GREENWORLD.KZ
Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен өткен «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысы жылды қорытындылады.
Ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға ұласып келе жатқан руханияттың алтын қазынасы, мәдени мұра, өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған жанр ретінде жас ақын-жыршылардың тәжірибе мектебі. Осы киелі мұраны насихаттап, талантты жастарымыздың шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі аталмыш республикалық ақындар айтысын өткізді.

3-4 қараша күндері айтыстың іріктеу кезеңіне қатысқан 10 жұптың, яғни 20 ақынның өнерін тамашалап, қазылар алқасының шешіміне сәйкес жартылай финалға 8 ақын (4 жұп) өткен болатын. Айтыстың ақтық мәресіне халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпаздары, «Алтын домбыраның» екі мәрте иегері Мұхтар Ниязов, Серік Қуанған, Еркебұлан Қайназар, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Қазырет Бердіхан, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев қатысты.
Дүбірлі доданың нәтижесінде Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Алтын домбыра» мен республикалық ақындар айтысындағы бас жүлдені Мұхтар Ниязовқа табыстады. Ал 1-орынды Бекарыс Шойбеков, 2-орынды Еркебұлан Қайназар, 3-орынды Серік Қуан иеленді.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еліміздің мәдениет саласына, оның ішінде ұлтымыздың дәстүрлі айтыс өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Дариға Мұштанова, Серік Ыдырысов, Ақмарал Леубаева, Әбілхайыр Сыздықов, Жібек Болтанова «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Аталған дүбірлі доданы әділқазы алқасына көрнекті өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, «Отан», «Құрмет», «Қазақстанның Еңбек Ері» ордендерінің иегері Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Айтысты Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.
Бүгін Сыр елінің халқы арда туған Алаштың ұлы Мұхтар Ниязовты әуежайдан күтіп алды.
- «Алтын домбыраны» менің алып келе жатқаным болмаса, ол — осы Сыр еліне тиесілі. 2012 жылы осы айтыс алғаш ұйымдастырылғанда өзіме серт еткен ем, «Алтын домбыра» Қызылорданың мұражайында тұру керек» деп. Міне сол күнге де жеттік, баршаңызға алғыс, — деді «Алтын домбыра» жеңімпазы М.Ниязов.
Айтыс шарты бойынша бағалы әрі құнды домбыра үш мәрте жеңген ақынның елінде қалады. Осы қағида бойынша Сыр мұражайының қоры «Алтын домбырамен» толықты.
Әлемде және елімізде орын алған эпидемиологиялық ахуалға орай, республикалық айтыс түсірілімі көрермендерсіз өтті. Ал телевизияға арналған нұсқасы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан көрсетіледі.
