ҚҰМАЛАҚ НЕГЕ ҚЫРЫҚ БІР?
GREENWORLD.KZ
«Аңқау елге арамза молда». Көшеде жағалай отырған құмалақшы, бақсы-балгерлерді көріп, «жұрттың бәрі «білгіш» боп кеткен бе?» деген ойға қаласың. Қырық бір құмалағын шашып жіберіп, сайрай жөнелетін олардың арасында созылмалы сырқаттан емдейтін емшілерді де кезіктіруге болады. Қаланың «Ескі базар» аталып кеткен ІІІ ірілендірілген кварталы маңында жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап отыратын балгерлердің қызметіне жүгінетіндер де жетіп артылады. Бірі өз өмірінде алдағы уақытта не күтіп тұрғанын білгісі келсе, бірі жоқ іздейді, бірі туғанына, бірі туысқанына бал аштырудан тайсалмайды. Ол өтірік айтып отыр ма, әлде сөздері шындыққа жанасады ма, онымен шаруасы жоқ, бастысы, иланып келген бақсысымағы оған аузы жабылмастан болмашы нәрселерді айта береді, айта береді. Ал оны тыңдап отырған адамның шыдамының шегі жоқтығына қайран қаласың.
Негізінде қырық бір құмалақпен бал ашу тек қазақ елінде ғана емес, Орта Азия, Кавказ, Иран, Үндістан, Корея, Тибет, Жапония және Американың бірқатар елдерінің тарихында, салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінде жиі кездеседі. Тоқтасын Өмірзақов 90-жылдары «Қырық бір құмалақ» деген шағын кітапшасында «41» құмалақтың тегі туралы құмалақшылар мен көнекөз қариялар: «18 мың ғаламда 41 мұсылман елі бар. Осы мұсылман елдерінің санына сай 41 тас алып, Жақып пен Дәуіт пайғамбар құмалақ ашуды дәстүрге айналдырыпты» деп түсінік береді. Бірақ кітап авторы бұл пікірмен аса келісе қоймайтынын да жасырмаған.
ҚҰМАЛАҚШЫ МА, ЕМШІ МЕ?
Техниканы түртіп сөйлететін заманға жетсек те, ескіліктің жұрнағы – бал ашу мен құмалақшыларға Құдайындай сенетін жұрттың әлі де бар екендігіне қала орталығындағы А.Тоқмағамбетов қалалық мәдениет үйінің жанынан өтіп бара жатқанда тағы көзім жетті. Балшылардың көпшілігі әдетте өздерінің сүйікті құралдарына ұсақ тастар мен өсімдіктердің ірі дәндерін қолданады. Сол секілді жылтыр тастарын бір жерге жинап, оны үшке бөліп, күбір-күбір бірнәрселерді айтып, бал ашып отырған апаның жанында бір келіншек отыр. Сірә, отбасылық мәселелермен келген секілді. Өйткені құмалақшылар тілімен айтқанда, «оң қабағы қатыңқы». Әдетте балгерлер мұндай «диагнозды» құмалақ салғызушы ашумен келгенде, үй ішіндегі жанжалдарға болжам жасата келгендерге қояды. Кезекке мен де тұра салдым. Біреудің сөзін тыңдамайын деп, әрірек барып күтсем де, саққұлағым сартылдаған сөздерді ауада қалғыта алмады.
— Отбасың бар ма?
— Бар.
— М-м-м, балаларың жақсы шығар, иә?
— Иә, жақсы, шүкір бәрі.
— Негізі бәрі жақсы болады, бірақ маңдайың қарысып тұр. Ол не нәрсе? Не ойлап жүрсің?
— Иә, сол біздің ойлайтынымыз семья ғой. Басқа не дейсіз?
— Бәсе, саған бір құдайы ас беру керек. Оң жақ бүйірің тоқ, көйлегің көк, жақында бір жаққа барасың ба?
— Иә, ауылға баруым керек.
— Бәсе, негізі бір жерге барасың. Аздап бүйрегің, асқазаның ауырады, ол салқын тигеннен және әр нәрсені ойлап, дұрыс тамақтанбағаннан, — деп денсаулығына да нақтама «тауып» берді.
Онысымен қоймай, «емделуге маған кел, табиғи шөптерден дәрі қайнатып беремін» деп тағы бір жарнамасын жария етті. Мына балгер бәрін өзінен сұрап алды ғой, барлығын өзі айтып беретін болса, несіне келген бұ құмалақшыға? Сөйттім де әлгілердің әңгімесі бітпей тұрғанда қалта телефоныммен әуре болып кете бардым. Таңертеңгілік сол жаққа жол түсіп, кешегі құмалақшының жанымен тағы жүріп көрейін дегем, өкінішке орай, әлі келмепті. Есесіне, жайылған ақ матаның бетіне «қару-жарақтарын» дайындап, тәспісі мен қамшысын да қалдырып, таспен бастырып, екі жағына отырған көрпешелерін қойып кетіпті. Онысы түнімен борап жауған қармен қатып, жылтыр тастары одан сайын жылтырап қалыпты.
СИҚЫРШЫЛАР СҰРҚИЯ МА?
«Япыр-ай» дедім, бір танысым «телефон арқылы барлығын болжап беретін балшы бар» дегенде. Бірде қоғамдық көлікте әмияныммен қоса барлық құжаттарымды жоғалтып, сол балгерге сенушілікпен емес, қызығушылықпен жүгіндім. Қоңырау шалдым. Ұлты басқа ма деп ойладым, тілі шұбарланып: «Әуелі телефонға единица салу керек, әйтпесе, қол жүрмейді», — деді. Содан ерінбей барып, төлем қабылдайтын орындардың бірінен 500 бірлік салып, қайтадан хабарластым. Мән-жайды айтып бердім. Негізінде ол карта арқылы ашады екен, алайда маған телефон арқылы: «Үйіңнен шығып, бір жерге барыпсың. Содан кейін жоғалған. Біреу әкелсе әкеледі, болмаса оңай жолмен қайтарудың тәсілі шығып тұр», — деді. Мақұлдадым да, оған сеніп отыра бермей, құжат қамына кірісіп кеттім. Ешкім құжатты әкелген де жоқ, тіпті хабар-ошар да болмады. Бұл бір ғана жайт, одан кейін қаншама адамның осындай телефон арқылы болжайтын балгерлердің көмегіне жиі жүгінетінін білдім. Айтуынша, айтқандары айна-қатесіз орындалатын көрінеді. Ал менде…
Айтпақшы, заманның қасқырлығы ма, әлде адамның түлкілігі ме, адамдарды арбап-алдауға түсіретін, басына дуа жасату секілді түрлі қара сиқырлармен айналысатындардың жұрнағы әлі де қалмапты. Қызметтің мұндай түрін іздесеңіз, жарнама газеттерден оп-оңай тауып та аласың. Облыстағы сондай белді де беделді басылымдардың бірінен мен де іздеп таптым. Жарнама бағандарының жоғарғы бөлігіндегі шағын қоршаудың ішінде адамның жағасын ұстататын қара сиқырдың түр-түрін жасап беретіні туралы жарнаманы қырағы көзім қалт жібермеді. «ТАРО: астропрогноз на жизнь. Корректировка судьбы по ладони, обряды на повышение благосостояния, карьера, бизнес по фэн-шую, сильнейшая магия «ВУДУ», возврат мужей, жесткий отворот от соперниц, врагов, снятие порчи, проклятие, сглаза, снятие венца безбрачия, обряды на продажу движимого и недвижимого имущества. Лечение травами» деген жарнаманың астында байланыс телефоны да көрсетілген. Осыны оқып болған соң, ең алдымен «магия» сөзінің анықтамасына тоқталғанды жөн көрдік. «Магия – сиқыршылық. Белгілі әрекетке және сөздерге кереметтей қасиет, күш беріп, дәріптеуші діннің ең алғашқы формасы». Яғни осындай күшке ие қара сиқыр жасаушының да, жасатушының да күнәға батары анық. Оқып отырғандарыңыздай, бұл құдіреттің иесі өмірге жорамал жасаудан бастап, қызметтегі өсу, жеке кәсіп, ең күшті сиқыр «ВУДУ», күйеуін қайтару, көңілдесінен, мықты бақталас пен дұшпаннан құтқару, дуадан арылту, қарғыс, көз тию, жылжитын және жылжымайтын мүлікті сатуға жол ашу және шөппен емдеуге дейін жасай алатын сиқыршылар бар екен. Осының ішіндегі ең қауіптісі әрі күштісі – «ВУДУ қуыршағы».
«ВУДУ ҚУЫРШАҒЫ» ҺӘМ ДУА
Естеріңізде болса, өткен жылдың жазында Орал қаласында адам нанғысыз жағдай болған еді. Осы қала тұрғыны Орал-Ақтөбе трассасы бойында келе жатып жол-көлік оқиғасына ұшырайды. Сол сәтте апат орнына жақындау орман арасынан шүберектен жасалған қолайсыз бірнеше қуыршақ тауып алғандығын жергілікті «Уральская неделя» басылымы жазған болатын. Онда Ақтөбеден Оралға қарай бағыт алған көлік жүргізушісі Бекей қыстағының маңында жол жиегіне шығып кетеді. Эвакуатор көлігін күтемін дегенше төңіректі қыдырып қайтпақ болған ол апат болған орыннан шамамен 25 метрдей жердегі орман алқабынан үш біртүрлі қуыршақтарды көрген. Ақ, қызыл және қара түсті қуыршақтардың әлпеті адам көргісіз, ұзындығы шамамен 30 сантиметрдей, оларды апат болған жерге, көше бетке қаратып, ағаштың жоғарғы бөлігіне мойындарынан асып қойған. Бір қызығы, айналаның барлығы шаң-тозаң, бірақ жансыз қуыршақтардың үсті таза, әлі шаң сіңіп үлгермеген. Соған қарағанда олар соңғы сәттерде әкелінген болуы мүмкін. Негізінде мұндай нәрселер африкалық қара сиқыр негізімен қарсыласына зиян келтіру, соған зардап шеккізу мақсатында жасалады. Ал мұның не мақсатпен және кімге жасалғаны белгісіз. Ең қорқыныштысы, дәл қазіргі заманда сырттан кімнің қандай айла жасап жатқанын білмейсің. Қара сиқырдың қара күшіне ие «вуду қуыршағы» сиқырын біреуде өшпес өшпенділігі бар безбүйректер жасатады. Оған адамның тырнағы, шашы, сол адамның иісі, қаны сіңген қолданып жүрген сүлгі, майлығы секілді тұрмыстық заттар қолданылып, бақталасының немесе күндесінің бейнесі жасалады. Одан соң оны магиялық жолмен оқып, бақталасын қинайды. Бірақ қалай? Былай, дуаның құдіреті қуыршақтың бойына сіңген кезде әлгі адамда да психологиялық ахуал өзгереді. Ал ұшы үшкір ине немесе тебенді қуыршақтың қай жеріне қадаса, әлгі адамның сол жері жаншып ауырады. Күндер, жылдар өте ауру тапқан адам сол «жансыз қуыршақтың» кесірінен ажал құшуы да әбден мүмкін. Кім біледі, қанша адамның қарғысқа ұшырап, жансыз бейнесінің қуыршаққа айналғанын?!
Ең бастысы, осы қара сиқырдың құдіретімен айналысатындардың тылсым дүниеден қорықпайтындығы. Ал тыныш, бейбіт деп әспеттеп жүрген өмірдің өзінде теріс жолмен түрлі қара сиқыр жасайтындар мен жасатушылар бар. Ал мұндай бал аштырудың өзі үлкен күнәға батыратыны онсыз да белгілі. Сонда көшеде құмалақ ашып отырғандардың да арасында безбүйректердің бар болғаны ма? Егер расында қолынан көп нәрсе келетін болса, өздері ол жерде неге отыр? Америкалықтарша айтқанда, «Ақылды болса, неге кедей?» демекші, бәрін білген адам осындай жерде отырар ма еді? Бала кезде қолдан жасалған қуыршақпен ойнаушы едік, ал қазір ол қуыршақ бізбен ойнайтын болғаны ғой.
Қара сиқыр жасаушымен
де бір ауыз тілдестік…
— Ало, саламатсыз ба?
— Иә, иә, айта беріңіз, саламатсыз ба?
— Жарнама бойынша хабарласып тұр едім…
— Иә, айта беріңіз, не жасатқыңыз келеді?
— «Кукла вуду» жасатайын деп едім… Ондайды қаншаға жасап бересіз?
— А-а-а, девушка, телефонмен айтылмайды, кездесіп, келісу керек.
— А-а-а, ақшам жете ме, сұрап білейін деп едім ғой.
— Енді сөйлесіп, шамаңа қарай көреміз ғой, ол өте қиын шаруа. Келіп көрсей…
Сіз не дейсіз?
Тұрар ӘБУОВ,
дінтанушы:
— Құмалақ ашушы балгерлер, тәуіптер ібілістің жамағатынан саналады. Оларға баратындар – ой-өрісі таяз, иманы әлсіз жандар. Саналы мұсылманға барлық жақсылықты Алладан ғана сұрау қажет. Мұндай істер шариғатта себебі белгісіз алдау мен қулыққа негізделген іс болып табылады. Сол адамдар шынымен де жол ашатын болса, өздерінің жолын ашып, өзі-ақ байып кетер еді. Бақсы, балгерлерге сену, бару – Алланың алдында үлкен күнә әрі қателік. Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) хадисінде: «Кімде-кім бақсы, көріпкелдерге баратын болса, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды», ал екінші бір хадисте «Кімде-кім бақсы, көріпкелдердің сөзін растаса, ол адам Пайғамбарға түскен Құранға қарсы шыққан болады» дейді. Сондықтан әрбір мұсылман адам олардан аулақ болуы тиіс.
