GREENWORLD.KZ
Түркітілдес елдерінің президенттері Түркі Кеңесі құрылған сәттен бастап оның маңызды жетістіктерін атап өтіп келеді. Түркі әлеміндегі ынтымақтастық пен үйлестірілген қызметті қамтамасыз етудегі, түркі халықтарының құндылықтары мен мүдделерін өңірлік және халықаралық аренада ілгерілету мен қолдау туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы біршама басқосуларда айтып жүр.
Өткен шақтың тарихи парағына шолу жасасақ, 1992 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Анкарада өткен алғашқы басқосуында Елбасы Н.Назарбаев түркі елдерінің басшылары бұдан былай киелі Түркістанда кездесіп тұрады деген еді. Өйткені, Түркістан – барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт.
— Бабаларымыз осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі. Түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болды. Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті, бүгінгі саммит «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр, — деді Қазақстан президенті Қ.Тоқаев 2021 жылы 31 наурызда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде.
Соңғы онжылдықтарда түркітілдес мемлекеттер қол жеткізген айтарлықтай саяси және әлеуметтік-экономикалық прогресс әлі де өз қарқынында. Түркі әлеміндегі көпжақты қарым-қатынастардың дамуын жоғары бағалап және түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге нық бейілділік танытып, Қазақстанда қоғамдық тұрақтылық пен келісімді бекемдеуге бағытталған саясатты таныстыра отырып өткізген жиынның маңыздылығы жоғары. Әлемдегі пандемиялық ахуалға байланысты бейнеконференция түрінде өткізілген кеңесте жаһан жұрты адам өміріне төнген қауіп-қатерлермен күресіп жатқандығы айтылды. Және мемлекеттілікті нығайта отырып, ынтымақты елдер ретінде бұл сын-қатерлермен күресу жолы да қарастырылды.
— Осы мақсатта мынадай мәселелерге баса назар аударған жөн деп санаймын.
Біріншіден, індетті тоқтатудың бірден-бір жолы – азаматтарымызды вакцинамен жаппай қамтамасыз ету екені айдан анық. Біздің елдеріміз де екпе шығаруды қолға алды. Ортақ мүддеге сай тәжірибе бөлісіп, бір-бірімізді қолдауымыз қажет деп санаймын. Өкінішке қарай, халықаралық қауымдастық пандемияға қарсы күрес кезінде тұтасып әрекет ете алмады. Негізгі ірі мемлекеттер арасында қайшылықтар туындап, вакциналық қақтығыс басталып кетті. Біріккен Ұлттар Ұйымы да осындай күрделі жағдайда өз әлеуетін көрсете алмады. Осы күрделі кезеңде денсаулық сақтау және биоқауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түсті. Екіншіден, пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырды. Індеттің салдарынан өзара сауда айналымы азайып кетті. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 миллиард доллар болды. Бұл – пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен. Сондықтан, біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда, тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын, — деді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Пандемия жаңа технологияның күнделікті өмірде қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қазір технология түрлі салаларға жедел енгізілуде. Сондықтан, жасанды интеллектіні дамыту, ауқымды деректерді талдау, цифрландыру, интернет саудасы сияқты салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыру – басты мәселе. Бұл қадам инновацияларды игеруге және бәсекеге қабілетімізді арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз.
Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету қажет. Бұл – Түркі елдеріне ортақ алғашқы қаржы институты. Президент бастаманы барлық мүше мемлекеттер пысықтаған соң оның штаб-пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығында орналастыруды ұсынды. «Астана» қаржы орталығы – халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктірген бірегей алаң. Мұнда ислам банкингі және сукук құралдары кеңінен қолданылады. Бұл ұйым түркі елдеріне кең көлемде инвестиция тартуға жол ашатын ерекше құрылым болмақ. Одан кейін халықтың әл-ауқатын арттыруда ең басты алғышарт – білім беру саласын дамыту.
— Білім саласындағы ынтымақтастық – болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы. Осы ретте, ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырған жөн. Сол арқылы жастардың заман талабына бейімделуіне жол ашылады. Оны «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болар еді. Қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді, — деп баяндады ел президенті аталмыш жиында.
Халықаралық саясат пен қарым-қатынаста Түркі әлемінің маңызы арта түскені баршаға мәлім. Сондықтан Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Бұл туралы президент: «Біз өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша өзіміздің көзқарасымызды білдіруіміз керек. Біздің дауысымыз нық әрі айқын болуға тиіс. Осы орайда, біз барлық бастамалар мен ұсыныстарды бауырлас елдермен бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз» деген сөзі нақты дәлел бола алады.
