• 24/07/2021

Әлем — ортақ

Баспана бағасы неге шарықтады?

Сараптама

GREENWORLD.KZ

Елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздыққа байланысты реформаға жиі ұшырайтын зейнетақы жүйесіндегі соңғы өзгерістерді білесіздер. Сол өзгерістерге тоқталсақ, 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы жыл сайын ұзартылып, 2027 жылы ерлердің зейнет жасымен теңеседі. ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңының 11-бабына сәйкес, 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға ұзартылады. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер 60 жасты толтырып бейнетінің зейнетін көреді. Естеріңізде болса, ел президенті Қ.Тоқаев осы жүйенің бір арнаға түсуіне ерекше көңіл бөлген еді. Нәтижесінде 2020 жылы жұмыс берушінің 5 пайыз көлеміндегі міндетті зейнетақы жарналарын енгізу 2023 жылға қалдырылды. Есесіне, жұмыс істейтін азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты түрде пайдалану мүмкіндігін беру мәселесі қаралды. Яғни, баспана сатып алу, емделу, білім алу мәселесін жинақ есебінен қарастыруға болатыны тиісті министрлікпен айқындалды. Бұл өзгеріс биылдан, яғни 2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіліп, санаулы салымшы игілігін көруде.

Баспана – бәріне мұң

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның соңғы берген ақпаратына сүйенсек, құжаттар қабылданған күннен бастап 19 ақпанға дейін уәкілетті операторлармен бірігіп 150 мыңнан астам өтініш қабылданып, 522,3 млрд теңгені құрайтын 97814 өтініш орындалған. Барлығы да тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған.

 — Салымшылардың арнайы шоттарына түскен төлемдердің орташа сомасы 5,3 млн теңгеден асады. Арнайы шоттарға төлем алғандардың 20%-ға жуығы Алматы қаласында тұрады. Орындалған өтініштердің 17%-ға жуығы – Маңғыстау облысының тұрғындарынан, ал шамамен 16%-ы Нұр-Сұлтан қаласынан жіберілген. Жалпы сомасы 21,4 млрд теңгеге жуық 4 842 өтініш салымшылардың уәкілетті операторларда ашылған арнайы шоттарына кейіннен төлемдерді жүзеге асыруға аудару үшін өңделуде, — деп мәлімдеді БЖЗҚ баспасөз қызметі.

БЖЗҚ-ның «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» бөліміндегі өңірлер бойынша ақпараттарға көз жүгірттік. Онда ең көп өтініш түскен Алматы облысына (19317) 114 млн 224 мың теңге, Нұр-Сұлтан қаласына (15508) 78 млн 164 мың теңге және Маңғыстаудан (16564) 140 млн 201 мың теңге түскен. Ал Қызылорда облысынан түскен 3183 өтініштің 2052-сі қабылданып, 8 млн 275 мың теңге қаражат бөлінген. Орындалған өтініштердің басым бөлігі ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу мақсатына бағытталған. Өтініш білдірген салымшылардың 26%-дан астамы зейнетақы ақшасын тұрғын үйді ипотекасыз (толық сатып алу) сатып алуға жіберу туралы шешім қабылдаған. Зейнетақы жинақтарын пайдалануға танымалдығы жағынан үшінші орындағы сұраныс – жақын туыстарына беру. Бұл өтініштердің 19 пайыздан астамын құрап отыр.

Сонымен, зейнетақы қорындағы қаржыны қолдануға болады дегеннен екі құлағы түрулі жүргендердің біразы үмітсіз екенін білген соң екі қолын сілтей салды. Рас ғой. Мұндай кейіпкерлер сіздің де айналаңызда бар екенін мойындайсыз. Тіпті отбасы мүшелерінің зейнетақы қаржысын жиған-терген күннің өзінде шекті мөлшерге жете алмай отырған, күнкөрісі төмен жұрт бар. Ал, асығы алшысынан түсіп, қаржысына қол жеткізгендер қалай пайдалана алады?

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес біржолғы зейнетақы төлемдерін ел аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін мынадай мақсаттарға пайдалана алады. Біріншіден, Ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу, Ислам банкінің тұрғын үй сатып алу жөніндегі мәмілені қаржыландыруы шеңберінде берешекті ішінара, толық өтеу; Екіншіден, ипотекасыз тұрғын үй алу (толық өтеу); Үшіншіден, отбасы банкінде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй займын алу; Төртіншіден, ипотекалық несие алу үшін бастапқы жарна төлеу (оның ішінде ислам банкі қаржыландыру шеңберінде); Бесіншіден, тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу; Алтыншыдан, жеке тұрғын үй құрылысы (жер учаскесін алуды қоса есептегенде); Жетіншіден, ипотекалық тұрғын үй заемын қайта қаржыландыруға пайдалануға жол беріледі.

Шекті сома жинай алдыңыз ба?

Еңбекке араласқан сәттен бастап жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану туралы айтылғанда жалақысы аз, жалдамалы пәтер жағалап жүргендердің шет қалатыны айтылды. Әлбетте, айлығы шайлығынан артылмайтын бұқараның зейнетақы шотында да жарытқан жинақ болмасы анық. Өйткені қордағы қаражатты тек жеткіліктілік шегі бар салымшылар ғана ала алады.

 — Нақтылай түссек, біріншіден, зейнетақы жинақтары бар еңбекке қабілетті жастағы азаматтар «жеткіліктілік шегі» деп аталатын соманың бір бөлігін пайдаланады. Екіншіден, БЖЗҚ-да жинақтары бар зейнеткерлер қалған соманың 50%-на дейін пайдалана алады. Азаматтардың осы санатында жиынтық зейнетақы жоғалған табыс (бұрын алынған жалақы) мөлшерінің кемінде 40%-ын құрауы тиіс. Үшіншіден, зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар БЖЗҚ-да қалған соманы пайдалана алады. Осындай мүмкіндікке ие 721 мыңнан астам қазақстандық бар, — деген еді сол кездегі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

«Жеткіліктілік шегі» дегеніміз не? Көрсетілген сома қордағы қалу қаражаты ма әлде алуға болатын қаражат па? Соны түсінбегендер көп кездесті. Сол себепті анықтама беруді жөн санадық. «Жеткіліктілік шегі» деп белгілі бір жастағы салымшы үшін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы қарастырылады. Ол БЖЗҚ-ға оның табысынан болашақтағы тұрақты 10% зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан төмен емес) ескере отырып, 82 жасқа дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Жеткіліктілік шегінің» негізгі параметрлері әйелдер мен ерлер үшін бірдей.

 — Бірнеше жыл бұрын ипотекалық несиеге баспана алдық. Президент зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға болады деп айтқаннан бастап, шыны керек, ұйықтай алмадым. Бар ойым – үйдің қарызының бір бөлігін жабу. Содан жұбайым екеуміз ізденіп, екеуміздің жинақтағы қаражатымызды қосып, құжаттарды жинақтап, әйтеуір қол жеткіздік. Банк мамандарының кеңестері арқылы жұмысымыз оңтайлы болды. Біраз уақыт жұмсадық дегеніміз болмаса, ипотекалық несиемнің бір бөлігі жабылды. Жас отбасы үшін бұл да қолдаудың бір түрі деп түсіндім, — дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ержан.

Министрдің айтуынша, мұндай шегі жаңа алушылар үшін қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшеріне) қарай қайта есептелетін болады. 20 жастан бастап, әр жас үшін белгілі бір шегі бар. Алдын ала есептеулер бойынша, мысалы 30 жастағы азаматтар үшін жеткіліктілік шегі 2 млн 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан тыс, олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге таңдау жасай алады. Яғни, 20 жас – 1 млн 710 мың теңге, 25 жас – 2 млн 90 мың, 30 жас – 2 млн 500 мың, 35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге; 40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге; 45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге; 50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге; 55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге; 59 және одан үлкен жас үшін – 5 млн 586 мың теңге. Мәселен, сіз 25 жаста болсаңыз, сіздің жеткіліктілік шегіңіз – 2 млн 90 мың теңге, сіз осы сомадан артық жинақты мақсатты түрде пайдалана аласыз.

Тұрғын үй бағасы неге қымбаттады?

Зейнеткерлер мен бюджеттен айлық алатындардың жалақысына мардымсыз болса да қаржы қосылса, базардағы азық-түлік те, киім-кешек те қымбаттап шыға келеді. Осы үрдіс биыл тұрғын үй нарығына келді. Өткен жылдың карантин уақытында ешқандай сауда-саттық болмаған соң биылғы тұрғын үй нарығындағы баға тым шарықтап кетті. Ұлттық  статистика департаментінің мәліметінше, өткен жылы жаңа тұрғын үйлердің бір шаршы метр сату бағасы 0,1 пайызға өскен. Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы 0,7-0,9 пайыз мөлшерінде қымбаттаған үйлер, жыл аяғында 1,5-3 пайызға тағы да артқан. Ал 2021 жылы бұл нарық тағы да шарықтап тұр.

Жеңіс Шәріпұлы, Тәуекелдерді басқару және талдау басқармасының бас менеджері:

 — Ең біріншіден, тұрғын үйлердің қымбаттауына себеп болған ол – пандемия. Осы кезеңде банктердің барлығы жұмысын тоқтатып, қайта ашылған уақытта қаржы нарығына әсер етті. Яғни, жиналып қалған адамдар келе бастағанда қаражат та ұлғая түсті. Екіншіден, зейнетақы қорларындағы аударымдарды қолдану да тұрғын үйлердің 15-20 пайыз қымбаттауына септігін тигізді. Бұған дейін мұндай мөлшер тек жылына бір рет ғана болатын. Биыл бір айдың ішінде 15-20 пайызға қымбаттап кеткендей. 2020 жылы екінші нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы 14-15 пайызға артты, ал негізі 7 пайызға ғана қымбаттап отыратын. Жалақы 3-5 пайыз шамасында өседі. Президенттің мәлімдемесінен кейін екінші нарықтағы үйлер тым қатты қымбаттады да, керісінше бірінші нарықтағы тұрғын үйлер аз ғана бағаға артты. Неге? Жаңа үйлер қымбат, халық екінші нарықтағы арзан үйлерге көптеп сұраныс берді. Содан сұраныс қалай көбейді, бағасы солай жоғарылады. «Тұрғын үй бағасы түседі ме?» деген сұраққа келсек, қазір құжат тапсыру науқаны. Әзірге түспейді, үміт бар, бірақ мамыр-маусым айларында аздап түсуі мүмкін.

Мақсат Халық, экономист:

 — Жалпы, зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға болатыны туралы айтылған күннен бастап тұрғын үй бағасының қымбаттағанын байқауға болады. Қазіргі уақытта тұрғын үй бағасы тым қатты өсіп жатқан жағдай бар. Оған бірнеше жағдай әсер етті. Құрылыс компанияларының өзі зейнетақы нарығына дейін тұрғын үйлеріңізді алып алыңыздар деген жарнама жүргізілді. Бұл да баға қымбаттауына себеп болды. Былай қарағанда ақша әлі шыққан жоқ, сонда да әсер етті. Бір жағынан зейнетақы қорындағы қаржыға тек бірінші нарықтағы үйлерді алуға болады десе, басқаша болар еді. Мұнда екінші нарықтағы үйлерден, яғни бұрын салынған үйлерді де алуға болады деген келісім бар. Осы жағдай екінші нарықтағы тұрғын үйлердің де бағасын қымбаттатып жіберді. Енді біреулері баға қайтадан түседі дейді. Оған себеп, құрылыс компаниялары көп сұраныс күтіп отыр. Сол кезде өздері күткен бағаны ала алмағандықтан амалдың жоқтығынан бағаны түсіреді деген ойда. Мен де бұл оймен келісемін. Бірақ, бір мәселе – құрылыс материалдары бағасының өсуі. Әсіресе Ресейден тасымалданып жатқан арматуралар, бетондар екі есе қымбаттап кеткен. Бұл жерде нарықтағы келісім мәселесі анық бар. Көп азаматтар табыс тауып қалу қамымен жүр. Сондықтан мұны үкіметтің назарға алатын мәселесі деп ұйғарамын. Құрылыс заттары тағы да өссе, тұрғын үйдің бағасы арзандамайды. Менің ойымша, жинақтан алған қаражатпен екінші нарықтағы үйлерді сатып алуға болады дегенді алып тастап, тек жаңадан салынған үйлерге мүмкіндік беру керек. Сол кезде экономикаға пайдалы, жаңа объектілер салынып, жаңадан жұмыс орындары ашылады, халықтың әлеуметтік ахуалы жақсарушы еді. Бір жағынан, екінші нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы да тұрақталатын еді. Бұған дейін тұрғын үйді артығынан сатып алып қойғандар бар. Сондай алыпсатарлар қымбат бағаға сатады. Бағаның шарықтауына олардың да әсері бар. Сондықтан мен ойлаймын, осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік тұрғын үйді кепілдендіру қоры болған. Өткен жылдары квазимемлекеттік секторды оптимизациялады. Оны қазақстандық ипотекалық компаниялардың қарамағына қосты да, әлгі кепілдендіру қорының бұрынғыдай көп құзыреті жоқ. Жаңа объектілерге кепілдік бере алмайды, үлескер ретінде көп азаматтар қатыса алмайды. Осы күні зейнетақы қорындағы артылған қаражатпен жаңа құрылысқа үлескер болып, қатысайын десе, оған мемлекет тарапынан ешқандай кепілдік жоқ. Осы мәселе реттеліп, жаңа үйлерге үлескер ретінде қаржы салып, қазір болмаса да, келешек алайын дейтін азаматтардың өтінішіне кепілдік берсе, белгілі бір дәрежеде қазіргі сұраныс түсіп, бағаның түсуіне септігін тигізетін еді.

Айдос Қуанышев, Қызылорда қаласының тұрғыны:

 — Отбасылы болған соң кең үйде тұру арманым болатын. Осы арманыма жетуге «Отбасы банкінің» мол септігі тиді. Яғни, президент заң аясында рұқсат еткен жаңа өзгеріс арқылы зейнетақы қорындағы қаражатымды осы тұрғын үй алуға жұмсадым. Баршаңызға осындай бақыт тілеймін.

Сылтау – нарық, себеп қандай?

Бұл мәселеден президент хабарсыз емес, тіпті нарықтағы тұрғын үй бағасын реттеуді де тапсырды. Қаражат туралы әңгіме өрбігелі құрылыс компаниялары бағаны шарықтатуға кіріскен. Жалдамалы пәтерлердің де құны бұрынғыдан бірнеше есе қымбат. Қоғамдық резонанс тудырған мәселеге мәжілісмендер де бас қатырып көрді. Нәтиже жоқ. Сылтау – нарық.

 — Екі жыл бұрынғымен салыстырғанда құрылыс материалдары 30 процентке қымбаттады. Мұны бәрі біледі. Әлеуметтік баспана, эконом санаттағы тұрғын үйлер салатын компаниялар қандай жағдай болмасын бағаны ұстап тұруы тиіс. Өйткені олар қарапайым халықтың есебінен пайдаға кенеліп отыр. Мұндай құрылыс компаниялары, ең алдымен, пайданы емес, тұрмысы төмен азаматтарға, жас отбасыларға көмек көрсетуді ойлауы керек. Сол себепті белгілі бір лимит болғаны жөн шығар. Меніңше, қайта қарайтын мәселелер бар, — деп дабыл қақты ҚР Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаға пандемияның да салдары тиген болуы мүмкін. Өйткені, кейбір елдерде, атап айтқанда, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Греция, Болгария, Испания, Кипр мен Италияда баспана бағасы күрт түскен. Ал экономикасы тұрақты деп саналатын Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Австрия, Монакода тұрғын үй бағасы өзгермеген. Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтың «Капитал» ақпарат орталығына берген пікірі де осындай.

 — 2021 жылы жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай елдегі эпидемиологиялық жағдайға және мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың дамуына байланысты болады. Өйткені, Қазақстан экономикасы бірден қалпына келмейді, оған бірнеше жыл кетуі мүмкін. Биылғы жылжымайтын мүлік нарығындағы бағалар сәл көтеріледі деп ойлаймыз. Жаңа ғимараттағы шаршы метрдің бағасы бірнеше факторларға байланысты болады. Біріншіден, құрылыс материалдарының құнына әсер ететін доллар бағамы бойынша. Өйткені, олар негізінен Қазақстанға импортталады. Екіншіден, ипотекалық несиелеу шарттары бойынша және халықтың төлем қабілеттілігіне байланысты.

Қай салада болмасын, бағаның өскенінен зардап шегуші – қарапайым халық. Өйткені қолына түскен қаражатты баспанаға құюға әзір жұрттың тағы да қаржы жетіспеушілігі синдромына кезігуі – қалыпсыз процесс. Айта кетейік, шекті сомаға қол жеткізу ел бойынша орташа айлық жалақы деңгейінде табысы бар тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін ғана қолжетімді. Қалғанына қол жетпес арман, оқ жетпес шың…

33

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *