Бір үйдегі қос…
GREENWORLD.KZ
Арнайы бетіміздің тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен сұхбаттасудың сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәтижесінде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, болмысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәрігерлер отбасына түсті. Ерлі-зайыпты стоматологтар Сұлтан Асанов пен Әсел Ералықызын көпшілік қауым жақсы біледі. Олар – дәрігерлер династиясын 170 жыл еңбек өтілімен жалғап келе жатқан қара шаңырақтың иелері.
— Әңгімеміздің басын таныстықтан бастасақ…
Сұлтан:
— Менің аты-жөнім – Сұлтан Мейрамбекұлы, 1985 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Қаладағы №12 орта мектепті аяқтап, 2003 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің стоматология факультетіне оқуға түстім.
Әсел:
— Мен негізі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының тумасымын. Кейіннен Алматы қаласына көшіп келіп, сонда тұрақтадық. Тарихы терең, шежіреге бай Сыр елінің келінімін. Аты-жөнім – Әсел Әділбекова. Жолдасым екеуміз құрдаспыз. 2003 жылы мектеп қабырғасын бітірген соң бала күнгі арманым бойынша С.Асфендияров атындағы Қазақ ҰМУ-ға стоматология факультетіне құжат тапсырып, сол мамандықты игеріп шықтым.
— Қалай таныстыңыздар? Алғаш танысқан сәтте ортақ болашақ күтіп тұр деген ой болды ма?
Әсел:
— Біздің таныстығымыз арнайы ұйымдастырылмаған. Екеуміз де бір факультетте, бір топта оқыған соң араласып-құраласып, дос болдық. Арада екі жылдан астам уақыт өткен соң ғана бір-бірімізге жақын екенімізді сезіндік. Сөйтіп жоғары оқу орнын 2008 жылы аяқтаған соң отбасын құрдық, бірге жұмыс істедік. Қазір Алланың берген перзентін тәрбиелеп отырмыз. Жолдасым Алматы қаласында «Халық» тіс емханасында, Алматы облысы Ішкі істер департаменті емханасында қызмет етті. Өзім де осы салада еңбек етумен қатар бала тәрбиесімен айналыстым.
— Екеуіңіз де халыққа танымал стоматолог-дәрігерсіздер. Халық өздеріңізді дәрігерлер отбасы ретінде таниды. Сіздерден бөлек, медицина саласында жұмыс істеген, істеп жүрген жақындарыңыз туралы бірер сөз…
Сұлтан:
— Иә, мұныңыз рас. Әкем Мейрамбек Асанов – Қызылорда облысына еңбегі сіңген бет-жақ хирургі. Облыстық медициналық орталықта жұмыс істеді, қазір облыстық көпбейінді балалар ауруханасында білікті дәрігер. Анам (марқұм) Күләш Ахметова да өмір бойы педиатр болды. Әпкем Ботагөз хирург, жолдасы кардиолог, кіші әпкем Қаракөз кардиолог, ал оның жолдасы терапевт болып қызмет етеді. Олар Алматы қаласында тұрады. Бір қызығы, ата-анам да, әпкелерім де, біз де – Алматыдағы ҚазҰМУ-дың түлектеріміз.

— Сіздерді «дәрігерлер династиясы» десек те жаңылыспайды екенбіз. Отбасы мүшелерінің жалпы медицина саласындағы еңбек өтілі қанша жыл?
Сұлтан:
— Негізі мамандық игеруді адамның ең басты құндылығы, болашақ бағдары деп білемін. Сол құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтай алудың өзі – абырой. Бұл ретте біздің отбасы мүшелеріміздің дәрігерлер екенін аймақтағы медицина ұйымдарының қызметіне жүгінушілер жақсы біледі. Ал отбасы мүшелерінің медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі 170 жылды құрап отыр.
— Тіс емдеу саласында жүргендеріңізге қанша жыл болды? Халықтың тіс емдетуге құлқы қандай?
Әсел:
— Бала кезден дәрігер болуды армандағаным, бертін келе мақсат етіп қойғаным бар, өз мамандығыма қызығушылығым зор. Медицина университетіне түскендегі қуанышым – өз алдына бөлек әңгіме. Әлгінде айтып кеткендей, жолдасым Сұлтан екеуміз ірі мегаполис саналатын қалада да халыққа қызмет көрсеттік. 2013 жылы отбасылық жағдайға байланысты Қызылордаға толықтай көшіп келдік. Содан бері отбасылық кәсібіміз «АС-МЕД» тіс емдеу орталығының жұмысын жандандырудамыз. 11 жылдық тәжірибесі бар стоматолог ретінде тістің кез келген күрделі асқынуын емдейміз. Негізі халықтың сұранысы бар, бірақ өте асығыс, тез емдеткісі келеді. Біз өз жұмысымыздың сапалы әрі сенімді шығуы үшін асығыстыққа жол бере алмаймыз.
— Отбасында бала тәрбиесіне қалай мән бересіздер? Балаларға жеткілікті уақыт бөліп жүрсіздер ме?
Әсел:
— Қазақтың мақалы бар «Атың жаман болса, қырың кетер, Балаң жаман болса, арың кетер» деген. Жұмысбасты болғанмен, бала тәрбиесін ақсатып алмауға тырысамыз. Ананың алақанын айдындай көретін балаға әкенің мейірімі де ауадай қажет. Сол себепті тәрбиені бірге жүргіземіз, бос уақытта серуенге шығамыз, бассейнге, мұз айдынына, кинотеатрға апарамыз. Баланы тәрбиелеу үшін ата-ана алдымен өзін тәрбиелеуі керек. Өйткені бала әке мен шешенің айтқанын емес, олардан көргенін істейді. Украиннің әйгілі балалар жазушысы Василий Сухомлинскийдің «Адамға өзінің аналық немесе әкелік міндетін сезінуді жөргекте жатқан кезде-ақ үйрете беру керек» дегені бекер болмаса керек.

— Балаларыңыз өскенде өздеріңіз секілді дәрігер болуды армандай ма? Мамандық таңдауда ата-ананың балаға ықпал жасағаны дұрыс деп ойлайсыздар ма?
Сұлтан:
— Мәселен, мен ата-анамның дәрігерлік жұмыстарына қызығатынмын. Мамандық таңдауыма мүмкін осы жайт ықпал етті ме, бір жағынан балалық арманның жетелеуі де бар. Әйтпесе, мені «дәрігер бол» деп күштеген ешкім жоқ. Осы күні қыздарымыз өзіміз секілді стоматолог мамандығын оқимыз деп жүр. Әлі мектеп оқиды, сонда да мамандық таңдауларына кірісіп жүр. Баланың болашағы олар өмірдің үлкен даңғылына жеткенше ата-ананың мойнында деп ойлаймын. Кей жағдайда ықпалдың жетегіне ерген жастар алған білімі негізінде емес, мүлде басқа салада еңбек етіп жүреді. Яғни, бұл ретте мәселенің екі ұшы бар. Біріншісі – баланың болашағына бейжай қарамай, мамандық таңдауына ықпал ету, екіншісі – ата-ана өз мақсатына бала арқылы емес, баланың мақсатына жетуі үшін таңдауды өзіне қалдыру.
— Соңғысы – біздің дәстүрлі сұрақ. Бала санына келгенде есепке әлде қазақы менталитетке жүгінесіздер ме?
Әсел:
— «Бала – өрісің» дейді. Отбасындағы бар қызық – балалардың қуанышы. Сол қуанышымызды еселеуде ешқандай есепке жүгініп көрген жоқпыз. Алланың аманатына адал қараймыз.
— Уақыт бөлгендеріңіз үшін алғыс айтамыз!
