• 21/09/2021

Әлем — ортақ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуіне қатысты

GREENWORLD.KZ

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан кездесудің ерекше екенін атап өтті. Осы уақыт аралығында мемлекеттеріміз қалыптасып, әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді және мәдени-рухани мұрамызды жаңғыртты, — деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, біз иық тіресе, бір-біріміздің табыстарымызға қуанып, қиын кезеңдерде өзара қолдау көрсетіп келеміз. Солай болуы – заңдылық. Бізді ғасырлар бойы қалыптасқан тарихымыз, рухани жақындығымыз, ортақ салт-дәстүрлеріміз байланыстырып келеді. Мемлекеттер басшылары Консультативтік кездесуінің форматы аймақтың ынтымақтастығына тың серпін береді. Нұр-Сұлтан мен Ташкентте өткен саммиттердің нәтижесінде байланыстарымыздың тұрақты, дәстүрлі, ең бастысы, өзіндік сипаты қалыптасты. Аймақтағы ынтымақтастықты арттырудың негізі – жоғары деңгейдегі сенімді диалог, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың нығая түскенін атап өтті. Бірлескен кәсіпорындардың саны артып, өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ірі жобалар іске асырылып келеді.

– Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымы соңғы бес жылдың ішінде бір жарым есе артып, 4,6 миллиард долларды құрады. Жүйелі диалог және үйлесімді іс-әрекеттер – ортақ мәселелерді шешудің тиімді әрі баламасыз тетігі, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, әлем елдері күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Ауғанстандағы қазіргі жағдай ерекше алаңдатып отыр. Коронавирус індеті жағдайды одан сайын ушықтыруда. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кезеңде Орталық Азияда тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақ елдері бірлесіп әрекет етуі тиіс деп санайды.

– Елдеріміз арасындағы тауар айналымын арттыру, оның құрылымын жақсарту және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейту бойынша жұмысты жандандыру қажет. Қазақстан Орталық Азия елдеріне экспорттық тасымалды 1 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайта алады. Мұндай қор аймақтың басқа да елдерінде бар екеніне сенімдімін. Орталық Азияның көлік дәліздеріне интеграцияланған тауар өткізудің бірыңғай желісін құруда күш жұмылдыруды ұсынамыз. Бұл көтерме-бөлу және агрологистикалық орталықтардан тұратын жаңа инфрақұрылым тауарларымызды Еуразия экономикалық одақтың, ТМД және үшінші мемлекеттердің нарығына шығаруға мүмкіндік береді. Маусымаралық кезеңде өз нарығымызды да ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге жағдай жасайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы табысты серіктестіктің үлгісі ретінде Қазақстан мен Өзбекстанның ортақ шекарасында құрылған «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев президенттерді аймақтық экономиканың стратегиялық маңызды салаларына инвестиция тарту үшін күш-жігерді біріктіруге шақырды.

Президент ұлттық экономикаларды инновациялық-цифрлық платформаға ауыстыру дамудың баламасыз жолы деп атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанда өнеркәсіпті, энергетика, көлік және әлеуметтік салаларды цифрландыру, «ақылды» қалаларды дамыту жобалары белсенді жүзеге асырылып келе жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аймақ мемлекеттері Азия мен Еуропаны байланыстырушы көпір рөлін атқарып отыр. Бұл ретте, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін біртіндеп дамытуда. Одан бөлек, «Қытай – Еуропа – Қытай» трансқұрлықтық бағдарының қазақстандық бөлігінің әлеуеті нығайып келеді.

– 2025 жылға дейін екінші жолдардың құрылысы аяқталып, «Достық – Мойынты» теміржол учаскесі толықтай электрмен жабдықталады. Нәтижесінде аталған бағыттың өткізу мүмкіндігі бес есе ұлғаяды. Жобаға 2 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы салынады. «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолы да үлкен мүмкіндіктер береді. Елдеріміз үшін Парсы шығанағы мемлекеттеріне шығудың қысқа жолы осы. Жыл сайын аймақтағы жүк тасымалы артып келе жатқандықтан Трансазиялық теміржол магистралінің оңтүстік дәлізін дамыту қажеттігі туындап отыр. Мысалы, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін іске қосу жүк тасымалы мерзімін 1,5 есе қысқартады. Оңтүстік Азия нарықтарына жол ашатын «Мазари – Шариф – Кабул – Пешавар» теміржолы құрылысы жобасының келешегі бар деп есептейміз. Қазақстан және Түрікменстан айлақтары қуатының әлеуеті зор, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Соңғы үш жылдың ішінде Транскаспий бағыты арқылы өтетін контейнерлердің легі 13 есеге артты. Қазақстан Ақтау айлағының базасында әлемнің озық операторларын тарта отырып, «контейнерлік хабты» ашуды жоспарлап отыр (Cosco, Maersk, CMA CGM және т.б.). Еліміз аймақ ішінде көлік коммуникацияларын дамыту мақсатында өзара тиімді ынтымақтастық жасасуға әзір.

– Өзбекстанмен арадағы жаңа жобалар белсенді түрде пысықталып жатыр. Ең алдымен, «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықтағы теміржол құрылысы туралы айтып отырмыз (жоба құны шамамен 70 миллион АҚШ доллары). Бұдан бұрын «Бейнеу – Ақжігіт» автожолының құрылысы аяқталған болатын. Аталған бағыт арқылы өзбек серіктестерімізге Құрық және Ақтау айлақтарына шығатын қысқа жол ашылды. «Түрікменбашы – Гарабоғаз – Қазақстанның шекарасы» автомагистралінің әлеуеті зор. Осы бағдар Түрікменстанмен арадағы жолаушы және жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Орталық Азиядағы көлік коммуникацияларын дамыту барлық елдердің ішкі жалпы өнімін 15 пайызға арттыруға жағдай жасайды. Бұл – ауқымды қор. Осы ретте, күш-жігерімізді біріктіре отырып, аймақтың көлік байланысын арттырып, дәліз жағдайын жақсартуымыз қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы су ресурстарымен қамтамасыз ету мен аймақтың био және экожүйесін сақтауды Орталық Азиядағы негізгі мәселенің бірі ретінде атап өтті.

– Біз қазірдің өзінде климаттың жаһандық жылынуы салдарын судың азаюы мен құрғақшылық арқылы көріп отырмыз. Бұл, әсіресе, Сырдария бассейнінде ерекше сезіліп отыр. Кейінгі екі жылдағы вегетациялық кезеңде Шардара су қоймасына жиналатын су көлемі 40 пайызға, Кіші Арал теңізіне келетін су мөлшері 60 пайызға азайып кетті. Трансшекаралық өзендер ресурстарын тиімді басқару мен алдыңғы қатардағы технологиялық шешімдерді енгізу үшін бірлескен су саясатын енгізу маңызды. Біздің өзара іс-қимылымыз тараптардың мүддесін ескерген және өзара міндеттерді толықтай орындайтын, тең дәрежеде қолдану принципі негізінде жүзеге асуы тиіс. Су – Орталық Азия елдерінің арасын ашудың басы емес, керісінше, біріктіретін ресурс болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Баяндамада коронавирус пандемиясы сынағы кезінде халықтарымыздың бірлігі мен бір-біріне деген көмегі туралы айтылды.

– Қазақстан достық пен ынтымақтастық аясында бауырлас мемлекеттер мен халықтарға барынша көмек көрсетті және жәрдемдесе де береді. Ғылыми-зерттеу саласында жинақталған тәжірибемізбен бөлісуге де әзірміз. Түрікменстан Президентінің вирусология және эпидемиология орталығын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Шын мәнінде, осы салада ғылыми ынтымақтастықты күшейту маңызды. Жақында қазақ вакцинасы Қырғызстанға жіберілді. Ресейлік «Спутник-V» вакцинасын өндіру де жолға қойылды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық қылмыс сияқты сынақтардың сақталып отырғанына тоқталды.

– Бірлігімізді бекемдеп, бір-бірімізбен болмашы бәсекелестікке жол бермеуіміз қажет. Бұл мәселеде ХХІ ғ. Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көрші, ынтымақтастық жөніндегі Келісімге тез арада қол қоюдың маңызы артып келеді. Тараптардың жуық арада осынау тарихи келісімге қол қоюға дайын болуын құптаймыз. Халықаралық аса маңызды мәселелерде барынша ортақ ұстаным білдірсек, әлемдік қауымдастыққа келісім тапқан ортақ тәсілімізді көрсетер едік. Халықаралық алаңдардағы бәсекелестік ұлттық мүдделерімізге қайшы келеді, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.  

Алдағы уақытта бауырлас халықтарды жақындата түсуде мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдар маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы туыстық байланысты сақтап, күшейту және мәдени-гуманитарлық күн тәртібін жаңа мазмұнмен толықтыру жөніндегі пікірін айтты. Сондай-ақ Қазақстан білім саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді қолдайды.  

– Көңіл бөлуді қажет ететін тағы бір сала – елдеріміздің жастары арасындағы байланысты дамыту. Тереңде жатқан тарихи қарым-қатынасымызды сақтап қалуда жастарымыз маңызды рөл атқарады. Студенттер алмасуды кеңейтуді, олардың жақсы білім алуға ұмтылысын жан-жақты қолдауды, Орталық Азия азаматтарының Қазақстандағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуына квота көбейтуді маңызды деп есептейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Барлық ұсыныстар аймақтағы мемлекеттер мен халықтардың мүддесі жолында жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдете түсуге деген шынайы ниеттен туындағаны айтылды.

– Біздің басты мақсатымыз Орталық Азияны тұрақты, экономикалық жағынан дамыған, өркендеген өңірге айналдыру. Достық, тату көрші әрі өзара сенім негізінде барша қиындықтарды еңсеріп, алға қойған игі мақсатымызға қол жеткізе алатынымызға сенемін, – деп сөзін қорытындылады Мемлекет басшысы.

Консультативтік кеңесте, сондай-ақ, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азиядағы арнайы өкілі Наталья Герман сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

65

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *