GREENWORLD.KZ
Бүгінде ұлттық қолөнерді жас ұрпақтың бойына дарытатын, үйрететін қолөнерге байланысты үйірмелер білім беру мекемелерінде де бар. Өнердің – таусылмас азық, жұтамас байлық екенін ескерген «Орда» жоғары колледжінің «Техникалық мамандықтар» бөлімінің ұйымдастыруымен «Білім, ғылым және техника – инновация үштігі» атты апталық аясында «Қолөнер – сырлы өнер» тақырыбымен қолөнершілер көрмесі өтті. Мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлттық өнерді, ұлттық тәрбиені жастардың бойына сіңіру.
- Үйде бала күтімімен отырған соң қандай да бір кәсіппен айналысуды ұйғардым. Таңдауым қолдан түрлі форматтағы сабындар өндіру болды. Нәтижесі жақсы. Тапсырыс болады. Мейрам, мерекелерде сыйлық ретінде ұсынушыларға таптырмас сый десем қателеспеймін, — дейді қолөнерші Олеся Нефедова.

Қолөнер – қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы салаларының бірі. Ғасырлар бойы өнер ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан саланы дәріптеп, оны кейінгі жастарға ұлағаттап қалдыру – бүгінгінің міндеті.
- Қалалық «Сыр шеберлері» тобының мүшесімін. Қолөнермен айналысып келе жатқаныма біраз уақыт болды. Бұған дейін де осы тектес қоолөнершілер көрмесіне қатысып жүрмін. Ұлттық құндылығымызды жоғары қоятын орта болса, неге келмеске? Ежелгі өнердің дамуына өз үлесімізді қосуға әркез дайынбыз, — дейді Лаура Боранбаева.

Қай халықтың болмасын ұлттық мұрасы, халықтың қазынасы – қолөнері. Қолөнер шеберлері табиғаттың әсем көріністерін, ою-өрнектерді, табиғи шикізатты пайдалана отырып, тұрмыстық заттарды да жасаған. Халық шеберлері, ұсталары ағаштан тек үй тұрмысына қажетті бұйымдарды ғана жасап қоймай, оларды әшекейлеуді, безендіруді, көркемдеп қашауды, ағаш бетінде нақышты өрнектер салуды шебер меңгерген.
- Өнердің бұл түрімен ата-бабаларымыз сонау көне дәуірінен бастап айналысқан. Шеберлер ұлттық қолөнерлер бұйымдарын жасау арқылы сол халықтың этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген. Осы ретте «Орда» жоғары колледжінде арнайы шеберлер үйірмесі бар. Көрме барысында осы үйірме қатысушыларының да еңбегі қойылып, зор бағаға ие болды. Мақсатымыз – ұлттық құндылығымызды насихаттау, өнердің бағасы зор, тәлім-тәрбиелік маңызы жоғары екенін жеткізу. Бүгінгі көрмеге ағаштан жасалған бұйымдар, түрлі матадан арнайы тігілген тұрмыстық заттар, моншақтардан тізілген әшекейлер, қолдан жасалған сабындар, тағысын тағы көптеген заттар қойылды, — дейді шара ұйымдастырушысы, «Орда» колледжінің аға оқытушысы, дизайнер Аппаз Жүсіпов.

Шыны керек, ұлттық қолөнерді өткен ғасырда жоғалтып ала жаздадық деген пікірлер айтылады. Егеменді ел болғалы өз мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, рухани сән-салтанатымызды, ырым-наным, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілік, болмысымызды қайта жандандырып, қазақ қолөнері қайтадан ел арасына, білім ордасына бірте-бірте тамаша үлгілерімен енуде. Тіпті жаңа технологияның көмегімен қолөнершілікті ұштастырып отырған шеберлер бар. Солардың бірі – Жазира Рамазан.
Игі шараға өзінің шеберлігімен жасалған бұйымдарды ала келген шебердің жұмыстарына оқу ордасының студенттері қызығушылық танытып, үйрену жолдарын сұрады.

- Жастарға жан-жақты білім мен тәрбие беруге, жаңаша еңбек етуге талпындыруда техникалық мамандықтың ықпалы зор. Өткенді қайта жаңғыртып, жастар тәрбиесіне арқау болып отырған қолөнершілер көрмесі – ортақ әлеуметтік қозғалыс., — дейді колледж оқытушысы, ұйымдастырушы Жадыра Күздібаева.

- Әрине, бұл тың жаңалық емес, десек те жастар арасында өнердің бұл түрін кеңінен насихаттау, үйрету – парызымыз. Бұл да бір тәрбие мектебі десек болады. Бастысы, бүгінгі ұрпақ өзінің ұлттық сезімдерін, өнерін жоғалтпауы қажет, — деген пікірде ұйымдастырушылардың бірі Жансая Маликова.

Асыл қазына, алтын мұра ретінде дәріптеліп келе жатқан қазақтың ұлттық қолөнерінің өміршеңдігін сақтау үшін еңбек етіп келе жатқан қолөнершілер баршылық. Игі өнерді бүгінде кәсіпке айналдырып, түрлі тұрмыстық бұйымдар жасап отырған қолөнершілер қатары көбейіп келеді. Аталмыш шарада қала қолөнершілері өздерінің қолдан жасаған бұйымдарынан көрме ұйымдастырып, келушілерді тәнті етті.
