Биыл – Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің бекітілгеніне 30 жыл. Ал бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, қоғам қайраткері, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы 80 жасқа толып отыр.
Жандарбек Мәлібекұлы 1942 жылы 24 наурызда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Екпінді ауылында дүниеге келген. Ташкент политехникалық институтының Сәулет өнері факультетін бітірген. Ташкент қаласындағы ғылыми-зерттеу жобалау институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі, жобалар жөніндегі бас сәулетші болған. Сәулетші, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры. 2022 жылдың Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.
Елтаңба авторы ретінде ғана емес, әлемге танымал ғимараттардың эскиздердің авторы ретінде зор құрметке ие. Қасиетті Сыр топырағында дүниеге келген арда азамат, құрметті ел ағасы Әндіжан қаласындағы әуежайдың, Ташкенттегі Үкімет қонақ үйінің, Ферғанадағы облыстық поштаның, Самарқандтағы облыстық әкімшілік үйінің, драма театр мен орталық кітапхана ғимараттарының, Ангрен, Ферғана және Самарқан қалаларындағы бірқатар тұрғын үй аудандары құрылысын жобалауға қатысқан құрметті сәулетші.
Бүгін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәулетші Жандарбек Мәлібекұлын 80 жас мерейтойымен құттықтады. Президент Елтаңба авторына Тәуелсіз Қазақстан мен елорданы құру және дамыту ісіндегі сіңірген еңбегін атап өтіп, оған зор денсаулық, шығармашылық шабыт және отбасына бақ-береке тіледі.
