• 07/12/2021

Әлем — ортақ

Сайлаубай Жұбатырұлы, жазушы, эколог: Кіші теңізді көтере алатындай жағдай жасау керек

GREENWORLD.KZ

– Аға, кезінде балығы тайдай тулаған айдынды Аралдың бүгінгі халі қуанарлық емес. Оны сіз де, сала мамандары да, Арал жанашырлары да мәселе етіп көтеріп жүр. Бүгін, рас болса, несібесін сол теңізден айырып отырған ел-жұрт тағы да көшу ниетті көрінеді…

– Өкінішке қарай, бұл айтылған нәрсе шындық ауылынан алыс емес. Кезінде атақоныстан үдере көшкен кей ағайын тірілген теңіз жағасына үкілі үмітте қайта көшіп келе бастап еді. Бірақ соңғы кездегі Сырдария проблемасы және ғалами климат құбылысының бар жүгі тағы да Арал үстіне төнгендей. Теңіз жағасында қосүрей сөз қайта көбейді. Оның үстіне, дария мен теңіз төңірегінде ұсақ-түйек көңілдердің «ойыншығы» секілденген ары тарт та, бері тарт әбігері біраз үміттерді жер етіп, орнықты ойға табан тіреген халық көңілін қалдыра бастаған жайы бар. Осы іспетті жағдайда ағайынның көшу ниетін ести қойғаным жоқ, бірақ «көшеміз бе, болашақ қалай болады?» деген қосүрей әңгіме көбейгені рас… Үміттің өлгені жаман. Кіші Арал үміт оятқан, енді қайтадан, Арал қасіретін тағы да қайталағандай жағдайда, тығырықты сәтті өз қолымызбен орнатып жатқандай бір әрекеттер бар. Сонан да, ел-жұрттың көңіл ахуалы мәз емес.

– Қамбаш пен Ақшатау көлдер жүйесін сақтап қалу үшін аспай тоспасын іске қосты. Бұрмақұлақ арнасы бөгелді. Бұл Кіші Аралға қандай септігін тигізіп тұр?

– Осы ақпаратты дабыралатып, тым белсенді біреулер, «өйткен де бүйткен, отқа басын үйіткен» деген секілді біраз жарнама-жария айтты. Бұған қуанатын еш рет жоқ. «Септігін тигізіп тұр ма?» деп сұрадың, қайдағы «септік», тигізбейді де. Өйткені аспай – өткен ғасырда, көзіне топырақ толмай тоймайтын жұтқын «Қызыл империя» тұтас бір теңіздің «басын жұтып», «енді Арал жоқ, Арал деген төменгі аймақты ұмытыңдар, сондықтан қалған аз суды бөгеп, осылай кәдеге жаратуға ғана болады» деген сұрқия саясатынан туған объект.

Қамбаш – Аралдың мақтанышы. Кезінде теңізді жоқтатпаған. Талай жерде оның мұңын мұңдадық. Ол – Сыр алабындағы ең үлкен табиғи айдын. Басқасы – майда көлдер, жасанды, қолдан жасалған «теңіздер». Әлгі аспай – қалған-құтқан сумен сондай көлдерді сақтап қалу үшін, «Арал өлді» деген нұсқаумен істелген соңғы амал. Дарияда қалған аз суды бөгеп, Қамбашқа, мына беті – Ақшатау, Қотанкөлдерге бергенде, артылған су асып («аспай» мәні сол), төменге сол, кепілсіз қалдық қана жетуі мүмкін. Солай, төменде отырған халық, балықшы ауылдар мен теңіз жайы, кешегі күні, тағдыр талауына тасталған. Енді бүгін сол амалға қайта оралғанымызды дабыралатып, қуанудың қажеті жоқ. Қамбаш үшін, амалдың жоқтығынан істелген іс. САРАТС жобасында «Мырзас» шлюзі қарастырылған. Сол жүзеге асып, Қамбаш орта деңгейде ғана демеліп, Аралға мейлінше көп су босатылуы ендігі жаңғырған сана талабы болады. Осыны жүзеге асыруға біршама уақыт керек болып тұр…

Жоғарыдағы «шолақ» әрекетті дәреже көрмей, біздің талмай айтып келе жатқан Сыр бойы жағдайы, ондағы үлестік суды алу жолын ел болып іздеу керек еді. Әрине, Алла тағаланың бір жылы көл, бір жылы шөл, биыл су тым аз болды. Қалай болғанда да, Сырдағы су бөлуді әділетті жолға қоюға қол жеткізу керек. Көп мәселенің, ел мен жер мәселесінің дұрыс шешімі сонда.

– Егін науқаны аяқталған тұста, «Кіші Аралға су барды» деп жар салып едік. Қазіргі жағдай мәз емес секілді.

– Иә, солай, тамыздың орта шенінде «Шардара» күріштікке су беруді тоқтатқан соң, дария толысып, ел кәдімгідей қуанған. Не айтары бар, осы күні сөз де алдаушы, соған орай, табиғат та алдаушы болды ма, шалқыған дариямыз көп ұзамай сылқ түсіп, баяғы таз қалпына қайта оралды. Бұрын күз келгеннен көктемге дейін шалқып-тасып жататын. Соның өзі аз молшылық емес еді, теңізге де, көлдерге де молынан жететін су еді. Қазір бұрынғы сол көрініс жоқ. Вегетациялық кезең бітсе де, дарияда бұрынғыдай шалқу су көрінбейді. Өйткені, барлығы жанталасып, ендігәрі су көрмейтіндей, қойма-хауыздарын толтырып жатыр. Осылайша дарияның қыстық ағынына да нәубет келді. Өзбекстанның жеріндегі Сыр үстіне салынған 29 су қоймасын көзім көріп отырған жоқ. Ал «Көксарай» су реттегіші туралы кезінде талай дабыл қақтық. Уақытында ескертіп те айттық, бұл нысан екінші су қоймасына айналмасын, ол – тек кері су реттегіш қана, ол Сырдың апатты жағдайында ғана ашылу керек, басқа уақытта дария суында «жұмысы болмасын» дедік. Жоқ, «Көксарайды» көре-көзге екінші «Шардара» су қоймасына айналдырып отыр. Енді төменгі жұрт «жазда «Көксарай» бізге су береді, егінімізді сонымен суғарамыз» деп, бұған да құлақкесті түрде ауыз ашуға көндікті. Ендігі құлдық психологияны өзіміз осылай қалыптастырып отырмыз. Қазір «Көксарайдың» негізгі міндетін ұмыттық.

«Сыр бойындағы күріш егістігінің көлемін азайту» бастамасы – тәуекелді болса да, өмірлік мәні бар, прогрессивті шара. Кешегі Ресей-көршімен президенттердің басқосуы кезінде Жайықтың, Еділдің, онан өзге, Балқаштың, Іленің бойын қызғыштай қорғаған жұрт экология талабын алға шығарып жатқанына тағы бір көз жеткіздік. Сонда олар егіс қадірін түсінбейтін, «нан жемейтін» халық па?.. Ал біз «күріштен айырылсақ, аштан өлеміз» деген кешегі құлдық психологиядан айырылатын түріміз жоқ… Сырдың аяғы, теңіз бетте су молшылық болса, биылғыдай қуаңшылық жағдай болмас па еді? Айналып келгенде, салауатты экология – өзіміздің жейтін нанымыз, халықтың денсаулығы, сенімді болашағымыз, толымды өміріміздің қамы екенін парықтайтын уақыт жетті ғой!

Қазір күн салқындады, дарияда әлі су жоқ. Сонда Сырдың атақты Жиделібайсын қалыңы, жасыл алабы не болмақ? Жаз бойы малға сая өріс тоғайының халі нешік болады? Көктемде дария тасып, алабын бір шайып өтуі табиғаттың өз тынысы еді ғой. Ол болмаса, түбі «дария» атты құр арнаны ұстап қаламыз-ау. Бұл – бұл ма, біздің көреріміз, бұдан да сорақы – қуаңшылық, құрғақшылық, өлкеміздің шөлденуі болуы мүмкін. Қазіргі Сырдарияның бет алысы осы жағдайға меңзеп тұр. Мейлі, мен қателесейін, бірақ тенденция жақсы емес.

Түркістан жеріндегі Шошқакөл жүйесін суға толтырамыз деп, Түркістан-шаһарды Венеция етеміз деп, көршілер қабағат жұмыстар жүргізіп жатыр. Төменгі жақта мал қырылып, жұт нышаны шаң беріп, жұрт әуре-сарсаң болып жатқанда, іргелес ағайынның бұл әрекеті – келеңсіздіктен басқа түк те емес. Осындай кезде, ең болмаса, республика көлемінде өзіміздің сөзіміз жететін жағдайда, Сыр бойындағы ағайынның тұтас мүддесі ескерілуі керек қой! «Сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсын» деген, тек бір жаққа ғана бұра тартқан ұсақ саясат ағайынға, қазаққа жайыз ба еді?!. Елдік пайымымыз қайда?!. Қаратаудың өзінен 7 млрд текше метр су өнеді, бұл аз көлем емес. Осының өзі енді, мына түрімен, Түркістан жерінен артылып, Сырға жетпейтін сыңайлы. Ол – ол ма, Сыр Қаратауға қарай «бұрыла», кері ағып жүрмесін енді. Осыған абай болайық!

– Кеше ғана ІV Халықаралық экологиялық конгресс өтті. Одан хабарыңыз бар ма? Арал өңірінің тумасы, «Тұран ойпаты – Арал теңізі» ҚБ-нің өкілі Нұртуған Тұржанов сол жиында баяндама жасап: «Кейбір деректерге назар аударсақ, Кіші Арал теңізі бойында 20 000-ға жуық адам балықшылықты  кәсіп етіп күн көруде екен. Десек те жоғарыда «САРАТС-2» жобасы жүзеге асады деген үмітіміз жойылып бара жатқандығын жасыра алмаймыз. Себебін түсініп болу мүмкін емес. Кейбір арам пиғылды топтардың Арал теңізі астындағы мұнай, көмір, темір, титан, т.б. сияқты табиғи байлықтарға теңізді құрғату арқылы қол жеткізу үшін халыққа әдейі жасап отырған істері ме дерсің» депті. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?

– «Нөмірі» нешінші екенін білмеймін, бірақ Аралға қатысты бір жиналыс өткенін есіттім. Арал деп айтылған сөзді көп деуге болмайды, айтылуы керек. Тек, сөз бөлек, нәтиже «нөл» болып қала бермесін де…

Арал ауданында шамамен 80 мыңға жақын тұрғын бар, қайта көшіп келіп жатқан халық бар. Теңіздің бір бүйірін «басып» отырған Қазалы ауданының халқын да ұмытуға болмайды. Сондықтан ол жердегі нәпақасы мен несібесін теңізден айырып отырған халық 20 мың емес, одан бірнеше есе көп деу лазым.

Популизм деген бар. Өзінше шындық айтамын деп, керісінше, айқын мақсатты тірліктерді бос көп сөздің бұрқасын-тозаңымен бүркемелеу деген болады. Мен жарты ғасырдан астам сойылын соғып жүрген мәселе – ел-жердің жағдайы. Ел-жер деген – өте үлкен сөз, оның ішінде нақтысы – Арал. Осы тақырыптағы айтылған әр уәж қысыр сөз түрінде уақыт алмай, Аралдың «бір жыртығы» болса да жамауға жараса екен деп үміттеніп отырамын. Өкінішке қарай, сөзде нақты дән, әрекеттерде нәтижелілік аз…

– «САРАТС жобасы мұрат еткен Кіші Арал идеясы өліп бара жатыр ма? Бұл қалай? Үкіметтің қитұрқы саясаты ма?» деген сөздер де айтылды…

– Әр жұмыстың әсте-әсте реті бар. САРАТС жобасы күн тәртібінде. Бөлінген 1,5 млн доллар грантпен жұмыс істеліп жатыр. Міне, осыған ізгі ниетті күштер нақты әсер етуі керек. Транспаренттік принципінде, істеліп жатқан жұмыстың жариялылығы жөнінде нақты мәліметтер талап етіп, елдің көкейтесті сұранысын ұсынып, жүзеге асыртуға қарымды ықпал жасау керек. Міне, нағыз патриоттық, адал, айқын ниеттердің қимылдайтын «майданы»! Халық үміт артып отырған Кіші Арал теңізіне қандай жағдай жасалатынын осы бастан қадағалау керек. Бір деңгейлі, екі деңгейлі теңіз деген де әңгіме шығып жатыр. Бұл жерде Кіші Аралдың қасына көз етіп кішкене су апарып қою деген – бос әңгіме. Тұтас Кіші теңіз болмаса, Арал қаласы маңына тоған су жасау мәселесінің тіпті де қажеті жоқ. Сондай ұсақ ниеттер өтіп кетпесін!

Иә, кепкен теңіздің түбінде алтын да, титан да, мұнай да болуы мүмкін. Соған бола теңізді түгелдей құртып, Кіші Аралды да жойып, соны пайдаланғалы отыр деген мәселені бейберекет айтуға болмайды. Бұл – салмақты ой, байыпты көзқарасты қажет ететін үлкен мәселе. Азаматтық қоғам мен мемлекеттік билік арасында мәміле болу керек. Мұндай көзқарас онсыз да жанын шүберекке түйіп отырған халықтың көңіл күйін жер ете беруі мүмкін. Әзірге, «әр кәллада – бір қиял», сөздер селкеу-селкеу, бірлік, нақты мақсат жолына келу жоқ. Кіші Аралды 18 «жілікке» бөліп, пайда сауғандар әліптің артын бағып ғана отыр. Оларда теңіз үшін күресте не моральдық, не материалдық қолдау деген жоқ. Ал теңіз тірілсе, пайдасына бірінші ұмтылатын солар… Үлкен моральдық, саяси мәселенің бірі – осы…

Сонымен, мен мынадай болжамды қорытындыға келіп отырмын. Кіші Аралдың тағдыры шешілу үстінде. Осыған ел-жұрт сауатты, конструктивті саяси күш ретінде араласса, құба-құп болар еді. Ұлы теңіздің ахуалы мүшкіл, бірақ оған түгел сексеуіл егу мәселесіне мен де қарсымын. Жалпы, ғаламдық мәселелерді шешіп жатқан халықаралық күштер мен көп миллиардтар иелері бар бүгін. Соларға жол тауып, шешімін келтірсе, ешқандай шөп те, сексеуіл де теңіздің табиғатын ауыстыра алмайды. Теңізді қайтып әкелетіндей жол іздеу керек және оның жолдары бар. Технологияның даму тенденциясы көрсетіп отыр, тек ізденіс керек. Мұның төркіні – инвестиция, ол да саналы, жақсы идеяға, айқын жоспарға келетіні анық.

Қазіргі нақты мақсат – Кіші теңізді толымды 50 метрлік деңгейде көтере алатындай жағдай жасау керек. Түптеп келгенде, дарияға қатысты қазіргі елдік шаралардың бәрі маңызды: күріштікті қысқартып, төменгі жақтың үлесті суын көбейту керек. Аралға Солтүстіктен су келтірудің амалын жасау керек. Мен Үкіметтің алдына мынадай ұсыныс қойып отырмын: солтүстіктен Тұран өлкесіне су келтіретіндей мүмкіндіктер бес-он жыл шамасында ашылады. Дария екеуі қосылса, Кіші Аралымыз шалқып толатын жағдай болады. Осы бағытта қимылдау керек.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге алғыс айтамыз.

99

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *