• 21/09/2021

Әлем — ортақ

GREENWORLD.KZ

Бүгінгі таңда бәріміздің ортақ мекеніміз – Орталық Азияның тағдыры шешіліп жатыр. Терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық қылмыс сияқты сын-қатерлер әлі де бар. Осы проблемалар біздің елдеріміздің орнықты дамуына тікелей немесе жанама түрде әсер етіп отыр. Сондықтан бір-бірімізбен қажетсіз бәсекелестікке жол бермей, бірлігімізді нығайта түсу аса маңызды.

Осы орайда ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту үшін достық, тату көршілік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге тез арада қол қою айрықша маңызды. Тараптардың осынау тарихи құжатқа жуық арада қол қоюға дайын екенін қуана құптаймыз. Жұмыс тобы деңгейіндегі келіссөздер барысында тараптар бұған ықылас-ынта білдіргенін білемін.

Біз өзекті халықаралық мәселелер бойынша барынша ортақ көзқараста болғанымыз жөн. Сол арқылы әлемдік қауымдастыққа ұстанымдарымыз үйлесімді екенін көрсетеміз.

Бұл – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың

Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуінде сөйлеген сөзі.

Үшжақты меморандум бекітілді

Мемлекеттің қауіпсіздігі, жаһандық тыныштық адамзат баласының қауіпсіздігі үшін маңызды құбылыс. Елімізде діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Осы ретте Қызылорда облысының дін істері басқармасының аталмыш бағытта жыл басынан бері атқарған жұмыстарын жариялағанды жөн көрдік.

 — Діни қызмет саласындағы функцияларды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Ұлттық кеңес отырысында берген дін істері жөніндегі дербес басқармаларды қалпына келтіру туралы тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысы әкімдігінің 2020 жылғы 21 қазандағы №122 қаулысымен «Қызылорда облысының дін істері басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Басқарманы құрудың барлық қадамдық шаралары 2020 жылғы қарашада толығымен аяқталып, әділет органынан ресми тіркеуден өтіп, басқарма 1 желтоқсаннан бастап дербес құрылым ретінде жұмысын бастады, — дейді Қызылорда облысының дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ш.Назаров.

Аталмыш басқарманың дерегіне сүйенсек, өңірде діни ахуал тұрақты деп сипатталады. Аймақтағы діни ахуалды зерттеу және талдау мақсатында тоқсан сайын әлеуметтік сауалнама жүргізіліп отырады. 2021 жылғы ІІ тоқсандағы әлеуметтік сауалнамаға қатысқан респонденттердің 86,5%-ы облыстағы діни ахуалдың жай-күйін «тұрақты» деп бағалаған. Облыстық дін істері басқармасы бұған дейін облыстық ішкі саясат басқармасының құрамында бөлім ретінде осы функцияларды атқарып келді. Дербес басқарма болып құрылғаннан кейін қызмет аясы кеңейді, жұмыс ауқымы өсті.

 — Облыстық дін істері басқармасы болғалы бері 10-нан аса жоспар бекітіліп, жұмыс жүргізілуде. Дін мәселесі жөніндегі облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының құрамы өзектендірілді. Діни бірлестіктер клубы құрылды. Алдағы уақытта «Шаңырақ» отбасылық клубын құру, Шешендік өнерге баулу клубын құру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, мемлекеттік дін саясатын жүргізуші мамандардың, оның ішінде теологтардың, имамдардың, ақпараттық түсіндіру тобы мүшелерінің біліктілігін, коммуникативтік қабілетін арттыру мақсатында оқу курстарын, семинар-тренингтерді, дөңгелек үстелдерді, тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру бойынша облыстық дін істері басқармасы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, ҚМДБ-ның облыстағы өкілдігі «Ақмешіт-Сырдария» мешіті арасында 3 жылға  үшжақты меморандум бекітілді, — деді басқарма өкілі.

Сондай-ақ, тұрғындар арасында дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастыру және оңалту мақсатында І жартыжылдықта түрлі форматта 774 шара өткізіліп, оған 10 632 адам қамтылған. Іс-шаралар түрлі санаттағы тұрғындар арасында өткізіп, орта және жоғары білім беру мекемелерінде кездесулер, шаралар, тұрғындар арасында акциялар, мемлекеттік және бюджеттік сала мамандарымен, құқық қорғау, қорғаныс саласы өкілдерімен, АТТ мүшелерімен, діни бірлестік өкілдерімен түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырып келеді.

«Көмбе.SYR» арнасы ашылды

Интернет және әлеуметтік желілер арқылы радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті, діни қатынастар саласындағы радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және радикалсыздандыру мақсатында оңалту жұмыстарымен айналысатын теолог мамандарға арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылған. «Деструктивті діни ағымдарды ұстаушыларды оңалту мен бейімдеудің теологиялық және психологиялық әдістері», «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл шараларын ұйымдастыру әдістері» тақырыбында өткізілген семинар-тренингтер де – айқын бастамалардың бірі. Дін мәселелерін зерттеу орталығының 4 теолог маманы «Исламдық бағыттағы деструктивті және радикалды діни идеологияны ұстанушыларды радикалсыздандыру және оңалту» тақырыбында бір айлық курсынан өтіп, біліктілігін арттырған. Бұл – аймақтағы діни мәселелер күрмеуінің қиындамауына септігін тигізері анық.

Облыстық дін істері басқармасымен ұлт тарихын, ұлттық құндылықтарды, қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы әлеуметтік желіде кеңінен ақпараттандыру арқылы деструктивті діни ағым идеологиясына қарсы насихат жұмыстарды күшейту мақсатында түрлі бағытта ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – облыстық дін істері басқармасы жанынан «Көмбе.SYR» атауымен «YouTube» арнасының ашылуы. «YouTube» арнасында «Сыр-сұхбат», «Жыр-жақұт», «Поэзия патшалығы», «Көнелер көзімен», «Сыр-сандық», «Жаршы» тақырыптық бағытындағы бағдарламалар жүргізіліп, бүгінде 30-дан астам бейнематериалдар орналастырылды.

Атап айтқанда, «Жаршы» ақпараттық апталығында өңірімізде дін саласында атқарылып жатқан жаңалықтар әрбір жұмада жарияланып тұрса, «Сыр-сандық» бағдарламасында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен ырым-жоралғыларына түсініктеме беріліп кетеді. Мәселен, бүгінгі күнге дейін отқа май құю, жиендік жасау секілді ұғымдарға түсініктеме берілсе, «Жыр-жақұт» бағдарламасына Сыр бойының белгілі жыршылары мен жыраулары, әншілері қатыстырылуда.

«Ұлттық құндылық – ұлт болмысы»

Ақпарат толқынын әлеуметтік желілерде қалыптастыру бүгінгі таңда үрдіске айналғанын білесіз. Осыған орай, әлеуметтік желілерде түрлі тақырыптарда акциялар мен челлендждер жүргізу қолға алына бастады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Наурыз мерекесі қарсаңында қоғамда ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Ұлттық құндылық – ұлт болмысы» атты ақпараттық челлендж бастау алды. Бұл үрдіс әлеуметтік желіде ұлттық тағамды әзірлеу, ұлттық киімді көрсету, ұлттық дәстүрлер мен ұлттық ойындарды насихаттау және көктемгі тазалық, оның ішінде ағаш отырғызуға шақыру бағыттарын қамтыды. Челленджге облыстық АТТ мүшелері Ж.Базартай, Б.Оспанов, С.Алдашбаев, Н.Мұсаева, Б.Әбуов қатысып, әлеуметтік желілердегі парақшаларына бейнероликтер орналастырды. Челленджге облыстағы түрлі салада қызмет ететін қоғам белсенділері қолдау білдірді.

Теологиялық білім беру жүйеге қойылған

Қызылорда облысының діни істер басқармасының ресми мәліметі бойынша Қазақстан аумағында тіркелген 13 рухани (діни) білім беру ұйымы бар. Оның 11-і Исламдық бағыттағы оқу орны («Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті, 9 медресе колледжі, ҚМДБ жанындағы имамдардың біліктілігін арттыру Ислам институты). Христиандық бағытта – 2 оқу орны бар (Алматы Православиелік рухани семинария және Қарағандыдағы Жоғарғы епархияаралық «Мария – Шіркеудің Анасы» рухани семинариясы). Қызылорда облысында ресми тіркелген діни медресе жоқ. Дегенмен, арнайы тіркеуден өтпеген, рұқсат алмаған діни медреселер әр өңірде қызмет жасап отырғаны жасырын емес. Ондай оқу орындарымен құқық қорғау органдары жұмыс жүргізуде.

Биылғы көктемде облыстағы мектеп бітіруші түлектердің діни көзқарасын анықтау мақсатында сауалнама жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік сауалнамаға жүргізілген мониторинг бойынша өңірімізде діни білім алуға, шетелде діни білім алуға қызығушылығы бар екендігі анықталды. Осыған орай қала және аудандардағы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, дінтану негіздері пәндерінің мұғалімдері 9-11 сынып оқушыларымен жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

 — Қазіргі таңда еліміздің жоғары білімді имамдарды, Исламтану, дінтану, екі шет тілі (араб-ағылшын, ағылшын-араб тілдері) мамандарын дайындайтын бірегей жоғары оқу орны – «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінде қызылордалық 109 азамат білім алуда. 2020 жылы діни білім беру ұйымдарын бітіріп келген 25 жас маманның 24-і жергілікті мешітке және біреуі Дін мәселелерін зерттеу орталығына жұмысқа орналасты. 2020 жылы «Нұр-Мүбарак» ЕИМУ-ге облыс әкімінің 6 гранты бөлініп, бүгінде осы 6 студент 1-курсты тәмамдап, елде жазғы демалысын өткізуде. Биыл да діни оқуға ниетті 21 азаматтың тізімі ұсынылды. Тамыз айында облыстық комиссиямен оқуға түсетін азаматтар тізімі белгіленіп, 10 бітіруші түлек «Нұр-Мүбарак» ЕИМУ-ге оқуға облыс әкімінің грантымен қабылданады деп жоспарлануда. Айта кету керек, облыс әкімінің грантымен оқуға түсетін түлектердің барлығы әлеуметтік жағдайы әлсіз отбасылардан шыққан балалар, — дейді Ш.Назаров.

Облыста 189 діни ұйым бар

Дін істері комитетінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы бойынша 233 азамат шетелдік теологиялық оқу орындарында білім алуда. 10 қызылордалық шетелде діни білім алып жатыр. Шетелде білім алушылармен байланыс тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Олармен шетелде жүрген кезінде бейнебайланыс орнатылады, ата-аналарымен сұхбат жүргізіледі, отбасы әлеуметтік қолдауға мұқтаж болып жатса, жергілікті атқарушы органдардың көмегімен көмектер ұйымдастырылады. Елге келген уақытында жүзбе-жүз кездесулер ұйымдастырылып, облыс көлемінде болып жатқан түрлі мәдени-көпшілік шараларға мейлінше жиі қатыстыру көзделеді.

Облыста 7 конфессияға жататын 189 діни ұйым, оның ішінде 11 жергілікті діни бірлестік және 178 филиал жұмыс жасауда. Сонымен қатар, 2 миссионер тіркелген. 11 жергілікті бірлестік: 1 православие, 2 евангельдік христиан-баптистері, 5 Елуіншілер шіркеуі, 2 пресвитериандық шіркеуі, 1 ехоба куәгерлері қызмет жасайды. 178 филиалға 174 Ислам, 1 Рим Католик, 2 Евангельдік христиан-баптистері, 1 Елуіншілер шіркеуі, 2 миссионер кіреді.

Діни бірлестіктер арасында конструктивті диалогты кеңейту және конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында Қызылорда облысының дін істері басқармасы жанындағы діни бірлестіктер клубы жұмыс жасайды. Клубтың ережесі бекітіліп, мүшелері тізімінің жобасы жасақталып, клубтың отырысы тоқсанына бір рет ұйымдастырылып тұрады. Діни бірлестіктер клубының мүшелерінің, олардың отбасы мүшелерінің қатысуымен таза ауада бірлескен көктемгі тал егу акциясы ұйымдастырылды. Алдағы уақыттарда клубтың жұмысын стандартты емес үлгіде өткізу, мемлекеттік, ұлттық мерекелер мен діни мерекелерді бірлесе атап өту, түрлі тематикалық кездесулер мен спорттық, тағы басқа да шараларды өткізу жоспарлануда.

Күмәнді ақпараттар сарапталады

Облыстық дін істері басқармасы әлеуметтік желіде діни мазмұнда жарияланған, экстремистік-террористік бағытта күмәнді деп танылған материалдарды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің дінтану сараптамасына жолдап отырады. Жыл басынан бері күмән келтірген барлығы 68 сілтеме, 4 парақша дінтану сараптамасын жүргізу үшін Дін істері комитетіне дінтану сараптамасына жолданды. Сілтемелерге жүргізілген дінтану сараптамасының негізінде 12 сілтемеге оң қорытынды берілсе, 30 сілтеме теріс қорытынды алып, Қазақстан Республикасы аумағында пайдалануға және таратуға ұсынылмайды деп танылды. Теріс қорытынды алған сілтемелердің барлығы заңға сәйкес жұмыс жасау үшін Қызылорда облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасына жолданады. Сонымен қатар, интернет кеңістігінде радикалды діни идеологияның таралуын болдырмау мақсатында құқыққа қайшы деп анықталған конттентті, діни, экстремистік-террористік бағытта күмәнді деп танылған материалдарды «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Ақпараттық жүйеге енгізілген сілтемелер қаралып, бұғатталады. Одан бөлек, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде парақшасында күдікті материалдарды жариялап отырған қызылордалықтардың аккаунттары анықталып, дінтану сараптамасына ұсынылады. Теріс қорытынды беріліп, Қазақстан Республикасы аумағында пайдалануға және таратуға ұсынылмайды деп танылған аккаунттар бұғатталады. Тұрақты түрде жасалатын мониторинг нәтижесінде «Вконтакте» әлеуметтік желісінде тыйым салынған 500-ден астам топқа 12 мыңға жуық облыс тұрғындарының тіркелгені анықталып, олармен түсіндірме жүргізіліп, оларды топ қатарынан шығару бойынша жұмыстары жүргізілді.

Айыппұл салынады

Ел аумағында тыйым салынған және экстремистік, террористік деп бұғатталған материалдарды таратуға әкімшілік айыппұл қарастырылады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 453 және 490-баптарына сәйкес заңнама бұзылған жағдайда азаматтарға 20 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.

Діни сенімдерді қабылдауға мәжбүрлеу, діни тақырыпта жүргізілген үгіт пен насихаттан сақтау, азаматтарды діни бағыттағы ұйымдардың ықпалынан қорғау мақсатында Қызылорда облысының дін істері басқармасы жанындағы дін мәселелерін зерттеу орталығының 87075957101 құқықтық-психологиялық кеңес беретін сенім телефоны жұмыс жасай бастады. Сонымен қатар, Қызылорда облысының дін істері басқармасының 70-86-04 телефонына аптаның жұмыс күндері сағат 9.00-дан — 18.30-ға дейін хабарласуға болады.

2021 жылға арналған медиа-жоспар бар

Қызылорда облысының дін істері басқармасы Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес өңірлік БАҚ пен интернет ресурстарда жарияланған деструктивті діни бағыттағы және діни мазмұндағы шиеленісті ахуал тудыратын материалдарға мониторинг жүргізіп, интернет ресурстарға және әлеуметтік желілерге ақпараттар, жаңалықтарды, қарсы насихаттық материалдарды орналастырады.

 — Басқармада «Мемлекеттік дін саясатын жүзеге асырудың 2021 жылға арналған медиа-жоспары» бекітілді. Басқарманың және оған қарасты Дін мәселелерін зерттеу орталығының әлеуметтік желілердегі парақшаларында және қызметкерлердің жеке аккаунттарында деструктивті діни ағымдардың теріс идеологияларын әшкерелеу және мемлекеттің дін саясатын кеңінен ақпараттандыру мақсатында республикаға танымал дінтанушы, теологтар мен РАТТ мүшелерінің сұхбаттары, псевдосалафизм идеясының теріс мәнін ашып көрсету мақсатындағы мақалалар мен посттар, бейнероликтер жарияланады.

Қоғамда діни алауыздықты немесе араздықты тудыруға, терроризм мен экстремизм идеяларын насихаттайтын ақпараттардың алдын алу, оларды болдырмау, таратпау бағытында тұрғындар арасында түрлі бағыттарда интернет, әлеуметтік желілер арқылы бейнероликтер түсіру қолға алынды. Қызылорда қаласының әлеуметтік жоба аясында «Taunews» ақпараттық агенттігімен бейнероликтер түсірілімі жүргізілді, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Аймақта дін саласындағы мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеу және деструктивті діни ағым идеологиясының теріс мәнін әшкерелеу бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және дін саласында атқарылып жатқан жұмыстарды ақпараттандыру бағытында жыл басынан бері 1132 материал жарияланған. Мемлекеттің дін саласындағы саясатын ілгерілету, деструктивті діни ағым идеологиясына қарсы бағытталған әлеуметтік желілерде 21 684 жариялым жасалды.

Гүлсім РОМАНҚҰЛОВА,

Қызылорда облысының дін істері басқармасының бас маманы

84

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *