технология, игілікті интернет желісі – осы.

«Қазақтелеком» АҚ баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, форум аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, онда «Қазақтелеком» басшысы Қуанышбек Есекеев республикадағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша баяндама жасады. Қуанышбек Есекеев Қазақстандағы телекоммуникация және АКТ-инфрақұрылымын дамытудың ағымдағы жай-күйі, сондай-ақ 5G енгізу жоспарлары және елде гипермасштабты «hyperscale» деректер орталығы мен супермагистраль құру бойынша жасалатын жобалар туралы баяндады. «Қазақтелеком» басшысының пікірінше, тәуелсіздік жылдарында құрылған телекоммуникациялық инфрақұрылым экономикада, бизнесте және жалпы мемлекет өмірінде цифрландырудың көптеген жобаларын жүзеге асыруға сенімді негіз болды.

Айта кетейік, биыл тәу еткен тәуелсіздігіміздің тұғырға қонғанына 30 жыл толып отыр. Осы үш онжылдықтың бедерінде Қазақстанда 82 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық желі және мобильді қолжетімділікті қамтамасыз ететін 13 мыңнан астам базалық станция салынды. Бұл еліміздің бүкіл аумағын тіркелген байланыспен қамтамасыз етеді, бұл ретте ел тұрғындарының 81 пайызы LTE стандартының мобильді желілерін пайдаланады. Бұл өз кезегінде деректерді сымсыз жоғары жылдамдықпен таратуды қамтамасыз етеді.

  • Өткен екі жылдың өзінде ірі байланыс операторы республиканың 828 ауылдық елді мекеніндегі 2,5 мыңнан астам мемлекеттік және бюджеттік ұйымдарды 14,5 мың шақырым «оптика» төсеп, кең жолақты интернетпен қамтамасыз етті.

«Оптикаға» жаңа қосылымдар негізінде Қазақстанның үш ірі ұялы байланыс операторы, соның ішінде «Қазақтелеком» компаниялар тобына кіретін екі құрылым, бірлесіп 250+ жобасының аясында базалық стансалар желісін салды. Ол 250 адамнан астам тұрғыны бар Қазақстандағы түгелдей дерлік ауылдарды қамтыды. Нәтижесінде кең жолақты қолжетімділікпен қамтылған аумақтарда тұратын қазақстандықтар саны жалпы халық санынан 84%-дан 99,3%-ға дейін өсті. Республика картасында 4G стандарты жетпеген «ақтаңдақтар» бүгінгі таңда жоқ дей аламыз. Сондай-ақ, елді мекендерге тартылған талшықты-оптикалық байланыс желісі мен 250+ жобалары аясында біз шешіп жатқан басты мәселе қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жою, облыста телекоммуникация қызметтерінің барлық спектрін ұсыну екенін атап өткен жөн», — деп мәлімдеді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында «Қазақтелеком» компаниясының ірі, ауқымды жетістіктерінің бірі ретінде Қазақстанда 5G желісінің алғашқы нүктелерін енгізгенін айтуға болады. Бүгінде Түркістан облысында 5G базалық станциясын іске қосып, Бекзат Саттарханов даңғылында 5G желісінің алғашқы нүктесін құруға мүмкіндік берді: 5G құрылғыларының иелері мен Altel және Tele2 абоненттері енді 5G желісін сынақтан өткізіп көруіне болады. 5G желісінің осындай нүктесін «Қазақтелеком» компаниясы ел аумақтарында кезең-кезеңімен іске асырады деген жоспар бар.

Кеңжолақты 5G-ге қол жеткізген елдер бар ма?

Сіз білесіз бе, Ұлыбритания ұялы технологияның келесі буынына теңесіп тұрған 5G технологиясы бойынша жаһандық көшбасшы болуға ұмтылуда. Өйткені бұл бизнесті алға жылжытуға, динамикалық бизнес модельдерін шығаруға және жаңа мүмкіндіктер мен нарықтарды ашуға мүмкіндік береді. Ұтқыр технологиялар дамып келе жатқан сұранысқа сәйкес болу үшін үнемі ізденіс үстіндегі ел өзге елдерден қалыс қалуды намыс санайды. Әлем сарапшыларының айтуынша, 2020 жылға қарай ғаламдық мобильді трафиктің ай сайынғы жылдамдығы 30,6 экзабит-1 болады деп күтілуде. Ал Қытайда 2020 жылы іске қосылғаннан бастап бес жыл ішінде 5G байланысы 428 миллион доллар табыс әкеледі деп болжануда.

Қазіргі қолданып жүрген 4G технологиясымен салыстырғанда 5G деректер жылдамдығын 10 есе арттыруға қауқарлы. 2020 жылға қарай Еуразиялық одақ елдерінің барлығында 5G қызметтері болуы міндетті, 2025 жылға дейін қалаларда және негізгі көлік жолдарында үздіксіз қолданылуы басты шарттардың қатарында. Бұл жаңашыл технология әчіресе ұялы телефон индустриясы мен инфрақұрылымын дамытуға айтарлықтай үлес қосады. 5G кеңжолақты қарқынды интернет желісі бүгінде Катарда қол жетімді, сондай-ақ, Ирак, Оман, Палестина, Мальдив аралдары, Сингапур, Алжир және басқа елдерде базалары бар.

Ал Қазақстанда бесінші буын байланыс стандарты бизнестің түбегейлі жаңа мәселелерін шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Бизнестің жеке элементтерін цифрландырудан бастап IoT (Internet of Things, Internet of Things) негізінде «ақылды қалалардың» интегралды архитектурасын салуға дейін, цифрлық индустрия және «ақылды өндірістер» құруға да мол мүмкіндік тумақшы. Ал олардың қызметі елімізде жаңа стандартты кеңінен қолданысқа енгізген күннен бастап толығымен автоматтандырылады.

 Көптеген елдердің тәжірибесі көреткендей, ұялы байланыс стандартының жаңа буыны әр он жыл сайын жаңарады. Мәселен, 1981 жылы бірінші стандарт -1G, 1992 жылы – 2G, 2001 жылы – 3G, 2010 жылдың аяғында 4G енгізілді. Енді 2025 жылға дейін Қазақстанда 5G стандартын енгізу күтілуде. Бұл ең алдымен, жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеді. Екіншіден, пилотсыз көліктер жүргізуге мүмкіндік береді. Мысалы, 4G мобильді байланыс технологиясымен салыстырғанда жылдамдығы қырық есе артық технологияны ұсынады. Интернет еш кедергісіз жұмыс істеген кезде, көптеген артықшылықтарға қол жеткіземіз.

Нұрбике ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,

Қызылорда облысы

386

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *