• 21/09/2021

Әлем — ортақ

Йеменнен иелік кетсе…

GREENWORLD.KZ

ОҚ  пен  ОТТЫҢ  ОРТАСЫНДАҒЫ  ТАҒДЫР

Жеті жылдан бері бейбіт аспанын атыс пен жарылыстың түтіні басқан Йеменнен миллиондаған босқын бас сауғалар жер іздеп, үдере көшуде. Мыңдаған адамның тағдыры қиылып, миллиондағаны шарасыз  қалған бұл елдің ұсқынсыз күйге түсуіне хусит көтерілісшілері мен үкімет әскері арасындағы қақтығыс басты себеп. 2014 жылдан бері шиіттердің хусит көтерілісшілері үкімет әскерімен соғысып жатыр. Сауд Арабиясы коалиция құрып, 2015 жылғы наурыздан бастап азаматтық соғысқа араласқан-ды. Үкімет әскеріне жақтасқан олар хуситтерге бірнеше рет қарымта соққы жасады. Алайда олар Йемен астанасы Сананы басып алып, үкіметті Сауд Арабиясына қашуға мәжбүрлеген болатын. Содан бері қарулы қақтығыс ошағы сәл тыйылғанмен, нақты бір шешімге келмеген еді. Йемендіктердің бүгінгі ахуалын білмекке әлем жаңалықтарын шолып шыққанды жөн көрдік.

БҰҰ-ның Йемендегі арнайы өкілі Мартин Гриффитс:

– Соңғы бір жарым жыл ішінде шаттл дипломатиясымен келіссөздер өткіздім. Өкінішке қарай тараптардың келіспеушіліктерін жеңе алмадық, – деген «UN news» сайтына берген пікірінде.

ЕРЕЖЕ  БҰЗЫЛУДА

Дәл қазіргі кезде халық үшін ең бастысы, атысты толықтай тоқтату, әуежайды қайта ашу, Ходейда провинциясындағы порттар арқылы жанармай жеткізуге шектеулерді алып тастаудың маңыздылығы жоғары. Алайда бұл келісімге қол жеткізе алмай отыр. Әлемдік ақпарат құралдарындағы мәліметтерге сүйенсек, Ходейдада күрделі проблемалар, соның ішінде күнделікті атысты тоқтату ережелері бұзылуда. Сондай-ақ, соғыс оңтүстік провинциялардағы жікшілдіктің өршуіне алып келді, бұл ауқымды қақтығыстың басталуына жол ашады.

 – Зорлық-зомбылық пен қақтығыс циклдарынан шығу үшін Йеменге инклюзивті саяси процесс қажет. Нақты айтқанда, келісім. Диалог ұзақ уақытты алады. Ол күрделі және көп сатылы болады. Бұл диалог йемендіктерге бейбіт келісім элементтерін анықтауға көмектесуі керек. Мұндай бітімге келудің негізгі қағидаттары қазірдің өзінде айқын. Бұл саяси серіктестік, есеп беретін басқару, егемендік, экономикалық және әлеуметтік әділеттілік және азаматтардың тең құқықтары, – деп жазады БҰҰ ресми сайты.

Сондай-ақ, «саяси реттеу қақтығыстың әртүрлі тараптарының мүдделерін көрсетуге, қақтығыстан көп зардап шеккендердің мүдделері мен құқықтарының қорғалуына кепілдік беруі керек» деген пікірде БҰҰ өкілдері.

– Біз осы айырмашылықтарды жою үшін түрлі шешімдер ұсындық. Өкінішке қарай, тараптар бұл ұсыныстардың ешқайсысын қабылдаған жоқ, – деді М.Гриффитс.

ШЕТЕЛДІКТЕР  КІМГЕ  ЖАҚ?

Соғыс алаңындағы халықтың гуманитарлық ахуалына қатты алаңдаушылық білдірген БҰҰ-ның Йемендегі арнайы өкілі «бүгінгі мүмкін нәрсе болашақта мүмкін болмауы мүмкін» деп қынжылды.

 – Уақыт Йеменнің жағында емес. Қақтығыс кезінде қарулы топтар мен саяси қозғалыстар көбейіп, бөлшектеніп кетті. Шетелдік араласу күшейді. Көптеген жылдар бұрын жанжалды шешу мүмкін болып көрінген, алайда қазір мүмкін емес. Ал бүгінгі мүмкін нәрсе болашақта мүмкін болмауы мүмкін, – дейді.

ҚАНДЫ АЙ

БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Марк Локкок халықтың тұрмыстық қажеттіліктері бұрынғыдан да артқанын айтты. Өйткені адамдар күнделікті снаряд шабуылына ұшырайды және бас сауғалайтын баспана іздеу үшін жиі орын ауыстыруға мәжбүр. Мұнда орта есеппен күн сайын кем дегенде бес бейбіт тұрғын жан тапсырады немесе жарақаттанады.

 – Жыл басынан бері ең қайғылы ай мамыр айы болды. Бұл кезде ел бойынша 60-тан астам бейбіт тұрғын жазықсыз қаза тапты. 10 маусымда Ансар Аллах күштері Мариб қаласына қарсы ракеталық және дронды соққы жасаған, осылайша ондаған бейбіт тұрғын құрбан болды. Жарылыстар әлеуметтік ғимаратқа да зиян келтірді деп мәлімдеді, – деп жазады «UN news» сайты М.Локкоктың сөзін келтіріп.

Ең өкініштісі, Ансар Аллахтың Марибке жасаған шабуылы онсыз да үйлерінен қашып, қалада және оның айналасында жасырынып жүрген миллионнан астам йемендікке  тікелей қауіп төндіреді. БҰҰ Бас хатшысы йемендіктердің мұндай қайғылы тағдырдан әзір қашып құтыла алмайтынына қынжылады. Тағдырын қауіпсіз жерде жалғастырғысы келетіндер Йеменнің жағалауында қайықпен аударылып қаза табуда.

ТЫНЫШТЫҚ ТА, ТАМАҚ ТА ЖОҚ

«ВВС news» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Йеменнің Лахдж провинциясындағы балықшылар AFP ақпарат агенттігіне Рас-әл-Ара маңындағы суда 25 мәйітті алып шыққандықтарын айтқан. Одан бөлек провинция шенеунігі екі күн бұрын осы ауданда бортында 160-тан 200-ге дейін адам болған қайық аударылып қалғанын мәлімдеген. Әзірге халықаралық көші-қон ұйымы бұл ақпараттарды тексеріп біткен жоқ.

– Екіжақты қақтығыс салдарынан 110 мыңнан астам адам қаза тапты және БҰҰ әлемдегі ең ауыр гуманитарлық дағдарыс болды. 12 миллион адам азық-түлік көмегіне зәру және бес жасқа дейінгі балалардың жартысы тамақтың жоқтығынан зардап шегуде, – деп жазды «ВВС news».

ЕЛДЕН  БЕЗІП, АЖАЛ  ҚҰШТЫ

«Aljazeera» ақпараттық агенттігі де Йемендегі ахуалды тұрақты бақылап келеді. Соңғы жаңалықтарында Йемендегі хути көтерілісшілерімен күресіп жатқан Сауд Арабиясы бастаған коалиция қақтығысты бейбіт жолмен шешуге жол ашу үшін шабуылдар жасауды тоқтатқанын мәлімдеді.

– Бұл қадам алты жылдан астам уақытқа созылған жойқын соғыстан кейін атысты тоқтату туралы келісімді күшейтуге бағытталған дипломатиялық күш-жігер күшейіп жатқан кезде жасалды. Сондай-ақ, бұл коалиция көтерілісшілердің бақылауындағы Сана маңындағы хутидің бронды дивизиясына соққы берді деген хабардан кейін тараған. Қаладағы «AFP» ақпарат агенттігінің тілшілері қатты жарылыстарды естіп, аспанда түтіннің көтеріліп жатқанын көрді. Хуситтер (Ансар Аллах күштері – ред.) жарылыс туралы бірден түсініктеме берген жоқ, – деп жазды агенттік тілшілері.

Айта кетейік, Сауд Арабиясы бастаған коалиция Йеменнің әуе кеңістігін 2015 жылдан бері бақылап келеді. Хуситтер кез келген атысты тоқтатпас бұрын ел астанасының әуежайын қайта ашуды талап етіп келеді. Сәт сайын әлем назары аударылып тұрған бұл елдегі ахуал айтпаса да түсінікті. Жеті жылдан бері атыстың ортасында өмір сүру халықтың әлеуметтік жағдайын қиындатып жіберген. Шамасы жеткендер бас сауғалап үлгерген, елінен безіп бара жатқандары жарты жолда ажал құшуда, ал қалғандары оқ пен оттың ортасында күн кешуге мәжбүр.

Бейбіт күнге не жетсін?!

1132

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *