• 27/03/2023

Әлем — ортақ

Түркияда «Қауіпсіз туризм» сертификаты аясында вакцина егіле бастады

Автор:Greenworld.kz

Апр 5, 2021

Түркия елінде туристік  сала  қызметкерлеріне  COVID-19 қарсы вакцина егіле бастады.   Ол   «Қауіпсіз туризм  сертификаты» бағдарламасы аясында қолға алынды. Бұл туралы  Түркияның  туризмді насихаттау және дамыту  Агенттігінің басқарма мүшесі Еркан Йаккы  қазақ- қырғыз журналистерімен онлайн режимінде өткен бейне – конференция кезінде айтты.

Алдын-ала жоспар бойынша  биыл  Түркия     32 миллион  турист  қабылдамақ.  Елге келген  шетелдік туристер  мен туристік сектор қызметкерлерінің  денсаулығына,  денсаулығының қауіпсіздігіне   баса мән беріледі.  «Біз  туризм саласында жұмыс істеп,  көпшілікпен   байланысқа түсетін қызметкерлерге вакцина егу жұмыстарын  бастадық. Ол- қытай елінде шыққан вакцина.  Вакцина егу  мен «Қауіпсіз туризм  сертификаты» бағдарламасы арқылы туризм  саласы жанданады деп ойлаймын.  Түркия — туризм саласында жетістікке жеткен  елдердің бірі деп толық айта аламын»,- деді   онлайн жиында  Түркияның  туризмді насихаттау және дамыту  Агенттігінің басқарма мүшесі Еркан Йаккы. Айта кетейік, Түркия елі  «Қауіпсіз туризм  сертификаты» бағдарламасы  нәтижесінде 2020 жылдың маусым айынан бастап     әуерейстерін жандандырып, туристер қабылдай бастады.   Түркияға  сапар жасайтын  туристерге қойылатын талаптардың бірі , олар  72 сағат бұрын арнайы форма толтырып, ПТР тестінің теріс  нәтижесін  жүктеулері  керек. Еркан Йаккы  мырза атап өткендей 15 сәуірден кейін мемлекет басшысының қатысуымен осы тақырыпта жиын өтеді. Сол кезде қосымша ақпараттар беріледі.

Онлайн жиын  Бурса қаласында  өтті. Оған     қазақстан мен қырғыз елінің  15 журналисі  қатысты.  Еркан Йаккы мырза атап өткендей    «Қауіпсіз туризм  сертификаты» бағдарламасы 150 критерий мен ережеден тұрады. Ол ережелер  нәтижесінде  турист барған жерінде өзін қауіпсіз сезінуі үшін,  барлық гигиеналық нормалар мен стандарттар сақталып,  пандемия кезіндегі шет елде денсаулығының қауіпсіздігіне   кепілдік береді. «Басты 3 ереже бар: ол — маска тағу, әлеуметтік ара қашықтық  пен тазалық сақтау»,-  деп қадап айтты Еркан Йаккы.

Түркияның  туризмді насихаттау және дамыту  Агенттігінің басқарма мүшесі Еркан Йаккының   сөзінше жаңа жағдайға бейімделіп, білім беру де бірінші кезекте тұрған мәселелердің бірі болды. «Алдымен біз  қонақ үйлер мен мейрамханалар қызметкерлеріне  пандемия кезіндегі ерекше  тазалық сақтау жолдарын үйреттік.   Тағы айта кетерлігі,   елдегі қонақ үйлердің бөлмелер саны 30-дан асса, олар «Қауіпсіз туризм  сертификаты» бағдарламасын  алып, ондағы талаптарды ұстануға  міндетті. Бұл барлық қала, аймақ, аудандарға қойылатын ортақ талап. Әр шағын аудан мен қалада  осы ережелердің сақталуын  қадағалайтын  инспекторлар бар.  

Айта кетейік,  2019  жылы Түркия 50 миллион турист қабылдаса, пандемия кесірінен  2020 жылы олардың саны 16 миллион  болды.  Пандемия кезеңінде бүкіл әлем елдері 74 %  турист жоғалтты.  Ал, Түркия елінде     шығын әлдеқайда аздау болды, яғни басқа мемлекеттерге қарағанда жыл  табысты аяқталды.   2023  жылы    құрылғанына 100 жыл   толатын   Түркия туризм саласын дамыту үшін ауқымды жоспар әзірлемек. 

Бурса қаласында онлайн режимінде  өткен  бейне – конференцияға қатысқан қазақ және қырғыз елінің журналистері   Түркияның туризм министрлігі ұйымдастырған «Стамбұл — Бұрса» бағдарламасының нәтижесінде Стамбұл, Бұрса, Изник, Гөлйазы қалаларында, Жұмалықызық ауылында, Ұлыдағ (Ұлытау) тау-шаңғы курортында болып, сол елді мекендердегі тарихи – мәдени жерлерімен танысты.    Қазақ  делигациясын Түркітілдес журналистер Қорының Президенті Нәзия Жоямергенқызы бастап барды.  «Стамбұл — Бұрса»  жобасын үйлестірген  Түркияның  туризмді насихаттау және дамыту  Агенттігі (TGA).  Агенттік  ел экономикасына  туристік инвестицияларды көбейтіп,  ішкі және халықаралық туризм нарығында қызмет көрсету сапасын жоғарлатумен айналысады.   Ведомства  Түркияның туристік әлеуетінде қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді, маркетингтік  байланыстарды дамытуда    бренд саналады. Түркияның  туризмді насихаттау және дамыту  Агенттігі (TGA)  мемлекеттің мәдениет және туризм министрлігінің  саясаты мен стратегиясы аясында, туризм саласын дамыту мақсатында   барлық жарнамалық, маркетингтік, коммуникациялық шаралар атқарады.

 «Қауіпсіз туризм  сертификаты» бағдарламасы  2020 жылы саланың негізгі секторларымен ақылдасып, қабылданған. Оның ауқымы кең. Бағдарлама туристер мен жергілікті тұрғындардың  денсаулығын, әл-ауқатын сақтау мақсатында   бір- бірімен тығыз байланысқан бірнеше органдардың жұмысын айқындайды.  Тізімде азық-түлік пен сусындар өндіретін кәсіпорындар, көлік пен қонақ үй бизнесі қамтылған.

Ләззат Ноғайбай

299

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *