• 21/09/2021

Әлем — ортақ

Құжатсыз адамға вакцина салына ма?

GREENWORLD.KZ

Әлемде вакциналау науқаны қызу жүріп жатыр. Дегенмен, әр істің тарқатылмаған түйіні болады. Мұнда да «көлеңке» түсіп тұрған мәселе бар. Айталық, қазір құжатсыз адамға ешқандай құқықтық та, медициналық та, әлеуметтік те көмек көрсетілмейді. Бұл дәл осы екпе егу науқанында өзекті мәселелердің алдыңғы қатарында.

БҰҰ Босқындар істері жөніндегі басқармасының ресми мәліметіне сүйенсек, дүние жүзінің 94 елінде 4,2 миллион адамның азаматтығы жоқ. Сондықтан қазір олардың көпшілігінде «COVID -19» вакцинасын алуға мүмкіндігі жоқ.

Ұйым сарапшыларының айтуынша, көптеген елде азаматтығы жоқ адамдарды иммундаудың нақты жоспары жоқ. Екі ел мұндай адамдарға вакцина алуға мүлдем тыйым салды. Кейбір елде олар, әсіресе пандемиядан туындаған экономикалық дағдарыс жағдайында көпшілігінің қалтасы көтермейтін екпе үшін қалтасынан төлеуге мәжбүр.

 — Азаматтығы жоқ адамдарға пандемияның әлеуметтік-экономикалық әсері ауыр болса да құқықтық мәртебесінің болмауына байланысты тестілеуден, емдеуден және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізе алмады, — дейді БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі басқарма қызметкерлері.

Санаққа да енбейді

Әдетте, азаматтығы жоқ адамдар «азаматтық хал актілерінде немесе ұлттық санақ мәліметтер базасында болмайды. Олардың жеке басын куәландыратын құжаттарының болмауы оларды билікке «көрінбейтін» етеді, — деп түсіндіреді халықаралық қорғау бөлімінің басшысы Джиллиан Триггс.

Айтпақшы, азаматтығы жоқ адамдар қамауға алынудан немесе депортацияланудан қорқады, сондықтан медициналық немесе басқа көмекке жүгінбейді. Бұл жай ғана айтып қоятын нәрсе емес, өйткені олар қауіпті кеселге шалдыққан жағдайда өзгелерге де қауіп төндіреді. Қазірдің өзінде коронавирустық инфекция штаммы мың құбылып тұрғанда бұл қауіп екі есе арта түседі. Осы ретте БҰҰ БЖБ барлық ел билігін өз территориясында тұратын барлық адамға екпе егу үшін қолдан келген шараларды жасауға шақырады. Әсіресе төлқұжат немесе жүргізуші куәлігі сияқты дәстүрліден басқа баламалы сәйкестендіру нысандарын қабылдауға шақырады.

Құжатсыздар Қазақстанда да жүр

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айында ҚР Ішкі істер министрлігі құқықтық мәртебесін айқындау және құжаттандыру мақсатында құжаттары жоқ адамдарды анықтау жөніндегі республикалық акция ұйымдастырды. Нәтижесінде 3 мыңнан астам адам жеке басын куәландыратын құжаттарын алды. Олардың көпшілігі Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл және Түркістан облыстарының тұрғындары. Сондай-ақ, ҚР ІІМ Көші-қон қызмет комитеті ағымдағы жылдың алты айында елімізде көші-қон заңнамасын бұзған 13,5 мың дерек тіркеген.

 – Азаматтығы жоқ адамдарды анықтау – әлемдік проблема. Мұны тексеруге және анықтауға көп уақыт кетеді, — деген еді ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Шешім қандай?

 — Вакцина алған кезде ол азаматқа қатысты жеке мәлімет базаға енгізіледі. Аталған тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі болуы шарт. Осы орайда жеке куәліксіз вакцина алу мүмкін емес. Яғни, ол вакцина алған азаматтардың есебіне кірмейді. Сондықтан да азамат алдымен жеке құжатын реттегені абзал, — дейді ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов Ортком қызметінде өткен брифинг барысында.

БҰҰ сарапшылары кей елдердің әмбебап вакциналау стратегиясын қабылдағанын мысалға келтірді. Яғни мәртебесіне қарамастан, барлық адамдар екпе салдыра алады. Олардың арасында Испания, Португалия, Түркіменстан, Ливан, Кувейт және Иордания бар.

26

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *