ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Сабит Пазиловпен бірге көпбейінді облыстық балалар ауруханасы базасындағы «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығына барды.
Ол сөз сөзінде биыл бекітілген ұлттық жобалар аясында облыста бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған 27 объект салынып, 4 аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланғандығы мен одан бөлек, ауылдық жерлерге келетін медицина мамандарын әлеуметтік қолдау мәселелері шешілетінін жеткізді.
Сондай-ақ, Премьер-Министр Қызылорда қаласында перинаталдық орталық салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді жеделдету қажеттігін атап өтті.
Ағымдағы жылдың 5 қаңтарында ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығы тәулік бойы 60 төсекке есептелінген. Орталық стандартқа сәйкес арнайы емдік медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Орталықта бассейн, гидрокинезиотерапия блогы, гидромассаж жүргізуге арналған ванна, қозғалыс бұзылыстары бар науқастардың церебральды сал ауруына арналған жеке рәсімдерді жүргізуге арналған құрғақ эмирсиялық ванна жұмыс жасайды.
Сондай-ақ, иммунитеті төмен жиі ауыратын балалар үшін тұз бөлмесі мен шунгит бөлмесі ұйымдастырылған.