• 20/01/2021

Әлем — ортақ

Мемлекеттік қызметші қоғам сұранысына жауапты

GREENWORLD.KZ

Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бағдарламасының 15-қадамында мемлекеттік қызметтің маңыздылығы айтылған. Бұлай баса мән беріп, айрықша көңіл бөлуге себеп те жоқ емес. Өйткені мемлекеттік қызметші – қоғам мен елдік жүйенің қайта нығаюына, өзгеруіне негіз бола алатын тұлға.

Бүгінде халықтың дені мемлекеттік қызметшілерге сеніммен қарайды. Олардың атқарып отырған әр ісінің астарында халықтың күнделікті әлеуметтік мәселесі, экономикалық қажеттілігі, қоғамдық дау-дамайы бар. Бармақтың басындай көлемде басталатын әр проблеманың жігін жіктеп, тамырын тауып отыратын мемлекеттік қызметшілердің мүддесін қорғайтын қағидалар да жеткілікті. ҚР Тұңғыш президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Алда тұрған мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау азаматтардың құқықтарын құрметтейтіндей және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түп бейнесіне айналады» дегені аталмыш реформаның мемлекеттік қызметшілердің келешегі үшін жасалып отырған қадам екенін нақтылай түседі. Елбасымыз атап өткендей, мемлекеттік аппаратта тамыр-таныстық жойылып, мемлекеттік қызметшілердің айқын мансаптық келешек қалыптастыруы – міндет. Осы орайда Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында мемлекеттік қызмет саласында бірқатар реформалар жүзеге асырылуда. Сол мақсаттар арасында нәтижелілігі басым, қоғамның сұраныстарына жауап бере алатын кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесі де қаралған.

Ұлт жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң қабылданып, мемлекеттік аппараттың қызметін үйлестіретін заңнамалық база толығымен жаңартылды. Меритократия принципіне негізделген мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне ауыстырылды. Мансаптық модель мемлекеттік қызметтен тыс адамдарға жоғары лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік бермейді. Тек жылдар бойы тәжірибе жинаған, білімі мен біліктілігі сай мемлекеттік қызметкерлер ғана мансаптық өсу мүмкіндігіне ие болады. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметкердің беделі артып, мемлекеттік аппаратта жұмыс істеуге ниет білдірушілер қатары жастармен толығуда. Стратегиялық және саяси маңызды құжатта ең біріншіден, барлық мемлекеттік органдарда қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін арттыру қажеттігі туралы талаптар басты назарда. Өйткені еліміздің өркендеуі, дамуындағы басты мәселе білім мен жауапкершілікке қатысты. Осы ретте мемлекеттік қызметшінің мәртебесі ұдайы назарда болғаны дұрыс.

Дина ҚҰРМАНҒАЗЫҚЫЗЫ,

Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы

44

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *