• 12/08/2022

Әлем — ортақ

Қаржы неге игерілмейді?

Автор:Greenworld.kz

Окт 21, 2021

GREENWORLD.KZ

Қаржы саласындағы «қазан-ошағымыздың» жағдайы мәз емес. Жер Күнді бір айналып соғуға жақын қалғанда бюджеттің «бүйірін» түгендей бастаймыз. Бюджет қаражатын қапшыққа салынған дәнді кеміргіштерден қорғаған секілді тұрақты бақылап отырмасаң, оны да тесіп, «сауып» кететіндер табылады. Кейбірі шелек түбіндегі қаспақты жалағаны үшін жазаланса, түйені түгімен, биені жүгімен жұтқандар сол «кәсіптен» алшақтамай-ақ жүр. Ақыры оңды игерілмейтін қаржыны оң жамбасқа басқысы келер, бәлкім. Өйткені жылда әр министрлік пен жергілікті әкімдіктердің жылап сұрап алған қаржысы толық игерілмей қалады. Қарапайым мысал келтірейікші. Бюджет – сауынды сиыр.

Енді былай. Сауынды сиырды күнде саумасаң, «ол неге сауыл­мады?»,  «неге  саумайсыңдар?», «енді оны не істейміз?», «кім және қашан сауады?» деген сұрақтар қораның айналасын төңіректеп жүреді. Бюджет те тура сондай. Игерілмей қалып жатқан жағдай қазір түк те парадокс емес. Осыған анық көз жеткізу үшін тиісті министрліктердің ресми парақшаларынан соңғы бес жылда «мұрты бұзылмаған миллиард­тар» туралы мәлімет іздедік. Нәтижесі былай, 2016 жылы – 36 млрд, 2017 жылы – 21 млрд, 2018 жылы – 80 млрд, 2019 жылы – 93,4 млрд, 2020 жылы 122 млрд теңге игерілмеген. Себебін конкурстық рәсімдер мен шарттарды жасасу рәсімдерінің ұзаққа созып өткізілуі, төлем құжаттарын ұзақ келісу, атқарылған жұмыстардың актілерін ұсынбау, нақты көрсетілген қызмет, атқарылған жұмыстарға ақы төлеу, сот талқылаулары секілді жайттармен түсіндірген.

ҚР Қаржы министрі Е.Жамаубаевтың мәлімдеуінше, 2021 жыл басталғалы республикалық бюджет шығыстары 99,8, жергілікті бюджет шығыстары 99,7 пайызға атқарылған. Қазан айына дейін 11 трлн теңге шығыс орындалған, атқарылмау сатысында 19 млрд, үнемдеу «қоржынында» 6 млрд теңге тұрса, 13 млрд теңге игерілмеген деңгейде қалып отыр. Оның да басты себептері – «баяғы жартас – сол жартас». Ал жергілікті бюджеттерде 4 млрд теңге мұрты бұзылмаған күйде сақтау­лы. Толғағы жеткен тоғыз айдың ішінде қаржылық бұзушылықтар да болған. Бұл аудиторлық іс-шаралар нәтижесінде анықталып отыр. Ілмек­те Қызылорда облысының да аты бар. Аймақ абыройы үшін істеліп жатқан жұмыстардың қайсысының «өкпесі» дамымай қалды? Әншейінде әкімдер рейтингінде алғашқы үштік, төрттікті бастап тұратын Қызылордада соңғы төрт жылда қандай шикілік анықталды? Сөйт­сек…

… бөлінген бюджет қаражатының және мемлекет активтерінің пайдаланылуында  едәуір  кемшіліктерге  жол  беріліпті. 2017-2019 жылдар аралығында облыс­та жалпы өндірілген өнім көлемінің оң серпіні байқалған. Десек те, ел өңірлері арасындағы бәсекеге қабілеттілік деңгейі бойынша облыстың рейтин­гі соңғы төрт жылда екі сатыға төмендеген және 2019 жылдан бастап 15-орынға тұрақтаған.

Қызылорда облысы республикалық бюджеттен бөлінетін субвенциялар мен трансферттерге өте тәуелді екені рас. Өйткені, негізгі капиталдың басты «көзірі» болған мұнайдың сарқылуы, индустриялық аймақтар ашылғанмен, іске қосылуында кедергіге ұшырауы, ауыл шаруашылығы саласында кездесетін қиындықтар, экологиялық салдардың кері әсері секілді өзекті мәселелер әлі күнге шешімін  таппаған  күйінде  қалып  отыр.

– Аудиторлық іс-шара республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі мен нәтижелілігінің көрсеткіштеріне сәйкес жүргізілді. Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 7288,2 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар, сомасы 18 824 млн теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану анықталды. Сондай-ақ, бюджеттің сапалы және нәтижелі орындалуына әсер ететін рәсімдік сипаттағы бірқатар бұзушылықтар, кемшіліктер мен жүйелі проб­лемалар анықталды, – деп жазылған респуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің ресми құжатында.

Сондай-ақ, аумақты дамыту бағдарламасын (АДБ) іске асыру туралы есептерге сәйкес, 2017-2020 жылдары нысаналы индикаторларға қол жеткізуді талдау 309 жоспарланған нысаналы индикаторлардың 70-іне қол жеткізілмеген. 2017-2019 жылдары қалаларда және ауылдық елді мекендерде су бұруды жүргізуге байланысты АДБ көрсеткіштері де орындалмаған. Одан қалды 2020 жылы ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша көрсеткіш те жүзеге аспа­ған. «Аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жылдан-жылға жақсарып келе­ді, біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп балтаның жүзі сынғанша мақтағанға үйреніп қалған құлаққа жағымсыз ақпараттың жетуі де сенімсіз. Бірақ солай. Арнайы тексеріс нәтижесінде өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы мен аумақты дамыту бағдарламасының арасында орындалған жұмыстардың есептік үйлесімі табылмаған.

– Өңірде соңғы 3 жылда негізгі сыныптар бойынша халықтың өлім-жітім көрсеткіші 1,5 есе өскен. Соның ішінде эндокриндік ауру­лардан 2 есе, тыныс алу органдарының ауруларынан 1,7 есе, жүйке жүйесінің аурула­рынан 1,8 есеге артқан. 2020 жылы нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші 1,3 есе, ана өлім-жітімі 4 есе өскен. Бұл республикалық көрсеткіштен 40%-ға жоғары. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының талаптарын бұза отырып, тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жатпайтын 35 жеке тұлғаға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй берілген. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан тиісті бақылаудың болмауы бес бюджеттік бағдарламаның түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізбеуге алып келген. Сол арқылы 936,6 млн теңге сомасындағы қара­жат тиімсіз пайдаланылған. 2018-2020 жылдары салынған және пайдалануға берілген жалпы құны 2 685,9 млн теңгенің 10 объек­тісі Қызылорда қаласының коммуналдық меншігіне берілмеген, – делінген республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі  есеп  комитетінің  ақпаратында.

Жалпы, аудит қорытындысы негізінде облыс аумағын дамыту бағдарламасының жекелеген көрсеткіштеріне қол жеткізбеу, оның көрсеткіштерін орындау бойынша анық емес есептер ұсыну байқалған. Сондай-ақ, бюджет, салық заңнамасы және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік мүлік туралы заңнама, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы кемшіліктер мен бұзушылықтар анықталды. Бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану кезінде жекелеген бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан мониторинг және бақылау жүргізілмегені өз алдына бөлек әңгіме. Өйт­кені жобалау-сметалық құжаттама құнының едәуір асып кетуінен және жалған құжаттардың болуынан немесе растау­шы құжаттардың жоқтығы бюджеттің негізсіз шығыстарына әкеп соғады. Осыдан кейін бюджеттің бүйірі солқылдап тұрғанын айтпасқа амал жоқ.

Н.ҚАЗИ

119

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.