GREENWORLD.KZ
Бүгін ақын, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанова Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде қонақта болды. Білім ордасындағы Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының оқытушыларымен және студенттерімен кездесіп, жас оқырмандарымен ой бөлісті.
Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жалпыхалықтық оқуға іріктелген үздік 30 шығарманың қатарында Сәуле Досжанованың «Қасірет пен тағдыр» романы бар. Семей ядролық полигонының қасіретінен сыр шерткен, небір қилы заманды қазақ халқының қайсарлықпен бастан кешіргенін кейіпкерлері арқылы суреттеген қаламгер туындысын бей-жай оқу мүмкін емес. Осы ретте Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3-курс студенті Нұрдәулет Елдес аталмыш кітап ерекше әсерге бөлеп, мазмұнды ой түйгенін айтты. Сондай-ақ автордың адамзатқа қайғылы қасіретті табиғат күйімен байланыстырып, суреттеуді шебер қолданғанына тоқталды. Мәселен, зардабы ауыр оқиға болардан бұрын табиғаттың да адамзатпен қатар ауыр күрсінгенін қызғалдақтардың қара түске боялып, өңінің қашуы арқылы бейнелегенін атап өтті. Осылайша жас оқырманы белгілі жазушы Сәуле Досжановадан қанат бітіретін рухты қайдан алатындығын сұрады.
Кездесу қонағы Сәуле Досжанова «Рухты Алаш арыстарының құнды еңбектерінен аламын», — деп жауап берді. Өмірдің күрестен тұратындығын, тіпті әрбір сәтіміз күреске толы екендігін тағы бір мәрте еске түсіріп, өзінің басынан өткен оқиғасын мысалға келтірді. Сәуле Досжанова әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика мамандығына оқуға түсуге бес рет талпыныс жасап, соңында ғана мақсатына жеткенін жасырмады. Ол жастарға қандай жағдай болса да, «Ешқашан берілмеңдер», «Ешқашан рухтарыңды жоғалтпаңдар», — деп кеңес берді. Кездесуге қатысушылар шығармаларына қайраттылық пен табандылықты арқау еткен автордың өз өмірі де осындай қасиеттермен астасып жатқандығынан хабардар болды.
Белгілі жазушы «Ауылдан шыққан миллионер», «Қасірет пен тағдыр» секілді бірнеше кітаптарын университет кітапханасына сыйлады.
Өз кезегінде Гуманитарлық-педагогикалық институттың директоры Сағат Тайман мен Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі Ақерке Жолмаханова рухани кеш сыйлаған белгілі жазушы Сәуле Досжановаға алғысын білдірді.
Кездесу студенттердің кеш қонағымен еркін пікір алмасуымен қорытындыланды.
Гауһарай Есімова,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дің оқытушысы
