• 24/07/2021

Әлем — ортақ

Атырауда 100 мың бекіре шабағы Жайыққа жіберілді

Автор:Nurbike Qazi

Июл 17, 2021

GREENWORLD.KZ

Бүгін Атырау қаласы маңындағы Томарлы ауылында орналасқан «CASPIAN ROYAL FISH» фермасының тоғанында 3-10 грамға дейін өсірілген 100 мың бекіре шабағы, атап айтқанда, сүйрік (стерляд) деген түрі Жайыққа жіберілді, деп хабарлайды Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі.

Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, бұл – фермадағы үш тоғанның тек бірінен ғана алынған шабақтар. Нақтылап айтқанда, Маңғыстау облысының табиғат пайдаланушыларымен келісімшарт жасалған болатын. Соның ішінде, «Актау-Балык LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жайық өзенін өз есебінен балықтандырып отыр.

– Біз осындай шаралар арқылы өңірдегі су айдынын бекіре тұқымдас балық қорымен толықтыруға үлес қосып жатырмыз, – деді басқарма басшысы бізбен әңгімесінде. – Зауыт ашылған 2014 жылы Башқұртстаннан 15 мың бекіре тұқымдас балық әкелінді. Польшадан орыс бекіресінің 100 мың дана уылдырығы алынып, зауыттағы бассейндерде өсірілді. Алты жылда бұл балықтардың салмағы 8-9 келіге жетті.

Жалпы, зауытта бағалы балықтың төрт түрі – орыс бекіресі, сүйрік, қорытпа мен сібір бекіресі өсіріледі. Арасында үш-бес жылдық балықтар да кездеседі. Серіктестік ұжымы балыққа қажетті жемді Польшадан алдырып отыр. Себебі, бассейндердегі тұйық суда өсірілетін балық үшін сапалы азық қажет. Рас, жем Қазақстаннан да, көршілес Ресейден де табылады. Алайда, сапасы төмендеу болып тұр.

– Біздің фермамен тығыз жұмыс жасайтын табиғат пайдаланушылар – «Жумамуратов К.Е.», «Шабаров В.А.», «Самаров А.В.», «Инвалиды войны в Афганистане», «Микор», «Розенко В.В.», «Толқын», «АН-групп», «Колесник С.В.», «Таушық ауыл шаруашылығы», «Батыс Мунай Транс», «Исатай Оперейтинг Компани» және «Актау балык компани» мекемелері. Бүгін осы мекемелер мен жергілікті балық шаруашылығы басқармасының өкілдерінен құрылған комиссия мүшелері шабақтардың санын есептеп, қабылдап алды. Содан соң, арнайы тұрба бойымен су ағызу арқылы Жайыққа жіберді, – дейді «CASPIAN ROYAL FISH» фермасының бас балық өсірушісі Ахат Ниматов.

Біз мамандардан өзенге жіберілген шабақтардың тек бір пайызы ғана ересек жасқа жетіп, толыққанды уылдырық шашатынын білдік. Өйткені, олардың бір бөлігі жыртқыштардың жемтігіне айналса, тағы бір бөлігі әуесқой балық аулаушылардың құрығына түсіп қалады екен.

«Жалпы, сүйріктің салмағы бір жылда небәрі 20-30 грамға жетсе, келесі жылы 200 грам жинайды. Сөйтіп, төрт-бес жыл дегенде барып уылдырық шаша алады. Ал, балық өсіру бассейндерінде олар үш жылдың ішінде өсіп-жетіледі. Себебі, табиғи жағдайда су салқын болатындықтан, балық белсенді қоректене алмайды. Сәйкесінше, өсу қарқыны да бәсеңдейді. Ал, арнайы кешенде су температурасы қысы-жазы бірқалыпты, яғни, 22-25 градус болады. Сондықтан, тез өсіп-өнуге мүмкіндік мол. Теңізде су ащы, өзенде тұщы болатындықтан, сүйріктің табиғи ортасы – Жайық болып саналады» дейді бас балық өсіруші.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ,

Depti.kz

50

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *