GREENWORLD.KZ
Соңғы жылдары елімізде оқу орындарының сапасына, оқытушылардың біліктілігіне, студенттердің ізденісіне жақсы мән беріліп келеді. Бұл өте дұрыс қалам деп ойлаймын. Өйткені, білім бар жерде ғана сапа бар, сапа бар жерде болашақтың кілті оңай ашылады.
Жалпы алғанда, ізденіске ұмтылып, білім шыңын бағындырамын деген жасқа жасалып жатқан қолдау да, ынталандырып жатқан шаралар да көп. Тіпті мемлекеттік грант негізінде оқитын студенттердің шәкіртақысын жыл сайын арттырып келеді. Мәселен, ағымдағы жылы ҚР премьер-министрі Асқар мамин студенттердің стипендиясы жыл сайын 20 пайызға, ал магистранттар мен докторанттар үшін 10 пайызға артатынын мәлімдеді. Шәкіртақы – іздену жолындағы адам үшін ынталандыру құралының бірі. Осы шәкіртақыға байланысты жуырда білім министрлігінің ресми өкілдері жақсы жаңалық айтты. Яғни, бұл жоба еліміздегі оқу орындарында сыбайлас жемқорлықты болдырмауға септігін тигізеді деп күтілуде.
— Соңғы 30 жылдың ішінде стипендия және жалпы мемлекеттік тапсырыс ЖОО-ға аударылатын. Одан әрі жоғары оқу орындары студенттердің үлгеріміне қарап, стипендия беретін. Біз мұнда көптеген тәуекелдерді, соның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де көріп отырмыз. Бүгінгі таңда үш ЖОО пилоттық жобаға қатысып жатыр, 21 ЖОО осы схема бойынша шарт жасасты. Біз бұл пилоттық жобаны шілде айына дейін аяқтауды және шілде айынан бастап осы жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз, — деді вице-министр Б.Асылова.
Сондай-ақ, стипендияларды төлеу жөніндегі функцияны қаржы орталығы жүзеге асыратын болады. Өз кезегінде ЖОО студенттердің үлгерімі мен мәртебесі (оқуға түсу, аяқтау, оқудан шығару және т.б.) бойынша ақпаратты тиісті ақпараттық жүйе арқылы береді. Бұл да – ашықтық қалыптастыратын жүйенің негізі болып саналады.
Сонымен қатар, бүгінгі таңдағы жаңашыл ұстаздың алдында өркениет көшіне жол бастайтын білімді, дарынды азаматтар тәрбиелеп шығару міндеті тұр. Ол үшін ең алдымен кәсіби бірлестік аясында тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы студенттің дағдыларын қалыптастыруды қолға алған жөн. Бұл ҚР Білім туралы Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практиканың жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді.
Нұрділда СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,
И.Әбдікәрімов атындағы колледждің оқытушысы
