• 06/05/2021

Әлем — ортақ

Көпшілікте вирус жұқтыру қаупі жоғары

Автор:Nurbike Qazi

GREENWORLD.KZ

Қазір әлем бойынша коронавирус инфекциясына байланысты ахуал күн өткен сайын күрделеніп бара жатыр. Бұл індет біздің өңірімізде де өршіп тұр. Облысымыз «COVID – 19» инфекциясын жұқтыру бойынша қайтадан «Қызыл аймаққа» еніп, карантин талаптары күшейтілді. Осыған орай Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазилов өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді.

 — Сақтыққа салғырт қарағанның нәтижесінде көптеген азаматтар кеселді дерттің тырнағына ілігіп, аурумен алысып жатыр. Медицина саласының мамандары бір жылдан аса уақыт осы кеселмен күресіп келе жатыр. Ауа жетпей, өкпесі қысылған науқастарды көріп, оларды ажалдан арашалау ақ халаттыларға оңайға тиіп жатқан жоқ. Бүгінгі күні өңірімізде індет жұқтырғандардың саны 5794-ке жетті. Облыс бойынша инфекциялық стационарда 430 науқас (жүктеме – 55,8%), реанимациялық бөлімде 39 науқас (жүктеме – 36%) ем қабылдап жатыр, — деді облыстың бас дәрігері.

Тіркелім көбейген тұста инфекциялық төсек-орындар санын да көбейтіп, дер кезінде тиісті ем шараларын жүргізіп келеміз. Өңірімізде 1 сәуірге дейін 215 инфекциялық төсек-орын болса, қазіргі таңда коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың көбеюіне байланысты төсек орын саны 770-ке дейін көбейтіліп отыр.

 — Вакцинациялау жұмыстарына тоқталар болсам, 1 ақпан-3 мамыр аралығында аймағымызда коронавирус инфекциясына қарсы екпені 49 386 адам салдырып отыр. Бетпердені шешіп, бұрынғы өмір қайта келу үшін жалпы аймақ бойынша 371 мың адам коронавирусқа қарсы екпе алуы керек. Қазіргі таңда халықтың 14 пайызы ғана вакцина алып отыр. Бұл әрине өте аз көрсеткіш, — деді С.Пазилов.

Өңірімізге «Спутник V», «QAZVAC»-қа қосымша 5000 Араб Әмірлігінен «Hayat-vax» екпесі келіп отыр. (Анықтама үшін: Қазіргі таңда аймағымызда барлығы 15128 вакцина қалдығы бар. Қала бойынша  — 6039, аудан бойынша — 9089).

«Спутник V» -20 градуста сақтауды талап етсе, «QAZVAC» пен «Hayat-vax» екпелері +2, +8 градуста сақтауды қажет етеді. Сол себепті бұл екпелер тасымалдап салу үшін өте тиімді. Бұл ретте емхана жылжымалы бригадалары халыққа қолжетімді жерлерде, сонымен қатар шалғай ауыл-аймақтарды аралап екпелеу жұмыстарын жүргізуде.

Баршаңызға ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана, қауіпті кеселге тойтарыс бере алатынымызды айтқым келеді. Екпе сізді және жақындарыңызды кеселден қорғай алады. Осыған сену керек, түрлі қауесеттерге құлақ түрудің қажеті жоқ.

Екпе алмас бұрын терапевт маманның қарауынан өтесіз. Яғни, сіздің денсаулық жағдайыңыз толықтай дәрігерлердің бақылауында болады. Алаңдайтын себеп жоқ деп ойлаймын.

Сондай-ақ, баршаңызды күнделікті қарапайым сақтық шараларын сақтауға шақырамын. Бетперде тағып, оны жиі ауыстырып тұру қажет. Қолды жиі сабынмен жуып, антисептик пайдаланыңыздар. Мұнан бөлек, әлеуметтік арақашықты сақтау аса маңызды. Көпшілік жерде коронавирус індетін жұқтырып алудың қаупі өте жоғары.

31