• 19/01/2021

Әлем — ортақ

Кәсіпкерлер құрылтайы өтіп жатыр

Автор:Nurbike Qazi

Дек 10, 2020

GREENWORLD.KZ

Маңғыстау және Атырау облыстарының әлеуметтік кәсіпкерлерінің құрылтайы 9 желтоқсанда Ақтауда, 10 желтоқсанда Атырауда өтеді. Құрылтай дәстүрлі түрде аймақтың ең белсенді әлеуметтік кәсіпкерлерін жинайды. Биыл бұл шара онлайн режимінде өтіп жатыр. 60-тан астам қатысушы әлеуметтік кәсіпкерлік (ӘК) туралы заң жобасын, Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жоспарларын, сондай-ақ «Жарқыра» әлеуметтік бағдарламасының өзекті мәселелері мен нәтижелерін талқылайды.

Орталық Азияның Еуразия қоры «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) қаржылық қолдауымен жүзеге асыратын «Жарқыра» әлеуметтік бағдарламасы әлеуметтік бизнеске қолдау көрсетеді. 2020 жылы қаржылай қолдауды 12 жоба алды, оның 8-і балаларға, оның ішінде ерекше балаларға арналған жоба, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша 1 экологиялық жоба, 2 қолөнер шеберханаларын дамыту жобасы және парапауэрлифтинг жобасы. Қаржылық қолдау 31 500 000 теңгені құрады, оның 8 000 000 теңгесі өткен жылдардағы қатысушылардың қайтарған пайызсыз несиелер есебінен қайта инвестицияланды. 

Қолдау көрсетілетін әлеуметтік бизнестің экономикаға тигізер әсері – жұмыс орындардың пайда болуы және қызметтерден мемлекет қазынаға түсетін салықтар. ӘК облыстың 670 тұрғынына қызмет көрсетеді, оның 133-і ерекше қажеттіліктері бар адамдар немесе әлеуметтік осал топқа жататын адамдар. Әлеуметтік кәсіпкерлік 84 қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етті.

«Жарқыра» бағдарламасының әлеуметтік кәсіпкерлері карантинге қарамастан, қаланың COVID-19 пандемиясымен күресуіне көмектесіп, жұмыстарын онлайн режимде жалғастырды. Бағдарламаның финалға өткен төрт кәсіпкері – Арайлым Нұғманова, Гүлбарам Ермұханова, Мира Есниязова және Айгүл Уалиева – еріктілер ретінде пандемияның ең қиын кезеңінде емханалар мен қала тұрғындарына көмектесті.

«Карантин кезінде көптеген әлеуметтік кәсіпкерлер белсенділік танытып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қарт адамдарға азық-түлік және дәрі-дәрмек жеткізумен айналысты. Бізді батырларға теңеді. Мен пандемиямен және оның салдарымен күресуге өз үлесімді қосып, мұқтаж адамдарға көмек көрсете алғаныма қуаныштымын», — деді «Зейін Атырау» директоры Арайлым Нұғманова.

Сондай-ақ, Құрылтай барысында қазіргі уақытта әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң әзірленіп жатқаны, оны қабылдау 2021 жылға жоспарланғаны айтылды. Депутаттарға коммерциялық емес сектордағы сарапшылардың жұмыс тобы көмектеседі, оның құрамына ОАЕҚ өкілдері мен «Жарқыра» бағдарламасының қатысушылары кіреді. ОАЕҚ әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау саласындағы тәжірибесімен таныстырып, әлеуметтік кәсіпкерліктің анықтамасы мен өлшемшарттарына ұсыныстар енгізді, экономиканың жаңа секторына мемлекеттік қолдау көрсететін шаралар ұсынды.

«Заңды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына қатысу біздің бесжылдық бағдарламаның жетістігі деп санаймын. Заңның қабылдануымен әлеуметтік кәсіпкерлік жедел қарқынмен дами бастайды деп үміттенемін, бұл біздің қоғам әлеуметтік, гуманистік тұрғыдан әрі қарай гүлдене түседі дегенді білдіреді», — деп атап өтті бағдарлама директоры Айгүл Тағатова.

ТШО-ның бүкіл тарихында әлеуметтік инвестициялар компанияның тұрақты дамуының бөлігі және іскерлік әдебінің негізі болды. «Әлеуметтік кәсіпкерлік кеңінен таралуы үшін оларға қажетті жағдай жасау қажет болды, сондықтан ТШО Атырау облысында «Жарқыра» бағдарламасын қолдауға шешім қабылдады. 2018 жылы біз жобаның географиялық аясын кеңейттік, нәтижесінде Маңғыстау облысының 5 елді мекенінің тұрғындары да екі жыл ішінде өздерінің әлеуметтік бизнес идеяларын ұсынуға мүмкіндік алды. Бірлескен жұмыс арқасында бүгінгі күні әлеуметтік кәсіпкерлердің өзіміз өмір сүретін қоғамдастықтың ғана емес, сонымен қатар бизнестің белсенді бөлігі болуын қамтамасыз еттік. Олар дамып, жаңа жұмыс орындарын ашады және сонымен бірге әлеуметтік мәселелерді шешеді», — деді Рзабек Артығалиев, Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері.

ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы жергілікті қоғамдастықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жасалған. ТШО Атырау облысының қоғамдастығына екі бағдарлама арқылы инвестиция салады: «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы және Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы (ӘИБ). «Игілік» бағдарламасы әлеуметтік инфрақұрылымды (балабақшалар, мектептер, саябақтар және т.б.) салуға бағытталған, ал ӘИБ стратегиялық маңызды тақырыптық бағыттарда ұзақ мерзімді әлеуетті арттыруды қолдайды. ТШО-да ӘИБ кеңесі құрылған, оның құрамына компанияның әр түрлі бөлімшелерінің өкілдері кіреді. Олар жобаларды таңдауға жауап береді. Кеңес құжаттарды жинау аяқталғаннан кейін жобаларды қаржыландыру бойынша ұсыныстарды қарайды. Басқа бизнес инвестициялар секілді, қауымдастыққа салынатын инвестициялар да тексеруден өтеді, ол инвестициялардың тиімділігі өлшенетін және бағаланатын компоненттерден тұрады.

«Теңізшевройл» ЖШС – шикі мұнай, сұйық және құрғақ газ, сонымен бірге күкірт өндірумен және өткізумен айналысатын қазақстандық компания. Жұмыстардың барлығы қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғау бойынша халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. «Теңізшевройл» ЖШС 1993 жылы Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясы арасындағы келісім негізінде құрылды. «Теңізшевройл» ЖШС-нің қазіргі кездегі серіктестері: «Шеврон» корпорациясы – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 20%, «ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.» – 25% және «ЛукАрко» – 5%.

Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) – аймақта 2005 жылы құрылған қоғамдық ұйым. ОАЕҚ ұлттық және өңірлік деңгейлерде азаматтарға қоғамдық мәселелердің тиімді шешімдерін табу және ілгерлетуге көмектесе отырып, қоғамдық және жеке ресурстарды жұмылдырады. ОАЕҚ Еуразия Қорының қызметін жергілікті институт ретінде жалғастыруда. Еуразия Қоры – 1993 жылдан бері Орталық Азияға 40 миллион доллардан аса қаржат инвестициялаған жеке коммерциялық емес ұйым. http://www.ef-ca.kz сайтынан ОАЕҚ туралы толығырақ ақпарат ала аласыз және қамқоршылар кеңесінің мүшелерімен таныса аласыз.

Фото Маңғыстау медиа сайтынан алынды

117

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *