• 24/07/2021

Әлем — ортақ

Аралға облыс бюджетінен 250 миллион теңге бөлінді

GREENWORLD.KZ

Арал ауданында төтенше жағдай жариялауына байланысты облыс бюджетінің резервінен 250 миллион теңге бөлінді. Қуаңшылықтың зардабын тартқан өңірге ең бірінші кезекте жем-шөп жеткізліп, жайылымдардан су ұңғымалары қазылады. Қазіргі таңда қолға алатын жұмыстардың есебі жасалып жатыр. Толығырақ тілшіміз Әділбек Серікұлы баяндайды, — деп хабарлайды «Qazaqstan» ұлттық арнасы.

Теңізді өлкедегі құрғақшылық малмен күнелткен аралдықтарға өте ауыр тиюде. Көкке жарымай, аштан қырылған төрт-түліктің саны бүгінде 560-қа жетті. Қазір мал өлімі тоқтағанымен, жағдай әлі де оңалған жоқ. Қиналған халыққа көмек көрсету үшін ауданда төтенше жағдай жарияланды. Жалпы ахуалды тұрақтандыруға 1 миллиард теңгеден астам қаржы қажет дейді мамандар. Сол себепті, облыс басшылығы Үкіметтен жәрдем сұрап отыр.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:

  • Өзен арнасын уақытша бөгеп, Ақшатау, Қамбаш көлдеріне су шығару жұмыстарын жүргізбесе жоғарыда аталған жұмыстар ірі көлемдегі қаржыны қажет етуіне байланысты біз республикалық бюджеттен қаржы қарастыру жөнінде Үкіметке хат жолдадық.

Әзірге, облыс резервінен 250 миллион теңге қаралып отыр. Оған алыс-жақын аймақтардан жем-шөп тасымалына кететін жанар-жағармайдың шығыны өтеледі. Сондай-ақ, жайылымдық жерлерден 3 жер асты су ұңғымасы қазылады. Мемлекеттен көмек күткен шаруалар үшін мұның өзі үлкен қолдау болып тұр.

Зағаладин Утенов, кәсіпкер:

  • Малдың кейбір өлімдері әлі жалғасуда. Жерден ештеңе шықпай жатыр. Сонымен бірге аудан көлеміндегі дариядағы судың да мөлшері өткен жылы өте төмендеп кетті. Бұл шаруаның қалтасына өте қиын жағдай болып жатыр. Шөптердің алды басталып келіп жатыр.

Аралда ірілі-ұсақты 250 мың бас мал бар. Мына қуаңшылықта төрт-түлікті аман алып қалу үшін 185 мың тонна шөп қажет. Соның 150 мың тоннасы сырттан әкелінеді. Бүгінде Ақтөбе облысы мен жақын аудандардағы шаруашылықтармен келісімге келіп отыр.

Әділбек Серікұлы

21

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *