• 24/07/2021

Әлем — ортақ

Су «соғысы» басталуы мүмкін

GREENWORLD.KZ

Екі елдің жер үшін қақтығысатынын білеміз. Алпауыттар арасында экономикалық (сауда) соғыстың болатынын көріп жүрміз. Ал енді су соғысы дегенді естіп пе едіңіз? Естімесеңіз, оқи отырыңыз. Ондай да болады екен.

Рас, қоршаған ортаға жауапсыз қарауымыздың нәтижесі қаншама теңіз, тұщы суды бүлдіріп, өзендер мен көлдерді улап жатыр. Кей деректерге сенсек, Босниядағы соғыс кезінде сербтер қару-жарақпен соғыс орнына басқа әдіс тапқан. Яғни, қарсыластарының ауызсу алатын орындарын жойған. Су терроры Сомалидегі ішкі соғыста да қару ретінде колданылған. Тек ғана Сомалиде емес, Африканың көптеген аудандарында онсыз да тапшы суды арандатушылық әрекеттерге қолдануда. Статистер мен зерттеуші ғалымдар Африка мен Босниядағыдай су соғысының бүкіл дүниеге жайылу қаупі бар екенін ескертеді.

«Израильмен арадағы түсінісушілікке тек ғана су мәселесі кедергі болуы мүмкін» деген Иордания королі Хусейннің сөзі де ғалымдардың пікірін растай түсетіндей.

Ал, БҰҰ-ның зерттеуінше, 2025 жылы дүниежүзі халқының үштен екісі су тапшылығынан зардап шегетін көрінеді. (Құдай бетін ары қылсын!) 1992 жылы Рио-де-Жанейрода Англияның БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Гриспин Тикелл бүкіл дүниеде ауызсу өзекті мәселеге айналып отырғанын ескерткен болатын: «Мұнай үшін болған соғыс су үшін болатын соғыстан әлдеқайда артта қалады».

Біздің планетамызда су көп, әйтсе де сол судың қадірін білеміз бе? Жер шарының 60%-ында тұратын халық тұщы судың болмауынан немесе жетіспеуінен зардап шегеді. Назар аударыңыз:

 – Грецияның Афины және Пиреяға жақын орналасқан аудандарында ауызсу жоқ. Оны алыстағы таудан тасып ішетіндіктен, су бұл жерде шараптан да қымбат.

 – Хорватияның көптеген облыстарында судың тамшысы есептелінеді.

 – Югославияның кейбір теңіз жағалауындағы аудаңдары мен аралдары кемемен жеткізілген тұщы суды пайдаланады. Кейбір жерлерде су көлікпен, тіпті ұшақпен тасылады.

 – Гонконг пен Сингапур тұщы суды көршілес Қытай мен Малайзиядан алады.

 – Алжир елі бүтіндей дерлік ауызсуды тасып ішеді.

 – Жапон елінде де ауызсу өте көп еңбекпен келеді.

— Қазақстанның кейбір аймақтарында, әсіресе ауыл шаруашылығымен айналысып отырған аймақтарда су тапшылығы анық сезілуде.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Су проблемасы аса маңызды мәселенің біріне айналатын күн де таяу деген сөз расқа айналуда. Академик Ферсман тұщы суды «онсыз тіршілік болмайтын жер бетіндегі ең маңызды минералы» деп атаған. Жыл өткен сайын бұл ақиқатқа айналып келеді. Суды ешнәрсемен алмастыруға болмайды, өйткені тірі организм сусыз тіршілік ете алмайды. 2030 жылға қарай Орталық Азия елдері арасында су ресурстары үшін «соғыс» басталуы мүмкін. АҚШ-тың Барлау жөніндегі ұлттық кеңесі әлемді шарпитын жаңа соғыстың себебі энергия немесе азық-түлік ресурсы емес, су болатынын айтқан.

92

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *